23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні. Осыған орай ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мемлекеттік қызметшілерді мерекесімен құттықтайды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
-Кәсіби мереке ел мен қоғам игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметшілерге көрсетілетін құрмет пен ризашылықтың айқын белгісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, мемлекетке қызмет ету – үлкен абырой әрі аса жауапты миссия. Мемлекеттік қызметшілер заң мен тәртіп қағидаттарын орнықтыруға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге маңызды үлес қосып келеді. Мемлекеттік қызмет жоғары жауапкершілікті, терең білім мен кәсібилікті талап етеді.
Мемлекеттік аппарат жұмысының сапасы жүзеге асырылып жатқан реформалардың нәтижелілігіне, қоғамның билік институттарына деген сеніміне және еліміздің орнықты дамуына тікелей әсер етеді. Бүгінде Қазақстан Әділетті әрі Қуатты мемлекет құру жолында дәйекті қадам жасап келеді. Бұл ауқымды өзгерістердің негізінде азаматтардың құқығы мен бостандықтарын қамтамасыз етуге бағытталған жаңарған Конституция мен әділдік қағидаттары жатыр. Осы стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруда мемлекеттік қызметшілерге айрықша жауапкершілік жүктеледі. Олардың кәсіби біліктілігі, адал еңбегі мен жоғары азаматтық ұстанымы – еліміздің өркендеуіне қосылған маңызды үлес. Құрметті әріптестер! Сіздерді Мемлекеттік қызметшілер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке, толайым табыс, қажымас қайрат, халық игілігі жолындағы жауапты қызметтеріңізге жаңа жетістіктер тілеймін. Еліміздің дамуы мен өркендеуі жолындағы еңбектеріңіз әрдайым жемісті болсын!-деді министрі құттықтау сөзінде.