Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы музыка майталмандары Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің 120 жылдығына және көрнекті композитор Александр Зацепиннің 100 жасқа толуына арналған қос концерт өткізді.
Кеш шымылдығы қазақ опера өнерінің асқар шыңы саналатын Жұбанов пен Хамидидің «Абай» операсының айтулы арияларымен ашылды. Абайдың терең толғанысы, Ажардың нәзік сезімі мен Айдардың асқақ үні көрермен жүрегін тебірентіп, ұлттық музыка әлемінің тылсым кеңістігіне жетеледі. Халық жүрегінен мәңгі орын алған «Қазақ вальсі», «Бұлбұл», «Қарлығаш», «Қайдасың» сынды жауһар туындылар әуелеп, кештің көркін айшықтай түсті. Сахна төрінде филармонияның классикалық вокал бөлімінің танымал өнерпаздары Сүндет Байғожин, Шахризада Тыныштық және өзге де орындаушылар өнер көрсетіп, көрерменге әсем ән мен асқақ рух сыйлады.
Өткен көктемде ғасырлық мерейтойын қарсы алған Александр Зацепин Алматы консерваториясында Евгений Брусиловскийден дәріс алып, осы оқу орнын бітірді. Алатау баурайында Мұғалімдер үйіндегі көркемөнерпаздарға жетекшілік етті. Алматы филармониясының ансамбль концертмейстері болып, «Қазақфильм» киностудиясында қызмет істеді. Сол уақыттарда «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште» сынды қазақ киносының классикасына айналған кинотуындыларға музыка жазды. Сондай-ақ Леонид Гайдайдың «Иван Васильевич мамандығын ауыстырады», «Кавказ тұтқыны», «Гауһар қол» сынды комедияларға, «31 маусым», басқа да көпшілік сүйіп көретін кинотуындыларға шығармалар жазды. Композитордың эстрада жанрындағы өзге де танымал әндері бар. Астаналық филармонияның үрлемелі оркестрі мен эстрадалық вокал бөлімінің әртістері өнер көрсетіп, Александр Зацепиннің мұрасын жаңа концерттік тыныспен ұсынды. Белгілі әуендер заманауи орындауда жаңаша реңкке ие болып, өз көркемдігі мен нәзік сезімін сақтай отырып, тыңдарманның жан сарайын ашты.