Ықыласты ынтымақтастықтың жаңа белесі

Ықыласты ынтымақтастықтың жаңа белесі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Коштаның шақыруымен Брюссельге ресми сапармен барды. Сапар аясында Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Коштамен және Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйенмен келіссөздер жүргізді. Сондай-ақ Қазақстан Президенті Бельгия Премьер-министрі Барт де Вевермен кездесіп, ынтымақтас­тықтың келешегін талқылады. Президент Сауда және экономикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі еурокомиссар Марош Шефчовичпен, Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Эдуардс Стипрайспен және Еуропалық инвестициялық банктің вице-президенті Марек Морамен кездесу өткізді. Ресми сапар барысында Мемлекет басшысы Бельгияда тұратын отандастарымызбен жүздесіп, ірі еуропалық компаниялар жетекшілерінің қатысуымен өткен «Қазақстан – ЕО» дөңгелек үстелінде сөз сөйледі.

Бельгияда тұратын отандастармен кездесті

Брюссельге ресми сапармен барған Президент Қасым-­Жомарт Тоқаев қазіргі уақытта Бельгияда білім алып, жұмыс істеп жатқан Қазақстан азаматтарымен кездесті. Мемлекет басшысы әңгімелесу барысында отандастарымызды жаңа Конс­титуцияның қабылдануымен құттықтады. «Жалпыхалықтық референдумда халқымыз бір­ауыздан, біртұтас қоғам болып Конституциямызды қолдады. Өте керемет құжат, 1 шілдеде күшіне енеді. Ата заңымыз халқымыздың темірқазығы болады. Сондықтан баршаңыз­ды шын жүректен жаңа Конс­титуцияның қабылдануымен құттықтаймын» деді Президент.

Сонымен қатар Президент шетелде білім алып, жұмыс істеп жүрген отандастарымызға қолдау білдірді. «Елімізге сіздер сияқты білімді, көзі ашық, көкірегі ояу жастар қажет. Қай жерге барсам да жастарға қолдау білдіріп жүремін. Шын мәнінде, бұл жай айтыла салған сөз емес. Жастарға қолдау көрсету – мемлекеттің ұзақмерзімді саясатының бір бөлігі. Жастарымыз әлемнің әр түкпірінде білім алып, еңбек етуде. Мен Президент ретінде мұны қолдаймын. Себебі қай жерде жүрсеңіз де, қазақ болып қаласыз. Біз озық, дамыған, әділетті ел болуымыз керек. Осындай елдің негізін қалау үшін бәріміз бір ел, бір халық болып атсалысуымыз керек» деді Президент.

Бельгия – ЕО-дағы басты серіктесіміз

Мемлекет басшысы Бельгия Премьер-министрі Барт де Вевермен кездесті. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бельгия Премьер-министрі Барт де Вевер екі ел ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен перспективасын талқылап, саяси диалогты нығайту, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамытуға айрықша назар аударды. Мемлекет басшысы Бельгияны Қазақстанның Еуропалық Одақтағы басты серіктестерінің бірі ретінде атады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, экономикалық ықпалдастықтың қарқыны бұдан да зор әлеуетке ие. Бельгия Қазақстан экономикасына қаржы құйған 10 жетекші инвестордың қатарына кіреді. Соңғы 20 жылда аталған елден келген тікелей инвестицияның жалпы көлемі 15 миллиард долларды құрады. Өзара сауда айналымы да тұрақты түрде өсіп келеді. Оның көлемі былтыр 580 миллион доллардан асты. «Қазақстанда Бельгия капиталының үлесі бар 110-нан астам компания жұмыс істейді. Бұл өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға деген ортақ ұмтылысымызды аңғартады. Танымал бельгия­лық компаниялар біздің елдің нарығына көптеп келіп жатыр» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Премьер-министр Барт де Вевер екі ел арасында саяси диалог деңгейі жоғары екенін атап өтті. Ол Бельгияның екіжақты қарым-қатынасты одан әрі тереңдетуге және стратегиялық серіктестік аясын кеңейтуге ниетті екенін мәлімдеді. Тараптар көлік-логистика, аса маңызды минералдар, мұнай химиясы, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, цифрлық трансформация, жасанды интеллект және қаржы салаларындағы бірлескен инвес­тициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін қарастырды. Бұдан бөлек, ғылым және білім беру саласындағы ықпалдастық, әсіресе, университеттер, зерттеу орталықтары мен технология­лық компаниялар арасындағы серіктестікті ілгерілету перспективасы пысықталды. Мемлекет басшысы орайлы сәтті пайдалана отырып, Бельгия Королі Филиппке және Королева Матильдаға ізгі сәлемін жолдады. Президент екіжақты қатынастар тарихында алғаш рет Король Филипптің биыл Қазақстанға жасайтын мемлекеттік сапарына айрықша мән беретінін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Барт де Веверді өзіне қолайлы уақытта Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Премьер-министр шақыруды ықыласпен қабыл алды. Сондай-ақ тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Ынтымақтастық тарихындағы ең жоғарғы белес

