«Ата – Әке – Немере» теннис турнирі өтті

«Ата – Әке – Немере» теннис турнирі өтті
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада Әкелер күніне орай Алматы аудандық Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «Ата – Әке – Немере» атты теннис турнирі өтті. Іс-шара отбасы құндылықтарын дәріптеу, ұрпақтар сабақтастығын нығайту және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Турнирдің ашылуында Алматы ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Нұргүл Талғатқызы қатысушыларды мерекемен құттықтап, әкенің отбасы мен қоғамдағы ерекше рөліне тоқталды.

«Әке – отбасының тірегі, балаларына бағыт-бағдар беретін асыл тұлға. Отбасылық құндылықтарды сақтап, оларды келер ұрпаққа жеткізу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Әр шаңырақта береке мен бірлік орнап, ұрпақтар арасындағы байланыс нығая берсін. Осындай игі бастамалар мен спорттық шаралардың қатары арта түссін», – деп ізгі тілегін білдірді.

Жарыс барысында қатысушылар өздерінің спорттық шеберліктерін көрсетіп қана қоймай, отбасы мүшелері арасындағы сыйластық пен татулықтың ерекше үлгісін танытты. Бір команда құрамында бірнеше буын өкілдерінің өнер көрсетуі турнирдің мән-маңызын арттырып, ерекше әсер сыйлады.

Турнир қорытындысы бойынша:
• І орын – Жүкеновтер отбасы;
• ІІ орын – Хасеновтер отбасы;
• ІІІ орын – Рахымбековтер отбасы.

Сонымен қатар, белсенді қатысқаны және отбасы құндылықтарын насихаттауға қосқан үлесі үшін екі отбасы Алғыс хаттармен марапатталды.