Елде республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы жүзеге асып жатыр. Осы бастама негізінде Астана қаласындағы «Рыскелді қажы» мешітінде тазалық науқаны ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Рыскелді қажы» мешітінің бас имамы, белгілі дінтанушы Нұрлан Байжігітұлы, «Жасыл ел» жастардан құралған еңбек жасақтары және т.б. табиғат жанашырлары тазалық акциясын өткізді.
Аталған игі бастамаға 100-ге жуық адам қатысты. Акция барысында ағаштарды суару, арам шөптерді жұлу және мешіт айналасын абаттандыру жұмыстары атқарылды.
Басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғауға, жастарды еңбекқорлыққа тәрбиелеуге үндеу. Сондай-ақ қоғамдық тазалықты сақтау, экологиялық мәдениеттің құлашын кеңінен жаюға септік ету көзделген.
– Тазалық бір күнде ғана атқарылып қоятын шаруа деп қарауға болмайды. Бұл әрдайым жүзеге асып отыратын ілкімді іс. Мешіт атырабы, тұрғын үйлердің маңайында тазалық жұмыстары әрқашан жүзеге асқаны абзал. Айналаның абаттануына, гүлзарлардың, ауланың тазаруына табиғат жанашырлары, жастар да өз үлесін қосты. Еңбекке тартылып, тазалыққа атсалысуға келген жастарға ұлттық құндылық ретінде бата берілді. Экологиялық мәдениетті қалыптастыратын мұндай бастамалар жалғасын тапса нұр үстіне нұр, – деді дінтанушы Нұрлан Байжігітұлы.