Журналистер күні қарсаңында елордадағы Qazaq Creative Hub алаңында «Elorda Aqparat» медиасеріктестігінің Aqsham Talks жаңа жобасының тұсауы кесілді. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойып, қоғамда кітап оқу дәстүрін нығайту мен білімді, зерделі ұлт қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударды. Президент бастамасын ақпарат және мазмұн тұрғысынан қолдау мақсатында Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Elorda Aqparat» медиасеріктестігі жаңа жоба – Aqsham Talks зияткерлік алаңын іске қосты.
Aqsham Talks – білім, технология, руханият, кәсіпкерлік және тұлғалық даму секілді қоғам үшін маңызды тақырыптарды талқылауға арналған ашық пікір алаңы. Мәдени іс-шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұртөре Жүсіп, Бибігүл Жексенбай, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Зұлфухар Ғайыпов, қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Мирас Әбдірахманов, қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп, жазушы-драматург, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова, сондай-ақ кітапсүйер қауым, БАҚ өкілдері және студенттер қатысты.

Алаң айдарға айналады
Іс-шараның тізгінін ұстаған «Elorda Aqparat» медиасеріктестігінің басшысы Олжас Сыдықбек жаңа жобаның басты мақсаты қоғам үшін маңызды тақырыптарды кеңінен талқылап, жұртшылыққа ой салатын мазмұнды пікір алаңын қалыптастыру екенін тілге тиек етті. Оның сөзінше, Aqsham Talks түрлі салада табысқа жеткен азаматтардың тәжірибесін көпшілікпен бөлісіп, білім, руханият, технология, кәсіпкерлік және тұлғалық даму мәселелерін тұрақты түрде талқылауға мүмкіндік береді.
– Бұл жолғы кездесудің басты тақырыбы – кітап оқу мәдениеті. Дегенмен біз тек кітаптың өзі туралы емес, оның адам дүниетанымын қалыптастырудағы, ойлау көкжиегін кеңейтудегі, білім мен рухани дамуға ықпал етудегі рөлі туралы сөз қозғауды мақсат еттік. Кітап оқу – жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның интеллектуалдық әлеуетін арттыратын маңызды құндылық, – деді ол.
Сондай-ақ медиахолдинг басшысы Aqsham Talks жобасының бір реттік бастама емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, осы күннен бастап Aqsham Talks «Astana aqshamy» газетінің тұрақты айдарына айналып, оқырмандарға кітап оқу мәдениеті, оқу дағдысы, интеллектуалдық даму мен тұлғалық өсу тақырыптарындағы мазмұнды мақалалар мен сұхбаттарды тұрақты түрде ұсынып отырады.
«Біз бұл алаңды ойлы оқырман мен қоғамға айтары бар тұлғаларды тоғыстыратын, жаңа идеялар мен пайдалы тәжірибелер алмасатын тұрақты интеллектуалдық кеңістікке айналдыруды көздейміз» деді Олжас Сыдықбек.
Қуана қолдайтын бастама
Жиынның беташар сөзін сөйлеген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, ардагер журналист Нұртөре Жүсіп кітап оқу мәдениетін қалыптастыру ұлттың рухани дамуы мен болашағына тікелей әсер ететін маңызды мәселе екенін, Мемлекет басшысының «Оқитын ұлт» тұжырымдамасын жүзеге асыруға бағытталған бастамалары қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыруға серпін беретінін атап өтті.

– Кітап оқу арқылы адамның мәдениеті қалыптасады, жан дүниесі байып, рухани әлемі кеңейеді. Сондықтан Президенттің кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған бастамасы әр өңірде, әр мектепте, әр ұжымда кеңінен қолдау табуы керек. Кітапты насихаттау – бүгінде өзекті міндеттердің бірі. XXI ғасыр қазақ ұлты үшін жаңа мүмкіндіктер ғасыры болуы тиіс. Біз өткеннің қасіретіне байланып қалмай, болашаққа үмітпен қарауымыз керек. Елдің ертеңі – білімді, ойлы, кітап оқитын жастардың қолында, – деді ол.
Сөз соңында Нұртөре Жүсіп «Elorda Aqparat» медиасеріктестігі қолға алған Aqsham Talks жобасы қоғамға қажетті бастама екенін айтып, мұндай рухани-танымдық кездесулердің тұрақты түрде ұйымдастырылуына тілектестік білдірді.
