(Шабыт пен шаңырақ)
Бұл – әрине, оның өз шаңырағындағы жұмыс істейтін, дәлірек айтқанда, жазу жазатын бөлмесі. Сейдағаңның, Сейдахмет Бердіқұловтың он алты жыл басқарған «Лениншіл жастағы» кабинеті ешкімге таңсық емес. Талайлар болған онда. Ал оның Алматының қақ ортасындағы еңсесі биік, едені паркет пәтеріне, ондағы кітапқа толып тұрған берекелі бөлмеге бас сұғу екінің бірінің маңдайына жазыла қоймаса керек.
Ал біз көрдік. Алты алашты аузына қаратқан ардақты ағаның үйінде қонақ болып, жақсылап жайласып, ет жеп, қымыз ішіп, қызара бөртіп отырушы едік дей алмаймыз. Олай болатындай реті де жоқ-ты. Себебі, ағаның жан жары Күләтай тәтеміз ауыр науқас еді. Қабағына кірбің түсірмей, алақанға салып, аялап бақты оны Сейдахмет аға. Басылымның табиғат аясында өтетін той-томалақтарына жүріс-тұрыстан қатты қиналатын жеңешемізді жетелеп, үнемі ертіп апаратын. Сонысымен де бізге үлгі болатын. Кейде түрлі себеппен жұмысқа кешігіп келетін жас әріптестеріне: «Айналайын, мен кешіксем, өздігінен қасық ұстай алмайтын әйелімді тамақтандырам деп кешігем, ал саған не жорық?!», – деуші еді зілсіз ғана. Сол кезде Сейдағамның біздің көз алдымыздағы онсыз да биік беделі одан әрі асқақтап сала берер еді.
Сонымен, Бердіқұловтың үйі... Біз бұл үйде талай болдық. Өйткені, ол – «Лениншіл жастың» мүйізі қарағайдай бас редакторы, ал біз болсақ, сол газеттің шиборбай, жалаңақ һәм жалаңтөс тілшісіміз. Нөмір дайындалатын, яғни верстка жасалатын күні екінші кезекші бас редакторға бет апарады. Бас редактор біз жеті түнде алып келген беттерді үйден қарайды. Сол қолына жуан қара қаламсабын ұстап, бір-екі түзету енгізеді де, өзімізге қайтарады. Кері бұрылып, іргеде тұрған редакцияға қарай құстай ұшуға ыңғайлана бергенімізде, саусағымен нұсқап, тоқтай тұр дегендей ишарат білдіреді. Сосын жан баласына иілмейтін Бердіқұлов басымен ас үйден тегеш толы нан әкеліп, саған өз қолымен ұсынады. Тәтеміз жан азабынан қиналып, төсек тартып жатса да, біртуар Бердіқұлов ешнәрсе сездірмей-ақ, «нан ауыз ти», «қуыс үйден құр шықпа» деген ұлағатты ұғымдарды сенің санаңа шегелеп береді. Қысқасы, Сейдағаң ас бөлмеден табақ алса, біз осы дәу табақтан салиқалы сабақ алып шығамыз. Ұстазымыздың сол сабақтары әлі күнге дейін қажетімізге жарап келеді.
Сейдахмет ағамыз кейін өзі науқасқа шалдығып, дерт әбден меңдеп жатқанда белгілі журналист Қыдырбек Рысбек екеуміз бұл шаңыраққа жиі келіп тұрдық. Абзал азаматтың соңғы сөздері ми қабыршағымызға жақсылап жазылып қалды...
* * *
Мына бір сырлы сурет Шүкір Шахайдың көл-көсір фотоархивінен шықты. Сірә, Шүкір дос оны алпыс жасқа толуына орай 1993 жылы түсірсе керек. Келер жылы ол кісі дүние салды...
Жып-жылы сурет... Сұлу сөзді Сейдағам немерелерінің ортасында мейірленіп отыр. Таныс шаңырақ, таныс бөлме, таныс үстел... Бейне бір уақыт едәуір кері қарай айналып барып, тура сол жеріне келгенде кілт тоқтап қалған сияқты.
Рухыңыз шат болсын, жаны жайсаң жақсы аға!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
/Суретті түсірген Шүкір Шахай/