Әлеуметтік қолдау – ұдайы назарда

Әлеуметтік қолдау – ұдайы назарда

Халық даналығында «үйінде қария болса – жазулы тұрған хатпен тең» деп тәмсілдейді. Қазақ халқы – қай заманда да үлкенді құрмет тұтқан, асылды ардақтаған, мерейлі жанды мадақтаған жұрт. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қарттарға қамқорлықты ұдайы назарда ұстап келеді. Осыған орай, Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ерлан ЖҮСІПОВПЕН тілдескен едік.

– Ерлан Нұрланұлы, мемлекеттен зейнеткерлерге жасалатын қамқорлық туралы кеңінен мағлұмат берсеңіз. Сондай-ақ Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеу­меттік қорғау басқармасы тарапынан қарттарға қандай да бір жеңілдіктер қарастырылған ба?

– Астана қаласы мәслихатының 2023 жылғы 3 қазандағы №84 шешімімен бекітілген Астана қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларына сәйкес Астана қаласында тіркелген және тұрақты тұратын зейнеткерлерге жергілікті бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік көмек түрлеріне мыналар                   жатады.

Шипажайлық-курорттық емделуге жолдама екі жылда бір рет беріледі. Осы орайда, жасы бойынша зейнеткерлер жолдама құнының 20 пайызын (77 мың теңге), ал ең төменгі мөлшердегі зейнетақы алатын зейнеткерлер жолдама құнының 15 пайызын (57750 теңге) төлеуі тиіс. Қоғамдық көлікте тегін жүру, тұрғын үйлерді газдандыруға біржолғы әлеуметтік көмек газды қосуға және жүргізуге жұмсалатын шығындарды өтеу 130 АЕК-ке (562250 теңге) көзделген. Қатты отын сатып алуға әлеуметтік көмек төлем мөлшері 16 АЕК (69200 теңге) құрайды. Сонымен бірге, тіс протездеу қызметі де қарастырылған. Қарттар күніне орай (1 қазан) жыл сайын зейнеткерлерге 2,5 (10813 теңге) айлық көрсеткіш мөлшерінде біржолғы төлем төленеді.

Сонымен қатар, Астана қаласы әкімдігінің «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» МКҚК-мүгедектігі бар адамдар мен зейнеткерлік жасқа толған өз бетінше қызмет көрсетуге қабілетсіз және денсаулық жағдайы бойынша стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге мұқтаж қарт адамдар стационар жағдайында тәулік бойы тұрақты немесе уақытша (үш айға дейінгі мерзімге) тұра алады. Сонымен бірге, үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін жағдай жасалынған. Орталықтың жобалық қуаттылығы 340 орынға, 640 адамға үй жағдайында қызмет алады. Анықтама үшін мына телефонға хабарласу керек 55-74-58. 55-67-97.

– Қатаркөл сауықтыру орталығынан басқа қай қалада қарттарға қызмет көрсететін орталықтар бар?

– Биыл зейнеткерлер шипажайлық-курорттық емделуі үшін төмендегі ем алатын орындарға бара алады. Ақмола облысы Бурабай ауданындағы – «Қатаркөл», Қарағанды облысындағы – «Балхаш», Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы – «Zari» шипажайлары. «Қатаркөл» шипажайы біздің мекемеге тиесілі болса, қалғандары жеке меншік мекемелер, олармен алдын ала шарт жасасамыз. Соңғысына ем алушылар есебінен қосымша қаржы төленбейді. Демек, бұл зейнет­кердің оң жамбасына келеді деуі­міз керек.

– Кейінгі кездері зейнеткерлер тарапынан «біз компьютерді білмейміз, екі рет барып тіркеле алмадық. Кезекте тұрғандар саны өте көп» деген сауалдар көптеп түсуде. Осыны қалай жеңілдетуге болады?

– Заман ағымына сай әрекет жасау керек. Жасанды интеллект өмірімізге енді. Ендеше соған сай қызмет көрсету ойда бар. 2025 жылдың басынан бастап тіркеу процесінің ыңғайлылығы мен кезектің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында санаторлық-курорттық емделуге жазылу электрондық форматта, электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы birge.astana.kz сайты арқылы жүзеге асырылады. Яғни, бұл тиімді тәсіл, әркім үйден шықпай өз бетінше тіркеле алады.

Тіркелгеннен кейін зейнеткерлер шипажайға барар алдында 15 күн бұрын басқармаға жолдама алуға келуі тиіс. Жолдама алу үшін медициналық мекемеден берілген санаторлық-курорттық картаның көшірмесі қажет.

– Аталған үш шипажайда жылына қанша адам ем                  алады?

