Елордадағы Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының ашылғанына биыл 15 жыл

Елордадағы Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының ашылғанына биыл 15 жыл
фото: Астана қаласының әкімдігі

Елордадағы Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының ашылғанына биыл 15 жыл толды. 2011 жылы есігін айқара ашқан орталық бүгінде мыңдаған астаналық баланың екінші үйіне, талантын шыңдайтын үлкен өнер мен ғылым ошағына айналды. Ғимарат іші жыл өткен сайын жаңа технологиямен толығып, заман ағымына сай үйірмелер ашылып келеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Мұнда келген бала өзін ғарышкер, ғалым, танымал өнерпаз сезіне алады. Сарайда заманауи зертханалар, жұлдызды аспанды бақылауға арналған обсерватория және 3D-технологиялармен жабдықталған зәулім планетарий жұмыс істеп тұр. Жас таланттардың өнерін шыңдауға арналған 400 орындық драма театры мен 300 орындық зәулім концерт залы бар. Оған қоса, заманауи медиаорталық, кітапқұмарларға арналған оқу залдары, ғарыш ғылымдары сыныбы мен Әл-Фараби атындағы ақпараттық-виртуалды орталық балалардың игілігіне жұмыс істейді. Ғимаратта қысқы бақ, 264 орындық форум зал, жеңіл атлетика және баскетбол залдары, күрес пен тенниспен айналысуға арналған залдар, халықтық, спорттық-балдық және қазіргі заманғы би сабақтарына арналған залдар, қазақ халық аспаптары оркестріне арналған кабинеттер, театр, хор студиялары, көркем галерея, мұз айдыны және жүзу бассейні бар. Оқушылар сарайының директоры Раушан Кушибаеваның айтуынша, орталықтың басты миссиясы – баланың бойындағы жасырын жатқан талантын ашып, өзіне сенімін арттыру.

«Біздің ең басты мақсатымыз - Астананың әрбір баласы өз қабілетін шыңдай алатын ерекше орта қалыптастыру. Оларды қоғамға бейімдеп, сыни ойлауға, топпен жұмыс істеуге баулимыз. Ұлы ойшыл әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы» деген сөзін ту етіп, болашақ көшбасшыларды тәрбиелеп шығаруды көздейміз»,- деді Раушан Кушибаева. Оқушылар сарайының ұстаздары мен шәкірттері жыл сайын толайым табыстарға қол жеткізіп, қала мен ел абыройын асқақтатып келеді. Әсіресе, өткен оқу жылы спортшылар үшін олжалы болды. «Жеңіл атлетикадан өткен халықаралық дүбірлі додаларда оқушыларымыз Нұртас Серікұлы алтыннан алқа тақса, Саида Омарова қола жүлдені қанжығасына байлады. Павлодар төрінде жасөспірімдер арасында өткен хоккейден Қазақстан Республикасының чемпионатында «Тастүлек» командасы қарсыластарынан басым түсіп, жеңімпаз атанды. Алматы қаласында ашихара каратэден өткен республикалық дода да жас спортшылар үшін триумфқа айналды. Оқушылар Әлинұр Құдайберген, Амели Досова және Григорий Илянин қарсыластарын шаң қаптырып, тұғырдың ең биік сатысына көтерілді», – деді директор.

Оқу жылы аяқталғанымен, Оқушылар сарайында өмір тоқтап қалмайды. Жазғы демалыста мұнда «Балалықтың бойтұмары» атты үлкен жазғы академия өз жұмысын бастайды. Балалардың жазғы демалысын қызықты әрі пайдалы өткізу үшін бірнеше бағыттағы лагерьлер ұйымдастырылған. Олар шығармашылық пен ойын-сауыққа бейімделген дәстүрлі жалпы дамытушы лагерь, болашақ бағдарламашылар мен робототехниктер үшін мамандандырылған IT-лагерь, жас спортшылар үшін футбол лагері, шешендік өнер мен сыни ойлауды дамыту үшін дебат лагерілері. Сарай басшылығы жазғы демалыста балалар тоқырап қалмауы керек деп есептейді. Оқушылар сарайы жаңа оқу жылында балаларды бұдан да қызықты бағдарламалармен қарсы алуға қазірден дайындықты бастап кетті.