Бүгінгі таңда балалар ойын алаңдары – жай ғана аула сәні емес, қоғамның даму деңгейін көрсететін басты әлеуметтік индикатор. Өкінішке қарай, заманауи қалалардағы көптеген ойын аймағы әлі де ескі стандарттар мен қауіпті темір конструкциялардан көз ашпай келеді. Бұл мәселе тек балалардың физикалық қауіпсіздігіне ғана емес, олардың шығармашылық ойлау қабілеті мен психологиялық дамуына да тікелей әсер етуде. Ата-аналар мен урбанистердің дабыл қағуына қарамастан, сапасыз жабдықтар мен қарапайым әрі бірсарынды алаңдар мәселесі әлі де өзектілігін жойған жоқ. Дәл осы себепті ойын кеңістіктерін түбегейлі жаңарту және оларды қауіпсіз, инклюзивті әрі заманауи ету – бүгінде кезек күттірмейтін басты талап.
«Эвересттіктердің» жанайқайы
Осы мәселе төңірегінде «Эверест» ТҮК МИБ (мүлік иелерінің бірлестігі) үй кеңесінің мүшесі Клара Камарова ашық айтып, дабыл қағып отыр. Бұл – бір ғана адамның жеке пікірі емес, жүздеген отбасының атынан айтылған ащы шындық пен шұғыл шара қолдануды талап ететін жанайқайы.
Клара Камарова айтады: «Сырты бүтін, іші түтін» – бұл бүгінгі «Эверест» тұрғын үй кешенінің шынайы ахуалы. Зәулім үйлердің сәулеті мен қағаз жүзіндегі мыңдаған шаршы метрлік алаңдар сырт көзге жайлылықтың символындай көрінгенімен, іс жүзінде мұнда үлкен әлеуметтік дағдарыс қайнап жатыр. Мәселенің салмағын түсіну үшін мына бір дерекке үңілу жеткілікті: 7 кіреберіс пен 273 пәтер аумағында шамамен 400-ге жуық бала тұрады. Бұл – жай ғана құрғақ сан емес, бір ғана нүктеге қамалған 400 бейкүнә бүлдіршіннің тағдыры, 400 отбасының күнделікті үрейі мен жанайқайы. Бала саны осыншама көп бола тұра, олардың жалғыз ермегі – қираған темір мен тозығы жеткен қауіпті жабдықтар. Аумақта балалар ойын алаңы мен футбол алаңының әрқайсысы 1400 шаршы метрді (жиынтығы 2800 ш.м.) алып жатыр. Сырт көзге ауқымды кеңістік болып көрінгенімен, шын мәнінде, балалардың толассыз ойынына бұл алаң шыдас берер емес, әрі жүктеме шегінен әлдеқашан асып кеткен. Әткеншектердің бірі істен шыққан, бірі сынып тұр. Футбол алаңының торы жыртылып, темірлері шығып, қауіпті күйге түскен. Арнайы құм жәшігінің балалар ойнайтын орыннан гөрі қараусыз қалған ит пен мысықтың үйшігінен еш айырмашылығы жоқ. Санитарлық талаптан жұрдай кеңістік балалардың денсаулығына қауіп төндірері анық. Тұрғындарды алаңдататын тағы бір мәселе – ойын алаңы мен автотұрақтың арақашықтығы. Балалар ойнап жүріп, бір сәтте көлік жолына шығып кетуі қалыпты жағдайға айналған. Жүргізушілердің тежегішті күрт басуы – күнделікті көрініс. Әзірге қайғылы оқиға болған жоқ. Тұрғын үй кешенінің іргесінде 2009 жылдан бері, яғни 17 жыл бойы бұрынғы балалар жұқпалы аурулар ауруханасының үлкен аумағы қараусыз бос жатыр. Жұрт тар аулада қысылып өмір сүріп жатқанда, іргедегі иесіз жерді автотұраққа немесе шағын скверге айналдыруға болар еді. Ең қызығы, бұл жердің нақты кімге тиесілі екені беймәлім. Одан бөлек, ауладағы тәртіп пен мәдениет мәселесі шегіне жеткен. Кейбір балалар көліктерді маркермен шимайлап, бұзақылық жасайды. Тұрғындар балаларын қоқыс тастауға жұмсайды, ал қоқыс жәшігіне бойы жетпеген жеткіншектер қалдықты жерге тастауының салдарынан ауланы жағымсыз иіс жайлап, кеміргіштер мен індет таратушы егеуқұйрықтардың көбею қаупі бар. Аула тұрғындары кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторға және құзырлы мекемелердің жауапты қызметкерлеріне осы жағдайды бірнеше рет ресми түрде жеткізді. Әзірше бұл әрекеттерінен ешқандай оң нәтиже шықпаған. Құзырлы мекеменің жауапты қызметкері бұл мәселеге: «уақытым жоқ», «жауап бере алмаймын» деп қысқа қайырған. Өкініштісі, жауапты мамандардың жұмысына берер баға біреу-ақ – жауапсыздық пен өз жұмысына салғырттық. Тұрғындар тек учаскелік полиция инспекторының жұмысына ғана оң баға беріп, алғыс білдіреді. Аулаға мас адамдар кіріп, орындықта немесе подъездерде ұйықтап қалған кездерде, ол дер кезінде араласып, тәртіпті бақылауда ұстап отыр. Бірақ бір ғана полиция қызметкері бүкіл кешеннің жүйелі мәселесін шеше алмайтыны анық».
