«Отбасы-Time»: елордада балалар шығармашылығына арналған фестиваль өтті

«Отбасы-Time»: елордада балалар шығармашылығына арналған фестиваль өтті
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және отбасылық демалысты көңілді өткізуге арналған «Отбасы-Time» балалар шығармашылығы фестивалі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Фестиваль жаз мезгілі бойы – маусымнан тамызға дейін жалғасады. Іс-шаралар әр сенбі және жексенбі күндері сағат 15:00-ден бастап қалалық саябақтарда ұйымдастырылады. Маусым айында фестивальдің негізгі алаңы ретінде «Жетісу» саябағы белгіленген.

Фестиваль аясында балалар мен олардың ата-аналары үшін шығармашылық шеберлік сабақтары, анимациялық және ойын-сауық бағдарламалары, концерттік қойылымдар, би және цирк нөмірлері, сондай-ақ экологиялық іс-шаралар ұсынылады.

«Отбасы-Time фестивалін үшінші жыл қатарынан жүргізіп келемін. Бұл жоба елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған. Демалыс күндері саябаққа серуендеуге келген ата-аналар мен балалар түрлі ойын-сауық және шығармашылық бағдарламаларға қатыса алады. Балалар үшін шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, аквагрим жасалады. Барлық іс-шара тегін өткізіледі. Фестиваль барысында театрландырылған қойылым көрсетіліп, балалар өз өнерін ортаға салады.

Аниматорлар жұмыс істейді. Сонымен қатар әлеуметтік билер ұйымдастырылады. Ата-аналар мен аға буын өкілдері де қатысып, латынамерикалық биді үйренеді. Яғни жоба балаларға ғана емес, бүкіл отбасы мүшесіне арналған. Біз демалыс күндері қала тұрғындарының уақытын қызықты әрі пайдалы өткізуіне жағдай жасауға тырысамыз», – деді «Отбасы-Time» фестивалінің жүргізушісі Гүлден Науырзым.

Айта кетейік, фестиваль тамыз айының соңына дейін жалғасады. Шілде мен тамыз айларында өтетін алаңдар туралы ақпарат ұйымдастырушылар тарапынан қосымша хабарланады.

 
  •