Мемлекет басшысы Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Коштамен және Еуропалық Комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйенмен келіссөздер барысында Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы байланыс екіжақты ынтымақтастық тарихындағы ең жоғары деңгейге жеткенін атап өтті. «Өзара сенім мен құрметке негізделген біздің қарым-қатынасымыз шынайы стратегиялық сипатқа ие болды. Мен Брюссельге сан қырлы ынтымақтастығымызды мүдделеріміз тоғысқан барлық салада тереңдету мақсатында келдім. Жаңа ғана қол қойылған маңызды келісім мен меморандумдар – ықпалдастықты одан әрі нығайтуға бейіл екеніміздің айқын дәлелі. Бүгінгі келіссөз қорытындылары Қазақстан-Еуропа қарым-қатынасының жаңа кезеңіне жол ашады деп сенемін» деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен ЕО арасында аса жоғары деңгейдегі тұрақты саяси диалог жолға қойылғанын айтты. Сондай-ақ еліміздің аймақта бірінші болып ЕО-мен Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойып, ратификациялағанын еске салды. Мемлекет басшысы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамытуға айрықша назар аударды. «Бүгінде ЕО Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық серіктесі саналады. Еуропалық компаниялар экономикамыздың түрлі саласына зор үлес қосып келеді. Олардың табысы еуропалық бизнестің Қазақстанға деген сенімін байқатады. Біз Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы сенімді серіктесі болғанымызды мақтан тұтамыз. Сондай-ақ еуропалық инвесторлар үшін тұрақты әрі тартымды инвестициялық климат жасауға ұмтыламыз» деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика байланыстарын нығайту мәселелеріне тоқталды. Атап айтқанда, Президент Транскаспий халықаралық көлік бағдары (Орта дәліз) және ЕО-ның Global Gateway бастамасын ұштастыру перспективасына назар аударды, сондай-ақ еліміздегі бірқатар ірі көлік-инфрақұрылым жобасына еуропалық серіктес­тердің қолдау көрсетіп отырғанын жеткізді. Президент Қазақстанда айтарлықтай мол қоры бар аса маңызды шикізат материалдары саласы ынтымақтастықты дамытуға кеңінен мүмкіндік береді деп санайды. Еліміз өңдеу өнеркәсібіне, технология трансферіне және бірлескен өндірістік жобаларға еуропалық инвестиция тартуға ниетті. Мемлекет басшысы Қазақстанның Еуропалық Одақпен энергетика, соның ішінде атом, цифрлық трансформация, ауыл шаруашылығы, су қауіпсіздігі және климат күн тәртібі секілді бағыттарда ықпалдастықты одан әрі арттыруға мүдделі екенін растады.

Қасым-Жомарт Тоқаев серіктестіктің тағы бір маңызды саласы ретінде білім беру, ғылым, мәдениет және азаматтар арасындағы қарым-қатынас сияқты гуманитарлық өлшемдерді атады. «Қазақстан Erasmus+, Horizon Europe және басқа да білім беру мен зерттеу бағдарламалары аясындағы ынтымақтастықтың артып келе жатқанын жоғары бағалайды. Біз алдағы уақытта да еліміздің университеттері мен еуропалық жоғары оқу орындары арасындағы әріптестікке қолдау көрсетеміз. Қазақстан Horizon Europe бағдарламасы аясындағы қауымдастырылған ел мәртебесін иеленуге ниетті» деді Мемлекет басшысы.

