Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында драматург, режиссер Нұржігіт Мүсілімнің «Тәуелді» драматерапиясының премьерасы өтті. Қойылым қоғамдағы лудомания, нашақорлық, интернет пен виртуалды әлемге тәуелділік сияқты өзекті мәселелерді көтеріп, көрерменді терең ойға жетеледі.
Қойылым оқиғалардың психологиялық терапия форматында өрбіді. Әртүрлі тағдыр иелері бір кеңістікте бас қосып, өміріндегі қателіктер мен жан жарасын ашық айтып, тәуелділіктің адам өміріне ғана емес, оның отбасы мен жақындарына да ауыр зардап әкелетінін көрсетеді.
Спектакльдегі басты кейіпкерлердің бірі – Мақсат. Бастапқыда берекелі отбасы мен тұрақты жұмысы болған азамат достарының жетегінде кетіп, құмар ойынға тә уелді болып қалады. Алғашқы ұтыстардан кейін спорттық бәс тігуге көшіп, ақырында лудоманияның құрбанына айналады. Қарызға белшеден батқан Мақсаттан туыстары теріс айналады. Бірнеше мәрте өзіне қол жұмсамақ болған кейіпкерге отбасының, әсіресе баласының махаббаты күш береді. Ұлының «Әке, мен сені жақсы көремін, саған сенемін» деген сөздері оның өмірге деген көзқарасын өзгертіп, жақсы әке болуына ықпал етеді.
Тағы бір кейіпкер – Еркін. Бала күнінен мүгедектігіне (бір аяғы екіншісінен қысқа, ақсаңдап жүреді) байланысты қатарластарының «Ақсақ құлан» атты мазағына ұшыраған ол шынайы өмірден гөрі виртуалды әлемнен жұбаныш іздейді. Ойын әлемінде өзін дені сау, мықты әрі батыр сезінеді. Әкесінен ерте айырылған Еркін анасымен ғана өмір сүріп, кейін қылмыстық әрекеттерге араласа бастайды. Анасына қастандық жасауға дейін барған кейіпкер соңында қателігін түсініп, анасынан кешірім сұрайды. Ал анасы оны әлдеқашан кешіргенін айтады. Еркіннің «Сабағымды дұрыс оқып, жаным дағы адамдарды дұрыс таңдауым керек» деген түйіні жастарға ой салады.
Қойылымдағы Назардың тағдыры да бейжай қалдырмайды. Жоқшылықта өскен қыздың әкесі ішімдікке салынған. Отбасы жүгін анасы арқалайды. Жастық шақтағы сәтсіз махаббат пен есірткіге тәуелділік оның өмірін тұңғиыққа жетелейді. Алайда уақыт өте келе әкесінің де тағдыр тәлкегінің құрбаны болғанын түсінген ол әкесін кешіріп, емделуіне көмектеседі. Ал әкесі өз кезегінде ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігін кеш түсінгенін мойындайды.
Қойылымда қылмыстық топтың басында тұрған Арман Сейітовтің тағдыры да сөз болады. Оның әрекеттері талай адамның өміріне әсер еткенін кейіпкерлердің оқиғасы арқылы байқауға болады.
«Тәуелді» драматерапиясы тәуелділікті жай ғана жаман әдет ретінде емес, адамның ішкі психологиялық жарасымен байланысты күрделі құбылыс ретінде көрсетеді. Спектакльдің негізгі мақсаты – қоғам дертіне айналған кеселдердің алдын алу, отбасы құндылықтарының маңызын ұғындыру және психологиялық қолдаудың қажеттігін көрсету.
Премьера көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, қоғамдағы өзекті мәселелерді өнер арқылы көтерген тағылымды туынды ретінде есте қалды. Соңында Астана қаласы әкімдігі атынан театр ұжымына ықылас гүлі табысталды.
Ұлжалғас ӘБДІҚАДЫР,
Л.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің студенті