Мемлекеттік қызметшілер арасында дөңгелек үстел өтті

Мемлекеттік қызметшілер арасында дөңгелек үстел өтті
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласының Білім басқармасында «Білім беру саласындағы заманауи мемлекеттік қызметші» тақырыбында мемлекеттік қызметшілер арасында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шараның мақсаты мемлекеттік қызметшілердің кәсіби әдебі мен жауапкершілігін арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, мемлекеттік қызметтің қоғам алдындағы беделін нығайту және заманауи мемлекеттік қызметшінің рөлі мен құндылықтарын талқылау болды.

Іс-шараны Астана қаласы Білім басқармасы әкімшілік бөлімінің басшысы Эльмира Дулатбекқызы жүргізді. Өзінің кіріспе сөзінде ол мемлекеттік қызметшінің қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді байланысты қамтамасыз етудегі маңызды рөліне тоқталып, адалдық, ашықтық, кәсібилік және азаматтарға бағдарланған қызмет көрсету қағидаттарының маңызын атап өтті.

Дөңгелек үстелге Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің өкілі Әлия Смағұлова, Астана қаласы әкімдігінің Психологиялық қолдау орталығының басшысы Гүлмира Қапанова және Білім басқармасының мемлекеттік қызметшілері қатысты.

Әлия Бегалиқызы «Мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жаңашыл өзгерістер» тақырыбында сөз сөйлеп, мемлекеттік қызмет саласында жүзеге асырылып жатқан реформалар мен заманауи басқару тәсілдері туралы ақпарат берді. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа бастамаларға тоқталды.

Іс-шараның тәжірибелік бөлігінде Гүлмира Қадырбайқызы мемлекеттік қызметшілерге арналған «Мемлекеттік қызметшінің эмоционалдық тұрақтылығы мен кәсіби күйіп кетудің алдын алу» тақырыбында тренинг өткізді. Қатысушылар эмоционалдық жүктемені басқару, күйзеліс жағдайларымен жұмыс істеу және кәсіби мотивацияны сақтау бойынша пайдалы кеңестер алды.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар пікір алмасып, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.

Жиында заманауи мемлекеттік қызметші жоғары кәсібилікке ие, жауапты, бастамашыл, халықпен тиімді коммуникация орната алатын, этика талаптарын сақтайтын және қоғам мүддесіне адал қызмет ететін тұлға болуы тиіс деген ортақ пікір айтылды.

Іс-шара соңында өз жұмысына жауапты, білікті мемлекеттік қызметшілер марапатталып, ұйымдастырушылар тарапынан алғыс білдірілді.