Президент визалық режимді жеңілдету және реадмиссиялау туралы келісім жобалары бойынша келіссөздердің аяқталғанына ерекше ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Қазақстандағы саяси жаңғыру бағдарламасына дәйекті түрде қолдау көрсеткені және еуропалық тараптың басқару, инновация мен орнықты экономикалық даму салаларындағы озық тәжірибелерімен бөлісуге әзірлігі үшін ЕО жетекшілеріне алғыс айтты. Бұдан бөлек, ­Қасым-Жомарт Тоқаев өңіраралық серіктестікті нығайтудың нақты тетігіне айналған «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» диалог платформасы маңызды рөл атқаратынына тоқталды.

Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Кошта Мемлекет басшысына ілтипат танытып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапар қарсаңында Euronews ресурсында жарияланған мақаласымен мұқият танысқанын жеткізді. Оның айтуынша, материалда Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытудың үш негізгі басымдығы айқындалған. Атап айтқанда, орнықтылықты нығайтуға, өзара байланысты кеңейтуге және азаматтар үшін тың мүмкіндіктерге жол ашуға ден қойылған. Бұл қарым-қатынастың ортақ күн тәртібіндегі Брюссельдің ұстанымдарымен үндеседі. Еуропалық Кеңес Президенті Қазақстанның географиялық орналасуы, бірегей тарихы мен мәдениеті Еуропа мен Азияның арасына көпір бола алатынына назар аударды. «Қазақстан өзара көлік байланысын қамтамасыз етуде басты дәліз саналады. Транскаспий халықаралық көлік бағдары – осы бағыттағы ынтымақтастықтың табысты мысалдарының бірі. Әрине, қазіргі уақытта цифрлық технологиялар шешуші мәнге ие болып отыр. Сондықтан білім беру, ғылыми зерттеулер мен инновацияларға инвестиция құю өте маңызды. Бүгінгі көпполярлы әлемде екіжақты қарым-қатынасты да, өңірлік деңгейдегі байланысты да дамытуымыз қажет. Біз Орталық Азия елдерімен ықпалдастықты жалғастыруға шын мәнінде бейілміз» деді Антониу Кошта.

Ал Еуропалық Комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйен­нің айтуынша, Кеңейтілген серіктес­тік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғаннан бергі он жыл ішінде өзара сауда көлемі екі еседен асқан. «Мұның өзі көп жайтты аңғартады. Сонымен қатар түрлі саладағы әлеуетіміз әлі де мол. Біз сауда қатынастарын, соның ішінде ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыруға мүдделіміз. Бұдан бөлек, өзара тауар айналымы мен инвестицияға тың серпін беру мақсатында сауда-саттықтағы кедергілерді еңсеру мәселелерін бірлесіп талқылауымыз қажет. Тағы бір мәселе. Визалық режимді жеңілдету және реадмиссиялау жөніндегі келісімдер бойынша белсенді жұмыс қолға алынған. Бұған қатысты келіссөздер аяқталып келеді» деді Урсула фон дер Ляйен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Еуропалық кеңес Президенті Антониу Коштаның және Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйеннің қатысуымен мынадай құжаттарға қол қою рәсімі өтті: 1. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Еуропалық Одақ арасында «Әуе тасымалының кейбір аспектілері туралы» келісім; 2. «Air Astana» АҚ мен Airbus компаниясы арасында 50 әуе кемесіне дейін тапсырыс беруге қол қою рәсімі; 3. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасында интеллектуалды көлік жүйесін енгізу және «Е-жолдары» цифрлық платформасын жасақтауға грант бөлу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум; 4. «Қаз­АвтоЖол» ҰК» АҚ мен Еуропалық инвестициялық банк арасында Транскаспий халықаралық көлік бағдарының бөлігі саналатын Қазақстан өңірлеріндегі жолдарды қалпына келтіруге арналған «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жобаларын қаржыландыру бойынша меморандум; 5. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасында Минералдар мен металдар саласындағы озық тәжірибелік орталық құруға арналған техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу бойынша өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум.

Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

Бейіл екенін растады

Президент Сауда және экономикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі еурокомиссар Марош Шефчовичпен, Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Эдуардс Стипрайспен және Еуропалық инвестициялық банктің вице-президенті Марек Морамен кездесу өткізді. ЕО және ЕИБ жоғары лауазымды өкілдерімен әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев ЕО көшбасшылары Антониу Коштамен және Урсула фон дер Ляйенмен өткен келіссөздер нәтижесін жоғары бағалап, кездесуде Астана мен Брюссель арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға өзара бейіл екендерін растағанын айтты.

Мемлекет басшысы бұл сапардың экономикалық құрамдас бөлігі, атап айтқанда, құны 12 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдер мен меморандумдарға қол қойылуы еуропалық бизнестің Қазақстан экономикасына және елде жүргізіліп жатқан реформаларға деген сенімін байқататынын жеткізді. Осы орайда Президент Еуропалық инвестициялық банкпен серіктестіктің нәтижелі сипатына көңілі толатынын атап өтіп, аталған қаржы институтымен алдағы ынтымақтастық Қазақстанның орнықты экономикалық дамуына және өңірлік өзара байланыстарды арттыру бағытындағы бастамаларын ілгерілетуге септігін тигізетініне сенім білдірді.

ұстанымымыз ортақ

Брюссельде Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттер іскерлік орта өкілдерінің қатысуымен «Қазақстан – ЕО» дөңгелек үстелі ұйымдастырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушылар алдында сөз сөйлеп, Қазақстан мен ЕО арасындағы қарым-қатынас шынайы стратегиялық сипатқа ие болғанын атап өтті. «Бүгінде Еуропалық Одақ еліміздің ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі саналады, оның үлесіне Қазақстанға шет елден тікелей тартылған инвестицияның жартысына жуығы тиесілі. Тек өткен жылдың өзінде екіжақты тауар айналымы 45 миллиард доллардан асты. Бұл жетістік халықаралық деңгейде мойындалды. БҰҰ Сауда және даму ұйымының (ЮНКТАД) дүние­жүзілік инвестициялар туралы соңғы есебіне сәйкес, Қазақстан шет елден тікелей инвестиция тарту бойынша Орталық Азияда бірінші орынға ие, сондай-ақ посткеңестік кеңістік пен теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер арасында көшбасшылықты сақтап келеді. Қазақстанда 4 мыңға жуық еуропалық компания табысты жұмыс істейді. Олардың көбі, әсіресе, Airbus, Polpharma Group, Air Liquide Group, Škoda Group және Alstom секілді компаниялар ондаған жылдардан бері сенімді серіктеске айналды. Сонымен бірге біз еуропалық инвесторлардың жаңа буынын қуана қарсы аламыз. Олардың қатарында Roca Group, Inditex, Maersk, Dewulf және Damen Shipyards Group сияқты танымал компаниялар бар» деді Президент. Мемлекет басшысы осы сапар барысында жалпы сомасы 12 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылатынын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев­тың пікірінше, бұл Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы серіктестіктің тұжырымдамалық тәсілдерді пысықтаудан нақты әрекетке ұласқанын аңғартады.