Бір қуантатыны, аула тұрғындары «Жаңа алаң» жобасына қатысу үшін өтінім беріп, әкімдікке өздері армандаған макет үлгісін ұсынған. Жоба келесі жылға жоспарланған. Ол жүзеге асып, балаларға жаңа әрі қауіпсіз кеңістік сыйлайды деп үміттенеді. «Астана қаласының Урбанистика орталығы» ЖШС директорының орынбасары Данияр Бақытбекұлы бұл мәселеге орай өз тәжірибесімен бөлісіп, ұсыныстарын жеткізді. «Жиі кездесетін қателіктердің бірі – ойын алаңын қалдық қағидаты бойынша орналастыру. Яғни алдымен тұрғын үйлер, жолдар мен автотұрақтар жобаланып, балалар алаңына қолайсыз әрі тар аумақ қана қалады. Нәтижесінде ойын алаңы жеткілікті деңгейде көгалдандырылмайды, нашар жарықтандырылады және көлік қозғалысынан толық қорғалмайды. Егер аулада балалар көп болса, бірнеше ойын элементі бар шағын алаң жеткіліксіз. Ол тез толып кетеді, жабдықтар жылдам тозады және балаларға қолайсыздық туғызады. Мұндай жағдайда балалардың қауіпсіздігі мен жайлылығы өзекті мәселеге айналады. Әсіресе жаңа тұрғын үй кешендерінде халық санының артуы мен құрылыс тығыздығының жоғары болуы бұл мәселені одан әрі күрделендіреді» дейді ол.
Жайлы орта талап ету – заңды құқығы
Астана қаласының Сарайшық ауданы бойынша №4 сайлау округінің бірмандатты мәслихат депутаты Мәдина Әжікенова бұл түйткілді жан-жақты түсіндіріп, мәселені шешудің нақты жолдарын ұсынды. «Бүгінде бір учаскелік полиция қызметкеріне шамамен 3000 пәтерден жүктеледі, кей жағдайда бұл көрсеткіш шектен асып, 4000-5000 пәтерге дейін өседі. Тәртіп сақшысының осыншама аумақтағы әр мәселеге үлгеруі мүмкін емес. Сондықтан ауладағы берекетсіздікті тек полицияға ысырып қою – дәрменсіздік. Екінші жағынан, балалар ойын алаңдарының тез қирауы тек инфрақұрылым сапасына емес, қоғамдағы мәдениет пен тәрбиенің әлсіреуіне тікелей байланысты. Тәрбиенің негізі отбасында қаланады, ал баланың сыртқы ортаны бүлдірмеуі үшін тұрғындар қауымдастығы мен мүлік иелері бірлестігі (МИБ) селқостықты қойып, белсенді жұмыс істеуі тиіс. Ортақ мүлікке жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру – өзекті мәселе. Уақыт өткен сайын халықтың талабы түбегейлі өзгерді. Бұрын жұртты кәріз бен құдық сияқты коммуналдық ақаулар ғана алаңдатса, қазір адамдар ең алдымен жайлы әрі мәдениетті өмір сүру ортасын талап етуде. Демек, бұл бағытта заңнамалық және бақылау тетіктерін шұғыл күшейту керек. Ойын алаңдарының тез істен шығуына олардың шамадан тыс жүктелуі де себеп. Көптеген аумақта алаңдар тапшы болғандықтан, бір аулаға бүкіл көрші үйлердің балалары ағылады. Себебі ол балалардың ойын алаңдары мәз емес немесе тіптен болмауы да мүмкін. Ал бюджеттің мүмкіндігі шектеулі. «Халық қатысатын бюджет» жобасына ұсыныс көп