– Жыл сайын 6 мыңға жуық адам шипажайға барып, таза ауада демалады. Дәлірек айт­қанда, ем алады, спортпен шұғылданып, денсаулықтарын жақсартуға назар аударады. Бүгінге дейін екі жарым мың адам ем алды. Жыл соңына дейін кестеге сай шипажайларға бара алады.

– Елордада алты «Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары» бар екен. Жалпы осы орталықтар қашан ашылды?

– 2022 жылдың қаңтар айында Астана қаласы әкімдігінің «Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары» ашылды. Орталықтың басты мақсаты – қаламыздың егде жастағы азаматтарының бос уақыттарын тиімді өткізуіне және олардың мәдени демалысын ұйым­дастыруға жағдай жасау. Айта кету керек, орталықтың бөлімдері қаланың барлық 6 ауданында бар, олар жұмыс жасауда. Нақтырақ айтқанда, Алматы ауданы – Қошқарбаев даңғылы, 29/1, Байқоңыр ауданы – Абай даңғылы, 46, Есіл ауданы – Қонаев көшесі, 2а, Сарыарқа ауданы – Бейбітшілік көшесі, 25, Нұра ауданы –Төле би көшесі, 44, Сарайшық ауданы – А.Байтұрсынұлы көшесі, 63 үйде орналасқан.

Реті келгенде айта кетейін, «Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының» қарттарға барлық жағдай жасайтынын көзбен көрдік. Орталықтарда оңалту гимнастикасы, йога, «Айкүне» гимнастикасы, би, фитнес, цигун тыныс алу гимнастикасы, скандинавиялық серуендеу, басқа да қажеттілердің бәрі бар. Ол ол ма, осыдан екі ай бұрын Алматы ауданының «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында» болып, ондағы егде жастағы адамдардың өнерге, спортқа ерекше берілгенін көргенімізде таң қалдық. Тоғызқұмалақтан өткен жарысқа 12 адам қатысты. 84 жастағы, есімі «Гиннестер рекордтар» кітабына енген, сөзжұмбақшы, отыздан астам кітаптың авторы, Қазақстан Жазушылар одағы әрі Журналистер одағының мүшесі Қалибек Алтыбаев «Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекке қарттардың алғысын жеткізгім келеді. Қаламыз күн сайын өсіп-өркендеп келеді. ЛРТ, қала көліктері біздерге тегін, демалыс үйлеріне жеңілдікпен жолдама береді. Астана қаласы ­Жұмыспен қамту және әлеу­меттік қорғау басқармасының басшылары мен қызметкерлеріне мың алғыс. Одан артық не керек бізге» деген еді.

Дәл қазір орталықта 25 бағыт бойынша үйірмелер мен секциялар жұмыс жасап тұр. Орталықтарға 21 мың адам тіркелген. Биылғы жыл басынан орталықтың алты аудандық бөлімдерінде үш мыңға жуық адам келіп, белсенді өмір салтын жалғастыруда. Әлеуметтік-психология­лық және профилактикалық бағыт бойынша психологтар сабақ береді. Сонымен бірге, топтық тренингтер өткізеді. Қарттар мәдени демалу бағыты бойынша шығармашылық үйір­мелерге қатысып, концерттер қоя, ән салып, би билейді. Ол ол ма, қолөнер бағыты бойынша, тоқу, кілем тоқу, бисер тоқу, жамау, шпиндель иіру, киіз басу, арт-терапия, сурет салу, кескіндеме жасау, ағаш өңдеумен айналысады. Орталықтарда тілдік курстар, ағылшын, қазақ тілдері оқытылып, компьютермен жұмыс жасау үйретіледі.

Орталық өз қызметінде ұрпақтар сабақтастығы бағытын дамытуға, жас ұрпаққа білім, мәдени дәстүрлер мен өмірлік тәжірибені бойға сіңіруге мән береді. Орталықтарда клубтық жұмыстар жолға қойылған. Атап айтқанда, «Атадан балаға аманат», «Зияткерлік ойындар», «Оқу және поэзия клубы», «Хор және вокал», «Күміс еріктілер», «Волейбол», «Үстел теннисі», «Домбыра үйрену», «Ұршық иіру», «Салауатты өмір салты», басқа да клубтарда жүздеген адам мүше.

«Қарты бар елдің қазынасы бар» дегендей, алдағы уақытта да қала тұрғындарының құрметіне бөленген Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қызметкерлері елорда халқының жайлы әрі сапалы өмір сүруіне қалтқысыз қызмет етіп, өз үлестерін қоса бермек.

Сұхбаттасқан

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

Қазақстанның құрметті журналисі