Президент Қазақстанның соңғы жылдардағы экономикалық табысы және аталған нәтижеге жеткізген жүйелі өзгерістер жайында мәлімет берді. «Қазақстан экономикасы орнықтылық көрсетіп, жедел дамып келеді. Былтыр ел экономикасының өсімі 6,5 пайызға жетті. Бұл – Халықаралық валюта қоры болжаған жаһандық өсім қарқынынан екі есе жоғары. Ішкі жалпы өнім көлемі 305 миллиард доллардан асты, ал жан басына шаққандағы ІЖӨ 15 мың долларды құрады. Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша, биыл ұлттық экономика көлемі 360 миллиард долларға жетеді. Қазіргі уақытта экономикамыздың 40 пайызға жуығын шағын және орта бизнес құрайды. Олар негізгі капиталға салынатын инвестицияның шамамен 70 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Бұл жетістіктерге, сайып келгенде, кешенді әрі жүйелі реформалар түрткі болды. Қазақстанда барынша ашық, бәсекеге қабілетті әрі инвесторларға қолайлы экономика құру мақсатында ауқымды саяси және экономикалық жаңғырулар жүргізіліп жатыр. Біз демократиялық институттарды күшейтіп, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін жетілдірдік, заң үстемдігін орнаттық және адам құқықтарын қорғау аясын кеңейттік. «Заң мен тәртіп» қағидатын мүлтіксіз сақтау ішкі саясатымыздың өзегіне айналды. Таяуда өткен тарихи жалпыұлттық референдум да инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға арналған заманауи институционалдық база қалыптастыруға септігін тигізді. Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа енді инвесторларға «бір терезе» қағидатына сәйкес толыққанды қызмет көрсетеді, ал Инвестициялық кеңес инвестицияға қатысты түйткілді мәселелердің тиімді шешілуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар біз жаңа ынталандыру тетіктерін енгізе бастадық. Мысалы, Altyn Visa бағдарламасы халықаралық инвесторларға салық және көші-қон мәселесінде едәуір жеңілдіктер береді. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан – саяси тұрақты, макроэкономикалық көрсеткішткері орнықты, экономикасы ашық әрі нарық реформаларына бейіл ел. Ал мұның бәрін инвесторлар ерекше бағалайды» деді Мемлекет басшысы.

Содан кейін Президент ынтымақтастықтың перспективті бағыттарына егжей-тегжейлі тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев ең әуелі еуропалық серіктестерге Қазақстанның Еуропаны Орталық Азиямен, Қытаймен, Кавказбен және Таяу Шығыспен байланыстыратын өңірлік логистикалық хабқа айналуға ұмтылатынын айтты. «Біз инфрақұрылымға, атап айтқанда, мыңдаған шақырым темір жол салуға және Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға қомақты қаржы құйып жатырмыз. Бұл күш-жігеріміз Еуропалық Одақтың Global Gateway стратегиясымен үйлесіп, Орта дәлізді еуразиялық қауіпсіз байланысқа арналған негізгі әрі орнықты магистральға айналдырады. Көлік инфрақұрылымын жаңғырту қазірдің өзінде оң нәтиже көрсетті. Соңғы алты жылда аталған бағыт бойынша жүк тасымалы бес есе – жыл сайын 0,8 миллион тоннадан 4,1 миллион тоннаға дейін өсті. Дәліздің жүк өткізу қабілетін 10 миллион тоннаға дейін ұлғайтуды көздейміз. Бұл меже еліміздің әлемдік логистикада маңызды күрежол ретіндегі позициясын нығайтады. Осы қарқынды сақтау үшін Қазақстан соңғы 15 жылда көлік және логистика инфрақұрылымына 35 миллиард доллардан астам қаржы салды. Бүгінде Каспий теңізі жағалауындағы Ақтау және Құрық порттары халықаралық транзиттің маңызды қақпасы ретінде қызмет етеді» деді ­Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан даму банкі мен Еуропалық инвестициялық банк арасында, сондай-ақ құрамына Commerzbank, JPMorgan Chase Bank және Standard Chartered Bank кірген Банктер синдикаты MIGA (Инвестициялық кепілдіктер жөніндегі көпжақты агенттіктің) кепілдігімен қол қойылған, құны шамамен 1 миллиард доллар болатын логистикалық инфрақұрылым саласындағы келісімді құптады. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің аса маңызды минералдарды игеру бағытында Еуропаға сенімді серіктес болуға дайын екенін мәлімдеді. «Қазақстан ЕО аса маңызды шикізат ресурстарының тізбесіне қосқан 34 минералдың 21-імен қамтамасыз етуге әзір. Осы әлеуетті барынша пайдалану үшін біз «офтейк» негізіндегі ынтымақтастық жолын ұсынамыз. Бұл шикізатты өз елімізде өңдеп, қосылған құны жоғары өндіріс тізбегін құруға ықпал етеді. Сирек кездесетін металдар бойынша өңірлік зерттеу орталығының құрылуы – аталған бағыттағы серіктестіктің нәтижесі. Сонымен қатар Қазақстан жаһандық жаңа энергетикалық жүйеге көшу бас­тамасын ілгерілетуге қашанда ынталы. Өздеріңізге мәлім, еліміз ірі уран өндіруші ретінде әлемдегі сұраныстың 40 пайызға жуығын қамтамасыз етеді. Мұнай мен газдың, көмірдің айтарлықтай қоры бола тұра, біз «жасыл» сутегін өндіру жобасын белсенді түрде қолға алдық. Бұдан бөлек, Қазақстан аумағында литий, никель, ванадий және кобальттың әлі игерілмеген мол қоры бар. Түптеп келгенде, біз серіктестерге өте прагматикалық формула ұсынамыз: яғни стратегиялық ресурстарға қолжетімділікті инвестицияға және технологияға айырбастауға ниеттіміз. Бұл тәсіл Еуропа стандарттарына толық сай келеді» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ҚУАТ КӨЗДЕРІМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕДІ

