Сәні келіскен Сабантой

Сәні келіскен Сабантой

Елордадағы қала әкімдік алаңында татар және башқұрт халықтарының ұлттық мерекесі - Сабантой өтті. Мерекелік шараны Астана қаласындағы «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығы ұйымдастырды. Оған этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қала тұрғындары, өнерпаздар мен қонақтар қатысты. Бағдарлама аясында ұлттық қолөнер көрмесі ұсынылып, қонақтарға татар және башқұрт халқының тұрмысы, мәдениеті, салт-дәстүрі таныстырылды. Сонымен қатар ұлттық тағамдар әзірленіп, көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлаған концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Шара барысында халық ойындары мен спорттық жарыстарға да кең орын берілді.

Астана қаласындағы «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығы төрағасының орынбасары Аделия Тухбатованың айтуынша, Сабантой елордада 2000 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді.

«Сабантой Астанада жыл сайын ұйымдастырылады. Биыл бұл мереке 25-рет өтіп отыр. Тек пандемия кезінде ғана онлайн форматта өткізілді. Жалпы, бұл - егіс жұмыстары аяқталғаннан кейін еңбек адамдарына құрмет көрсететін дәстүрлі мейрам. Бұрын диқаншылар, комбайншылар, шаруашылық өкілдері марапатталып, түрлі халық ойындары мен спорттық жарыстар ұйымдастырылған», - деді ол.

Қатысушылар қаппен жүгіру, қасыққа жұмыртқа салып жарысу, коромысломен су тасу секілді дәстүрлі ойындарға қызығушылық танытты. Сондай-ақ кір тасын көтеру, қол күресі және өзге де күш сынасу бәсекелері ұйымдастырылды. Мерекенің көркін қыздырған ұлттық жарыстардың бірі - татар халқының белбеу күресі көрәш болды.

«Мұнда кір тасын көтеру, ауыр заттарды көтеру, қол күресі секілді жарыстар өтеді. Ал ұлттық көрәш күресінің ерекшелігі - қарсыласты белбеуден ұстап, көтеріп, иықтан асыра лақтыру керек. Бұл жағынан ол қазақ күресінен өзгеше», - деді А.Тухбатова.

Оның сөзінше, Сабантойдағы спорттық сайыстардың негізгі мақсаты - ең мықты батырды анықтау.

Мерекелік бағдарлама аясында концерттік нөмірлер де көпшілік назарына ұсынылды. Сахнада Астанадағы татар мәдени орталықтарының шығармашылық ұжымдары, балалар ансамбльдері мен вокалдық топтар өнер көрсетті. Сонымен бірге Татарстаннан келген қонақ әртістер де мерекенің мазмұнын толықтыра түсті.

«Біздің мәдени бірлестіктің ұжымдары - «Туслык» халық ансамблі, «Ялкын» вокалдық ансамблі, «Ёлдызлар» балалар ансамблі және татар тілін үйреніп жүрген оқушылар өнер көрсетті. Сонымен қатар биыл Татарстаннан Айдар Саракипов пен Базарбай Шентай келді», - деді Аделия Тухбатова.

Мерекеге келген қонақтардың айтуынша, Сабантой - тек бір этностың ғана емес, барша жұртты жақындастыратын ортақ думан.

«Бұл мереке біз үшін өте ыстық. Мұнда белбеу күресі, ойындар, музыка, би - бәрі бар. Біз осы арқылы татар халқының мәдениетін, дәстүрін, әдет-ғұрпын көрсетеміз. Татар мен қазақ халқы - бір-біріне жақын, туыс халықтар. Сондықтан мұндай мереке көпшілікке етене жақын», - деді «Дуслык» татар білім беру және мәдени орталығының жетекшісі Яннат Низамудинова.

Оның айтуынша, Сабантой бүгінде достық пен өзара құрметтің мерекесіне айналған.

«Бұл бір жағынан татар халқының үлкен мейрамы болса, екінші жағынан - достардың кездесуі. Әртүрлі этномәдени орталықтардың өкілдері келіп, қолдау білдіріп жатады. Сондықтан Сабантой әрдайым қуаныш, бірлік және бейбітшілік әкелсін деп тілейміз», - деді ол.

Шара соңында ұйымдастырушылар мұндай мерекелер ұлттық құндылықтарды насихаттауға, жастарды дәстүрді құрметтеуге баулуға және этностар арасындағы татулықты нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. Осылайша, елордада өткен Сабантой биыл да көпшіліктің көңілінен шығып, бірлік пен берекені дәріптеген мазмұнды мереке ретінде есте қалды.

Ақмаржан АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2-курс студенті