Елордада 14 жастан асқан жасөспірімдерге арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
Іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» ұйымдастырды. Жәрмеңкенің мақсаты – жазғы кезеңде жасөспірімдерді уақытша жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, еңбек нарығындағы сұранысқа ие бос жұмыс орындары туралы ақпарат беру және алғашқы еңбек тәжірибесін алуға мүмкіндік жасау.
Жәрмеңкеге 28 жұмыс беруші қатысып, 161 бос жұмыс орнын ұсынды. Жазғы демалыс күндері жұмыс істеп қаражат тапқысы келген жасөспірімдер жұмыс берушілермен тікелей сұхбаттасып, еңбекке орналасу, еңбек талаптары туралы кәсіби кеңес алды.
Қолданыстағы заңнамалар бойынша 14 жастан бастап жасөспірімдер аптасына 24 сағаттан аспайтын жұмысқа тартылуына болады. Ал 16-18 жастағы жеткіншектердің жұмыс сағаты уақыты 36 сағаттан аспауы керек.
Оқу кезінде балалардың жұмыс уақыты бұдан да аз болуы қажет. Олардың түнгі ауысымда жұмыс істеуіне тыйым салынады. Балалармен бірге келген ата-аналар осы заңдылықтардың сақталуына қатысты сұрақтарына жауап алды. Жәрмеңкеге келген мекеме өкілдері түрлі жұмыс орындарын ұсынды. Қалада кесімді еңбекақы төленетін тігіншілер, қызмет көрсету және маркетинг саласында компаниялар промоутерлерді, өлшеп-ораушыларды, жинақтаушыларды, желі операторларын және басқа техникалық қызметкерлерді белсенді түрде жұмысқа қабылдады. Жасөспірімдер еріктілер қозғалысына үлкен қызығушылық танытып, еңбек жолдарын қоғамдық жұмыспен бастауға ықыласты екенін білдірді.