Кеше Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасында белгілі қаламгер, ғалым, ҚР ҰҒА академигі, «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлының «Елшіл жол» және «Байып» кітаптарының тұсаукесері өтті.
Бұл күні білім-ғылым мен журналистикада өз соқпағын салған ардақты азамат асқаралы алпыс жасқа толды. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-
Жомарт Тоқаевтан бастап, Сенат пен Мәжіліс төрағалары Мәулен Әшімбаев, Ерлан Қошанов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Премьер-министрдің орынбасары-Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Сенат аппаратының басшысы Максим Споткай, Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры Кенжехан Матыжанов, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы Жаңбырбай Матаев жолдаған құттықтаулар оқылды.
Сенат басшылығының құттықтауын жеткізген сенатор Бибігүл Жексенбай мерейтой иесін Бас редакторлар клубының атынан да құттықтап, құрмет көрсетті. Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары – Президент әкімшілігінің бөлім меңгерушісі Марат Әзілханов іс-шараға арнайы қатысып, жылы лебізін жеткізді. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтауын оның орынбасары Гүлзат Көбенова оқып берді. Іс-шара барысында Дихан Қамзабекұлына «Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің құрметті профессоры» атағы берілді.
Дихан Қамзабекұлы – Халықаралық Айтматов академиясының да академигі. Мерейтойына орай осы академияның президенті Абдылдажан Ақматалиев та құттықтау жолдады. Ғалым Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің негізін қалаушыларының бірі болып, іргелі жоғары оқу орнының қалыптасуына зор еңбек сіңірді. Бастапқыда «Қазақ әдебиеті» кафедрасын басқарып, 15 жыл проректор болды. Оған осы кафедра атынан құрмет көрсетіліп, университет ректоры Ерлан Сыдықов, осы оқу орнының профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов тілектерін айтты. Лебіздер легін Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директоры, ҰҒА академигі Зиябек Қабылдинов жалғады.
Іс-шараға қатысқандар Дихан Қамзабекұлының кітаптарынан құралған көрмені тамашалады. Белгілі қаламгер, әдебиеттанушы ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Абдрахманов оның еңбектеріне тоқталып, «Елшіл жол» және «Байып» атты жаңа кітаптары мерейтой иесін толыққанды публицист ретінде бекітетінін атап өтіп, бұл кітаптарда автор публицистика мен ғылымды, журналистік тіл мен ғылыми стильді жақсы ұштастырғанын айтты. Танымал журналист, «Ана тілі» газетінің тұңғыш бас редакторы Жарылқап Бейсенбайұлы осы басылымның ақпарат айдынына жол тартуы Алаш қайраткерлері ақталған жылдармен сәйкес келіп, газет жұмысына жас алаштанушы ғалымдар да тартылғанын айта келе, олардың арасында Дихан Қамзабекұлы да болғанын, ғалым материалдары арқылы «Ана тілінің» оқылымын арттырғанын айтып өтті.
Белгілі публицист, жазушы Шархан Қазығұл тілегін айтты. Журналист, мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай ағалық лебізін айта келе, жиналғандарға алғысын жеткізді. Іс-шараны түйіндеген Дихан Қамзабекұлының өзі өмір жолы, көрген өнегесі, ұстаздары, солардан алған тәрбие жөнінде сөз сабақтай келе, келгендерге рақмет айтты.