Президенттің пікірінше, Қазақстан Еуропалық Одақты қуат көздерімен қамтамасыз ететін сенімді серіктес әрі кепіл ел ретінде стратегиялық позиция­сын дәйекті түрде нығайтып келеді. «Былтыр Еуропа нарығына тасымалданған шикі мұнайдың 13 пайызға жуығы Қазақстанға тиесілі. Біз еуропалық серіктестермен жеткізу көлемін ұлғайту және өңірлік энергетикалық қауіпсіздікті нығайту бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтуге әрдайым әзірміз. Осыған байланысты Каспий құбыр консорциумының тұрақты әрі сенімді жұмысын қамтамасыз ету маңызды стратегиялық басымдық болып қала беретінін айтқым келеді» деді Мемлекет басшысы. Президент Қазақстанның өнеркәсіп секторы экономиканың орнықты өсімі мен әртараптандырылуына ықпал ететін берік тірек саналатынына назар аударды. «Соңғы жылы еліміздің ІЖӨ-дегі өнеркәсіп секторының үлесі шамамен 27 пайызды құрады. Біз 190-нан аса жаңа өндіріс тізбегін іске қостық. Еуропалық компаниялар өнеркәсіп салаларын дамытуға белсенді атсалысып жатыр. Бұл жоғары бағаға лайық. Қазақстан мен Еуропалық Одақтың экономикалық ықпалдастығы түбегейлі өзгеріске ұшырап, локализацияға және қосылған құны жоғары өндіріс тізбегінің интеграция­сына баса мән берілуде. Бұл мысалдар Қазақстан-Еуропа өнеркәсіп кооперациясының әлеуеті зор екенін көрсетеді. Осы ретте еуропалық қаржы институттарының, ең алдымен, Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Еуропалық инвестициялық банктің қосқан үлесін ерекше атап өткен жөн» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі проблемасын шешу ұлттық күн тәртібіндегі маңызды басымдықтардың бірі ретінде аталды. Оның айтуынша, Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін жоғары технологиялық секторға айналдыру стратегиялық міндет ретінде белгіленді. Осы орайда, Президент еуропалық серіктестерді мал шаруашылығы, астық дақылдарының селекция­сы, жер игерудің дәлме-дәл технологиясы және топырақ құнарын арттыру секілді салаларда ынтымақтастық орнатуға шақырды.

Сонымен қатар еуропалық бизнес өкілдеріне «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктері таныстырылды. Президент атап өткендей, Global Financial Centers Index рейтингінде АХҚО Шығыс Еуропа және Орталық Азия өңірі бойынша бірінші орын алады. Орталықта әлемнің 90-нан астам елінен 5800-ден аса компания тіркелген, оның ішінде 250-ге жуығы – Еуропа елдерінен. АХҚО арқылы еуропалық компаниялар үлестік қаржыландыру ретінде 307 миллион доллар көлемінде тікелей инвестиция салды. Мемлекет басшысы Еуропаның қаржы және инновация институттарын Астана халықаралық қаржы орталығымен бірге орнықты қаржыландыру және финтех-технологияларды ілгерілету саласындағы ынтымақтастықты жалғастыруға шақырды.