Құсбегіліктің қыр-сыры

Құсбегіліктің қыр-сыры

Бұрын мұндай кітап шықты ма, жоқ па білмеймін. Бүгін қолға тиген осынау ірі еңбектің аты – «Қазақтың құсбегілік өнері». Сыртқы мұқабасында сұңғыла талант Энхтөр Баярсайхан салған суреті бар. Түн түбінен түріліп шығып келе жатқан ұстын һәм құс көтерген ғұнның елесі. Авторы – Бекен Қайрат. Аталған кітап Абай облысы әкімдігінің қолдауымен жарық көрген.

Санаты – самұрық құс қанатына жазылған тәңіриатты құсни тәпсір, арығы сүңі сайын даланың сағымды түземін түренге айналдырған – салбуырын Х-ХІІ ғ.ғ. ширегінде өте-мөте күш алған саятшылық мұраның сарынды сүгіреттің (дала галереясы) іздері жатыр. Саятқа мінетін аттың 20 сыны болатынын да оқуға                           болады! 

Қазақтың ойшылдарының бірі, философ Мәшһүр Жүсіп Көпей тербеген тегеурінді құс­тың шеңгелін қағани алақанына қондырған хан Абылайдың қырандарынан кейінге шегініп, сонау ежелгі сарықайысты садақ асынған көк түрік, Күлтегіннің күлберіне зерленген алтын қыранның сұлбасына қарай тереңдей тартады.

Тауыриһат қойнауындағы бағзы заттар мен тас балилердің бетіндегі бәдіздер, құсқа ұқсас зерлерінен көз сүріндірудің өзі өзгеше. Қазақ құсбегілерінің түр-түсінен ортағасырға дейінгі майдан тауыриһатын көреміз. Қазірде ұмыт болған қамарғы мен қансонарда ер-тұрманның қалбырын қаққылап, ен даладан із кескен атауларды әуелгі әулетті атам қазақтардың әлқиссалы ғұмырынан соңғы Әлкей Марғұландардан түгендеп, толтыра «томағасын» сыпырады.

Бекен Қайраттың бекер қаламгер, жай ғана жазарман еместігін бүркіттің ұшу мәнерін үкілеп, зерттеуінен көруге, тіпті жаңадан сезінуге де болады. Осы күнгі жасынды дрондардан мүлдемге бүркіттің ұқсас аражігін көргендей ойланып қаласың... Марқұм Ілияс Есенберлиннің құндылықтарын ақтарған әккі сарапшының шебер де жанкештілігі тіптен бөлек. Бүркітті қолға (тұзақ, шырға, тоят) түсіру, үйрету, түлету, баулудың (томаға, тұйықбау, биялай, тұғыр, балдақ, жемқалта, құндақ т.т.) нетүрлі тәсілдері қандай? Осы сараптаманың ең кереметі шәулі қырандардың өзін он шақты түрлерге бөліп қарайды, талдайды.

Сұраған РАХМЕТҰЛЫ, 

ақын