түскенімен, қаржы бәрін қамтуға жетпейді. Мақұлданған 40 жобаның тек 20-сына ғана қаражат бөлініп, қалғаны қағаз жүзінде қалады. Оның үстіне кейбір тұрғын үй кешендеріндегі МИБ қызметінің ашық еместігі мен есептің жоғы жағдайды одан сайын ушықтырып отыр. Қордаланған мәселені түбегейлі шешу үшін мына үш бағытқа назар аудару міндетті: біріншіден, билік көзбояушылық пен сан қууды тоқтатып, жұмыстың сапасына нақты басымдық беруі тиіс; екіншіден, қоғамдық мәдениетті көтеріп, ортақ мүлікті аялауды әр азамат өз міндеті деп ұғынуы керек; үшіншіден, тәртіп пен жауапкершілікті қадағалайтын бақылау жүйесін барынша күшейту маңызды. Әрбір азамат өз баспанасына оңайлықпен қол жеткізбейді: бірі ипотекалық несиеге алады, екіншісі қара жұмыс істеп, табан ақы, маңдай терімен сатып алады. Сондықтан күні бойы жұмыстан шаршап келген тұрғынның өз ауласында жайлы демалып, баласының қауіпсіз әрі заманауи алаңда ойнағанын талап етуі – әбден орынды заңды құқығы» дейді депутат.
Шынымен, балалар алаңындағы сынған әткеншек пен тозған сырғанақ – жай ғана материалдық шығын емес, ауладағы жалпы тәртіптің, қоғамдық мәдениет пен жауапкершілік деңгейінің нақты көрсеткіші. Бүгін бұл былыққа көз жұмсақ, ертең қауіпсіз орта туралы сөз қозғаудың өзі мағынасыз. Тәртіпсіздік алаңнан басталып, түнде ауланы шулататын келесі бір дертке ұласады: ол – тыныштықтың бұзылуы. Түнгі сағат 22:00-ден кейінгі айқай-шу, көлік музыкасын қатты қою, дыбыс күшейткіштерді әдейі гүрілдетіп өту жай ғана «жастықтың ермегі» емес. Бұл – өзгенің құқығын ашық аяқасты ету және біреудің демалысын бұзу арқылы көңіл көтеру. Бұл – қоғамдық мәдениеттің терең дағдарысы. Бұл мәселе заңнамада анық жазылған. Қазақстан заңнамасы бойынша рұқсат етілген шекті дыбыс деңгейі күндіз 55 дБ, ал түнде 45 дБ-ден аспауы тиіс. Қарапайым тілмен айтқанда, түнгі уақыттағы қатты сөйлесу мен музыка – мәдениетсіздік қана емес, тікелей заң бұзушылық. Заңмен бекітілген толық тыныштық уақыты жұмыс күндері 22:00-ден 09:00-ге дейін, ал демалыс пен мереке күндері 23:00-ден 10:00-ге дейінгі аралықты қамтиды. Бұл кезеңде шу шығару – «көршіге маза бермеу» емес, мемлекет заңын белден басу. Жауапкершілік тек қағаз жүзінде емес, нақты жазамен айқындалған. ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабы бойынша тыныштықты бұзу фактісі тұрғындардың бір ғана шағымымен-ақ әкімшілік құқық бұзушылық ретінде тіркеледі. Ал заңның 425-бабы бойынша санитарлық нормаларды бұзу, яғни дыбыс деңгейінің шектен асуы арнайы өлшеу құрылғыларымен дәлелденсе, кінәлілер әлдеқайда қомақты айыппұл арқалайды. Тәртіпті бір жыл ішінде екінші рет бұзғандар үшін жаза автоматты түрде күшейеді (ақпарат Ösim журналынан алынды).