«Басқосу кітап оқу мәдениеті ғана емес, ұлттың болашағы туралы келелі ой қозғайтын маңызды алаңға айналады деп сенемін. Спикерлер де «Сен тұр, мен атайын» дейтіндей, сайдың тасындай екшеліп келген азаматтар екен. Осындай игі іс-шаралар көп болсын, рухани әлеміміз байи берсін!» деді сенатор.
Осыдан кейін сөз кезегі арнайы шақырылған баяндамашыларға берілді.
оқуға дайынбыз ба?
Тіл маманы, филолог, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, Алматыдан арнайы шақырылған спикер Арын Құнанбайұлы «Оқитын ми: жазғанды оқыту, оқығанды жазудың когнитивтік қыры» тақырыбында сөз қозғады.

– Менің зерттеу саламның негізгі бағыты – тіл мен танымның егіз, тұтас құбылыс екенін дәлелдеу. Осы тұрғыдан алғанда, кітап оқу мәселесіне когнитивтік қырынан қарау маңызды.
Италия ғалымдары «Музыка шыбындар үшін де музыка ма?» деген сұрақ қояды. Музыка шыбындар үшін музыка емес, себебі біз музыканы құлақпен тыңдағанымызбен, шын мәнінде, мимен естиміз. Тыңдау мен есту – екі түрлі категория. Құлақ тек дыбысты қабылдайды, ал оны музыкаға айналдыратын, декодтайтын – ми. Егер ми дайын болмаса, музыка да музыка болып қабылданбайды.
Нейроғылымда адам баласы туа біткен оқитын миымен дүниеге келмейді деген тұжырым бар. Адам өз миын оқуға икемдейді немесе өз миын оқитын миға айналдырады. Тіл білімінде Хомскийдің белгілі теориясы бар. Онда адам өз ана тілін туа біліп келе ме, әлде кейін үйрене ме деген сұрақ қойылады. Бір қызығы, тілге қатысты белгілі бір генетика бағдарламасы болады. Сөйлеу қабілеті, кейбір мінез-құлық ерекшелігі ұрпақтан-ұрпаққа беріледі. Ал оқу қабілетінде ондай дайын генетика бағдарламасы жоқ. Сондықтан ата-анасы қанша жерден оқыған, зиялы адам болса да, баласына кітап оқып бермесе, оны оқуға баулымаған жағдайда, баланың миы өздігінен оқитын миға айналмайды.
Біз кітап оқитын ғана емес, кітап оқып беретін ұлт болуымыз керек. Сонда ғана балаларымыздың, ұрпағымыздың миы оқитын миға айналады.
Оқу дегеніміз жай ғана ақпарат жаттау немесе құрғақ насихат емес. Оқу – мінез қалыптастыратын үдеріс. Адам көптеген кітап оқып, мол ақпарат жинауы мүмкін. Бірақ мінезі қалыптаспаса, ол білімнің пайдасы шамалы. Сондықтан кітап оқу мәселесіне тек білім алу құралы ретінде емес, тұлға тәрбиесінің, сана қалыптастырудың маңызды тетігі ретінде қараған жөн. Әңгімемнің ғылыми зерттеулерге сүйеніп отырған себебі де – осы.
Адам дүниеге келген кезде оның миы оқуға дайын күйде болмайды, бос жатқан тақыр дүние сияқты. Оқитын миды біз өзіміз қалыптастырамыз. Қазақтың жаңылтпашы, жұмбағы, ертегісі, қиссасы, жыры мен әні – бәрі де баланың миын оқуға дайындайтын құралдар. Ырғақ пен әуенге, дыбыс пен таңбаға сүйене отырып, біз баланың санасын біртіндеп оқитын миға айналдырамыз.
Қазіргі когнитивтік ғылымда «Homo consumens» деген ұғым бар. Бұл – тұтынуды өмірлік мақсатқа айналдырған адам типі. Абайша айтсақ, «көзінен басқа ойы жоқ» ұрпақ. Яғни материалдық құндылықтардың соңынан қуып, мыңжылдық құндылықтарды мылжыңдыққа шығару. Мәселен, қазір біреумен емін-еркін отырып Абайдың қара сөздерін немесе Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» еңбегін талқылағыңыз келсе, пікірлес адам табу қиын. Өйткені бәрі материалдық дүниенің соңында жүр. Мұндай жағдайда кітап оқуды тек сюжетті білу, композицияны мазмұндау немесе кейіпкерлерді жаттау деп түсіну – қате. Кітаптың мақсаты – адамды терең ойға жетелеу.
