Қостанайда 24 тонна спиртті жалған құжатпен елден шығарып әкетпек болғандар ұсталды

Қостанайда 24 тонна спиртті жалған құжатпен елден шығарып әкетпек болғандар ұсталды
Фото: magnific.com

Қарабалық ауданындағы «Қайрақ» өткізу пунктінде облыстық Экономикалық тергеп-тексеру және шекара қызметі департаменттері этил спиртін жалған құжаттар арқылы елден заңсыз әкету әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz. Қостанай облысының прокуратурасына сілтеме жасап. 

Жеке тұлғаның республиканың оңтүстік өңірінен акцизделетін өнімді тасымалдауға лицензиясыз және кәсіпкерлік қызмет субъектісі ретінде тіркеусіз айтарлықтай мөлшерде тасымалдағаны анықталды. Салықтан жалтару үшін ілеспе құжаттарда жүк «алма сірке суы» ретінде көрсетілген.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында күдіктінің әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 224-бабы 1-бөлігі бойынша сараланды. Онда кәсіпкерлік қызметті тіркеусіз, сол сияқты осындай қызмет үшін міндетті лицензиясыз, акцизделетін тауарларды елеулі мөлшерде тасымалдау көрсетілген. 

Қарабалық аудандық сотының 4 маусымдағы үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, оған 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл тағайындалды. Оның 24 тонна этил спирті тәркіленді және тағы да 786 400 теңге айыппұл төлейді.