Заң бар, құрмет жоқ
Шын мәнінде, мәселе заңның жоғында емес, оған деген құрметтің жоғында. Сынған әткеншек те, түнгі шу да, ауладағы бейберекет те бір түйінге келіп тіреледі – жауапкершілік. Қаладағы өмір сапасы жаңа тұрғын үйдің санымен емес, балалардың қауіпсіз ойнап, тұрғындардың тыныш демала алуымен өлшенеді. Мысалы, Guardian басылымының журналисі Сенай Бозташтың мақаласында Нидерландтағы балалар ойын алаңдарының жаңа тұжырымдамасы мен тәуекелді ойындардың маңызы қарастырылады. Мұнда ойын алаңы тек көңіл көтеретін орын емес, баланың физикалық, когнитивтік және әлеуметтік дамуына тікелей әсер ететін орта ретінде жоспарланады. Соңғы жылдары Нидерланд тәжірибесінде ойын алаңдарының негізгі бағыты ретінде «risk play», яғни қауіпсіз шектеумен бірге берілетін еркін әрі аздап тәуекелі бар ойын түрлері дамып келеді. Бұл тәсіл балаларды тек қорғап қою емес, керісінше, ойын алаңы арқылы өз қабілетін сынауға және өмірлік дағдыларды қалыптастыруға бағытталған. Нидерландта ойын алаңдары «еркін ойын» қағидасына негізделген: бала дайын сценариймен емес, өзі ойлап табатын ойындар арқылы әрекет етеді. Сондықтан Қазақстанда да ойын алаңдарында тек әткеншек не сырғанақпен шектелмей, өрмелеу элементі, кедергілер жолы, құм мен су аймағы сияқты баланың қиялын дамытатын бөліктерді көбейту маңызды. Тағы бір маңызды бағыт – ойын алаңдарының физикалық құрылымы мен материал сапасы. Нидерландта табиғи материалдар кең қолданылады: ағаш, құм, тас және жасыл ландшафт элементтері басым. Сонымен қатар «risk play» қағидасы бойынша ойын алаңдарында бала құлау, өрмелеу, тепе-теңдік сақтау сияқты әрекеттерді қауіпсіз деңгейде орындай алады, бұл оның қозғалыс дағдысы мен сенімділігін дамытады. Сондай-ақ ойын алаңдарының қала кеңістігімен байланысына тоқталсақ. Нидерландта балалар ойын алаңдары тұрғын үйлерге жақын, жаяу жетуге болатын қашықтықта орналасады. Ал Қазақстанда мұндай жүйе барлық ауданда бірдей дамымаған. Сондықтан ойын алаңдарын тек жаңа тұрғын үй кешендерінде емес, ескі аудандарда да жаңарту және көбейту маңызды. Бұл балалардың тең мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Соңғы бағыт – инклюзивтілік. Яғни ойын алаңдары барлық балаға, соның ішінде арбамен жүретін немесе ерекше қажеттілігі бар балаларға да қолжетімді болуы керек. Мұндай тәсіл ойын алаңын тек демалыс орны емес, әлеуметтік теңдік пен бірігудің кеңістігіне айналдырады. Нидерланд тәжірибесі балалар ойын алаңдарын тек жабдықталған алаң ретінде емес, баланың дамуын, еркін ойынын, қауіпсіз тәжірибесін және әлеуметтік интеграциясын қамтамасыз ететін кешенді орта ретінде қарастыру қажеттігін көрсетеді.
P.S: Балалар ойын алаңының жағдайы – қоғамның өз баласына деген көзқарасын көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі. Кез келген ауланың сәні де, жаны да – алаңсыз ойнап-күлген балақайлар. Біз көбіне үлкен жобалар мен ауқымды құрылыстар туралы айтамыз, алайда баланың күнделікті қауіпсіз ойнауына жағдай жасау мәселесі екінші орынға ысырылып қалып жатады. Сапасыз жабдықтар, күтімсіз қалған алаңдар мен орындалмаған уәделер – әлі де өзекті мәселе. Егер қала тұрғындарға жайлы болуы керек десек, ең алдымен оның балаларға қаншалықты қолайлы екеніне назар аударуымыз қажет. Өйткені бүгін назардан тыс қалған ойын алаңы ертең қауіпсіздік мәселесіне айналуы мүмкін. Балаларға арналған кеңістікке жұмсалған әрбір қаражат – шығын емес, болашаққа салынған инвестиция. Сондықтан ойын алаңдарының сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты талаптар қағаз жүзінде емес, іс жүзінде орындалуы тиіс.
Аружан ЕСЕНГЕЛДІ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
Журналистика және әлеуметтік ғылымдар
жоғары мектебінің 2-курс студенті