Жүрген жерінде гүлдерді жайнататын

Жүрген жерінде гүлдерді жайнататын

Бүгін – телерадио ардагері Молдабек Сағымбектің туғанына 70 жыл толып отыр. Бар саналы ғұмырын қазақ телевизиясы мен радиосына арнаған жампоз журналистпен өмірінің соңғы 7-8 жылында аға-іні болып араластық. Таныстығымызға белгілі ақын, аудармашы Дәурен Берікқажыұлы дәнекер болған еді. Сол таныстықтан Молдекеңнің азаматтығына, адамдық кейпіне, достыққа адалдығына тәнті болдым. Ағамен отырып әңгімелескеннің өзі бір ғанибет еді. Өкініштісі, осыдан үш жылдай бұрын, қара күзде асыл азаматтан қапыда айырылып қалдық...

Молдабек Сағымбек телекөрермендер мен радио тыңдаушыларына Мұнар Сағым бүркеншек есімімен жақсы таныс. Қазақ мәдениеті мен әдебиеті, руханияты туралы мазмұнды да, терең талай хабар жасады. Соның ішінде көрнекті ақындар Өтежан Нұрғалиев пен Жұматай Жақыпбаев жайында айтқанын құмарта тыңдайтынбыз. Әсіресе, Өтежанға өте жақын болып, ақын журналист інісін бауырына тартты. Өтежанның мінезі ауыр болғаны, кез келген адамға көне бермегенін естиміз. Сөйткен Өтежан Молдабекті жақсы көрді, жұртқа айтпаған сырын оған айтты. Өтежан өмірден өткен соң, Молдабек аға ақынның кітапханасынан бірнеше кітапты өзіне алып қалды. Соның бірін бірде Молдекеңнің шаңырағында Дәурен екеуміз ақынның қолтаңбасымен көріп, қымбат қазынаға жолыққандай күйді басымыздан кешкен едік.

Сонау 1960 жылы «Жырға сапар» дейтін ұжымдық жинаққа бір топ ақынмен бірге сол кездегі жас Өтежанның да өлеңдері шыққан екен. Сол кітапты Өтежан кейіннен қосылған жары Күләшқа қолтаңбасымен 8 наурыз мерекесіне сыйға тартыпты. Біз көрген – дәл осы кітап. 

Жұматай Жақыпбаевқа келсек, «Сонау бір тоқсаныншы жылдардағы мен кешкен ауыр да қасіретті кезеңдерде Молдабек інім әрқашан да Заи­да апайы­ның қайғы-қасіретін түсініп, өмірден ерте озған, қазақтың дүниеден жай отындай жарқырап өткен талантты ақыны Жұматай Жақыпбаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы терең де мазмұнды xабарлар жасады. Бұл xабарлар ақын Заида Елғондинованың бір сәт те болса қайғысын жеңілдетті. Ал Жұматай Жақыпбаевты xалыққа жеткізудің беташары болды. Сол кезеңдерде Заида апайының қасынан табылып, Жұматай ағасының терең де тылсым табиғатын түсініп, сол бір тариxи сәтті тас­паға түсірген де осы Молдабек інім еді. Біздің туған бауырымыздай болған, тіпті, кейде туғандарын да түсінбейтін қос ақынның тағдырын таспаға түсіріп, xалыққа жеткізгені үшін қазақтың талантты, кәсіби тележурналисі, зиялы азаматы Молдабек Сағымбекке мен өзімді мәңгілік қарыздармын деп ойлаймын» деп естелік жазды Молдабек аға өмірден өткен соң Жұматайдың жары, өзі де белгілі ақын Заида Елғондинова.  

Молдабек Сағымбек қырық жыл «Қазақстан» ұлттық арнасында еңбектенді. Шығармашылық бірлестіктер бас редакторы, Қазақ радиосының бас редакторы, «Алтын қор» бөлімінің редакторы, осы бөлім департаментке айналғанда оның жетекшісі болды. Өмірлік серігіме (бұл да журналист) жұмыс керек болғанда Молдабек аға қасына қабылдады. Сол арқылы Молдекеңнің қол астында еңбектенген тамаша ақын Ұмтыл Зарыққан, Жанат деген жаны жайсаң жігіттермен таныстық. Молдабек аға адамды елге, руға бөлмейтін, қызметкерлерінің кәсібіне адалдығына, кісілік келбетіне қатты көңіл бөлетін. 

Қазір Молдабек аға туралы ойласам, есіме көрнекті ақын Есенқұл Жақыпбектің «Гүл туралы əңгіме» атты балладасы түседі. Онда ақын үйінің ауласын гүлмен көмкеріп тастаған анасы туралы жырлайды. Молдекең де өзі жұмыс істегенде «Қазмедиа» орталығын гүлге толтырып тастады. Зейнетке шығып, жұмыстан кетерінде бұл гүлдермен не істеймін дегенін де көрдік. Кейбіреулерін әріптестеріне сыйлады, ал кейбірі сол жерде қалды.

Қазақта «жүрген жерінде шөп шықпайды» деген жағымсыз мағынада айтылатын сөз бар. Ал Молдабек Сағымбек жүрген жерде гүлдер жайқалып тұратын. Есенқұл ақынша айтқанда, оның талай адамның жүрегіне гүл еккеніне де сенімдімін. Соның бірі – өзім...

Молдабек ағаның артында қыздары, Әлихан деген ұлы қалды. Сол перзенті ұлттық өнерге өте жақын. Соның ішінде домбыраны жақсы тартады. Ағамыз көзінің тірісінде телефоннан ұлының күй тартқан бейнежазбаларын бізге көрсетіп, мәз болатын. Бізге енді сол Әлиханның тілеуін тілеу қалды. Ал журналист Молдабек Сағымбектің еңбегі мен есімі ұмытылмайды. Кеше әріптестері еске алып, «Шалқар» радиосы «Бүгінгі сөз» хабарын оның рухына арнады. Биылғы мерейтойына орай өзге де іс-шаралар жалғасатынына сенгіміз келеді.