Астанада халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру жобасы аясында «Киберқауіпсіздік және балалар» атты тегін тренинг ұйымдастырылды. Іс-шара интернеттегі балалар қауіпсіздігі, жеке деректерді қорғау және киберқылмыстардың алдын алу мәселелеріне арналды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараның спикері – PhD, AI-креатор және жасанды интеллект бойынша тренер Айнагүл Бекебаева. Тренингке ата-аналар, азаматтық сектор өкілдері, педагогтер және балалардың қауіпсіз цифрлық ортасын қалыптастыруға қызығушылық танытқан қала тұрғындары қатысты.
Кездесу барысында спикер балалар мен жасөспірімдер күнделікті тап болатын қазіргі интернет-қатерлер туралы жан-жақты ақпарат берді.
Тренингтің практикалық бөлімінде аудитория кибералаяқтардың жұмыс істеу тәсілдерін нақты мысалдар арқылы көрді. Қатысушылар әлеуметтік желілер, мессенджерлер, жалған сайттар және әлеуметтік инженерия әдістері арқылы алаяқтардың жеке деректер мен қаражатты қалай алдап алатынын білді.
Айнагүл Бекебаева киберқылмыстың нақты сценарийлерін көрсетіп, пайдаланушылардың жиі жіберетін қателіктерін талдап, жеке ақпаратты қорғау, гаджеттерді қауіпсіз пайдалану және балалардың онлайн-әрекетін бақылау бойынша практикалық кеңестер берді.
Іс-шара соңында қатысушылар өз сұрақтарына жауап алып, балалар үшін қауіпсіз интернет кеңістігін баптау бойынша ұсыныстар мен цифрлық қауіпсіздікті арттыруға арналған пайдалы құралдармен танысты.
Мұндай іс-шараларды өткізу қоғамның цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және киберқауіптер туралы хабардарлықты арттыруға ықпал етеді.