Қоғам

Елордада Volunteer Fest тимбилдинг-байқауы өтті

Елордада Dopșý Arena алаңында Халықаралық волонтерлер күніне орай Volunteer Fest тимбилдинг-байқауы өтті. Ерекше форматтағы іс-шараны «Астана жастары» ЖРО қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен ұйымдастырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Куест-сайыстарға қаладағы 50 волонтерлік ұйымның белсенділері қатысты. Командалық сегіз кезеңнен тұратын ойындар қатысушылардың бірлігі мен көшбасшылық қасиетін дамытуға, өзара қолдауды нығайтуға бағытталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба волонтерлердің басын қосып, әлеуметтік бастамалар саласындағы әріптестікті күшейтуге мүмкіндік береді.

«Астанада 70-тен астам волонтерлік ұйым жұмыс істейді. Біздің басты мақсатымыз – олардың арасында достық қарым-қатынасты нығайту, тәжірибе алмасу және бейресми жағдайда ынтымақтастықты кеңейту. Volunteer Fest шарасы төртінші рет өтіп отыр, алайда спорттық форматта алғаш рет ұйымдастырылды. Волонтерлердің өзі мұндай формат мықтыларды анықтап қана қоймай, эмоциялық серпін береді деп атап өтіп отыр», – деді «Астана жастары» ЖРО жастармен жұмыс және құқықбұзушылық профилактикасы бөлімінің басшысы Арайлым Сапарәлі.

Volunteer Fest жеңімпаздары мен белсенді қатысушыларына бағалы сыйлықтар, алғыс хаттар және естелік сыйлар табысталды.

«Волонтерлік – мейірімділік. Белсенді волонтерлерді көрген жастар да жақсылық жасауға ұмтылады. Біз үшін команда нығая түсетін, әркім жанындағы адамның қолдауын сезінетін осындай тимбилдингтерге қатысу маңызды. Бұрын мереке концерт түрінде өтетін, ал биылғы спорттық формат маған ерекше ұнады. Спорт адамдардың басын қосып қана қоймай, үлкен энергия береді», – деді экологиялық ұйымның «күміс» волонтері Бахытгүл Торамиева.

Сайыс жеңімпаздарына марапаттарды мәслихат депутаттары және Астана қаласының Қоғамдық кеңес мүшелері табыс етті.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button