Азаматтарды ақпараттандыру жүйесін жетілдіру және мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы жұмыстың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау» ақпараттық порталын әзірлеген болатын. Бүгінгі таңда оның қалай жұмыс істеп тұрғаны туралы елордалық Коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Асқар Аймағамбетов баяндап берді.
Айтуынша, порталдың негізгі міндеті – мүгедектігі бар адамдарға нысандардың қолжетімділігі туралы ақпарат беру. Пайдаланушыларға өздерінің жеке қажеттіліктері мен физикалық ерекшеліктерін ескере отырып, белгілі бір нысанға бармас бұрын алдын ала танысуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар портал азаматтар, мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының меншік иелері арасындағы өзара тиімді байланыс орнатады.
– «Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау» ақпараттық порталындағы нысандардың қолжетімділігін бағалауды жергілікті атқарушы органдар жүргізеді. Тексеру барысында алты негізгі критерий ескеріледі: кіреберіс тобы, нысан ішіндегі қозғалыс жолдары, қызмет көрсету аймағы, санитарлық-тұрмыстық бөлмелер, ақпараттық және телекоммуникациялық құралдар объект аумағы. Осы критерийлерге сәйкес әрбір нысанға келесі төрт мәртебенің бірі: «қолжетімді», «ішінара қолжетімді», «қолжетімсіз», «мәлімет жоқ» деген атау беріледі. Бұл тәсіл мүгедектігі бар адамдар үшін нысанның бейімделу деңгейін объективті түрде анықтауға мүмкіндік береді, – деді департамент басшысы.
Сонымен қатар деректердің дұрыстығын қамтамасыз ету мақсатында портал «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесімен интеграциясы жүзеге асырылған, бұл мекенжай деректеріне қатысты қателіктердің алдын алады.
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысының мәлімдеуінше, портал арқылы мүгедектігі бар адамдар Қазақстан бойынша бейімделген объектілер туралы ақпаратты қарай алады. Барлық тіркелген пайдаланушы әрбір нысанның бейімделу сапасын бағалауға және фотосуретпен пікір қалдыруға бірегей мүмкіндікке ие. Порталда деректерді жаңарту процесі автоматтандырылған. Онда ақпарат тұрақты түрде жаңартылып отырады, бұл әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігі туралы мәліметтерді алуға мүмкіндік береді.
Интерактивті Қолжетімділік картасында «Санаторийлер» атты арнайы бөлім жұмыс істейді. Онда 168 санаторий-курорттық ұйым туралы мәлімет орналастырылған. Пайдаланушы санаторийлерді өңір бойынша, мекенжай бойынша және атауы бойынша іздей алады.
Сондай-ақ көру, есту немесе тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар, арбаны пайдаланатын адамдарға санаторийлердің қолжетімділігін қарау мүмкіндігі қарастырылған. Әрбір нысанның карточкасында қолжетімділік деңгейі, орын саны және шипажай-курорттық қызмет алушылар туралы ақпарат көрсетіледі.
– 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Құрылыс кодексінің қабылдануына байланысты аумақтық департаменттер жаңадан салынған нысандардың мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділік талаптарына сәйкестігі туралы декларацияларды келісетін болады. Бұл нысандарды пайдалануға беру кезеңінде бақылауды күшейтіп, кедергілердің пайда болуына жол бермеуге мүмкіндік береді. Келісілген нысандар туралы мәліметтер Қолжетімділік картасына енгізіледі, – деді Асқар Аймағамбетов.
Amanat партиясының Жол картасына сәйкес, 2027 жылға дейін Интерактивті қолжетімділік картасына енгізілген барлық нысандарды кезең-кезеңімен бейімдеу көзделген.
Бүгінгі таңда картаға 42 897 нысан енгізілген. 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша олардың 30 314 бейімделген, бұл жалпы санының 71 пайызын құрайды. 2026 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 80 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Нысандарды бейімдеу сапасына ерекше назар аударылған. Қолжетімді орта мүгедектігі бар адамдардың өздігінен және қауіпсіз қозғалу мүмкіндігін қамтамасыз етуі тиіс. Оның ішінде пандустардың, лифтілердің, арнайы автотұрақ орындарының, санитарлық бөлмелердің, тактильді көрсеткіштердің және кедергісіз ортаның болуы міндетті түрде ескеріледі.