Бізде ұзақ уақыт бойы кітапты жылдам оқу насихатталды. Ал әлемде керісінше баяу оқу мен терең оқуға ерекше мән беріледі. Қазақстанда терең оқу әлі толық жолға қойылған жоқ. Терең оқу дегеніміз – мәтінді түсіну, ойлану, талдау және оны өз тәжірибеңмен байланыстыру. Қазіргі кезде көптеген адам кітаптан сюжетті ғана сұрайды. Тіпті жасанды интеллектіге де «кім кіммен кездесті, оқиға қалай аяқталды?» деген сауалдар қоямыз. Бірақ әдебиеттің мақсаты бұл емес. Әдебиеттің мақсаты – адамның ойлау қабілетін жетілдіру.
Смартфонмен ғана өскен балалардың миы мен кітаппен өскен балалардың миында айырмашылық бар. Кітап оқитын баланың миында нейрондық байланыстар белсендірек дамиды. Бұл оның сөздік қорына, ойлау қабілетіне және ойын жеткізуіне тікелей әсер етеді.
Америкалық зерттеуші Марианна Вулфтың еңбектерінде үйінде кітап оқып беретін балалар мен мұндай ортада өспеген балалардың арасында үлкен айырмашылық бар екені айтылады. Кітап оқитын отбасында өскен балалардың сөздік қоры бай болады, олар ойын жүйелі жеткізе алады, жаңа идеяларды тез қабылдайды. Сөресінде10 кітабы бар отбасы мен бір қабырғасына сірестіре кітап жинаған отбасында өскен баланың миында айқын айырмашылық бар екенін де дәлелдеген осы кісі.
Ғылымда «Matthew Effect in Reading» деген ұғым бар. Оның мәні – бала кішкентай кезінде кітап оқудан қалып қойса, уақыт өткен сайын бұл айырмашылық ұлғая береді. Мысалы, 5-сынып оқушысы орта есеппен 10 мың сөз білуі керек. Алайда кітап оқуға жағдай жасалмаған ортада өскен балалар құрдастарынан миллиондаған сөзді аз естіп өседі. Мұның бәрі кейін олардың оқуына, ойлауына және өмірдегі мүмкіндігіне әсер етеді. Демек, сөздік қордың жұтаңдығы – танымның жұтаңдығы. Қазақ халқы мұны ертеден білген. Сондықтан баланың тілін жаңылтпашпен жаттықтырған, жұмбақпен ойландырған, мақал-мәтелмен тәрбиелеген. Қонақ келгенде балаға тақпақ айтқызу, ертегі сұрау – бәрі де оның миын дамытуға бағытталған тәсілдер. Мысалы, жұмбақтар мен жаңылтпаштар баланың сөздік қорын ғана емес, образды ойлау қабілетін де дамытады. Ал образды ойлау – эмпатияны қалыптастыратын ең маңызды құралдардың бірі.
Ахмет Байтұрсынұлының «Тіл-құралын» қарасаңыз, әр сөйлемнің өзі баланы ойлауға жетелейді. Ондағы мәтіндер жай ғана грамматикалық мысал емес, баланың қиялын, мінезін, дүниетанымын қалыптастыруға арналған. Бүгінгі тілмен айтсақ, бұл – когнитивтік педагогиканың тамаша үлгісі. Сондықтан менің айтпағым, біз кітап оқитын ғана емес, кітап оқып беретін ұлт болуымыз керек. Өйткені оқитын ұлт ең алдымен оқитын миды тәрбиелеуден басталады.
Қазіргі зерттеулер де кітап оқудың маңызын дәлелдеп отыр. Мәселен, BBC жүргізген тәжірибеде журналист дәріс тыңдап отырған кезде телефонына хабарлама келеді. Телефонға қол созбағанның өзінде миында стресс гормондарының деңгейі күрт көтерілгені байқалған. Бұл смартфонның адамның зейіні мен назарын бұзатынын көрсетеді. Яғни кітап оқудың алғы шарты – телефонға телміруді тоқтату. Тағы бір зерттеу смартфонға тәуелді адамдардың миы мен наша шеккен адамдардың миындағы өзгерістерді салыстырған. Ғалымдар зақымданған аймақтардың ұқсас екенін анықтаған. Сондықтан кей зерттеушілер баланың қолына шектеусіз интернеті бар смартфон беру оның қолына 100 грамм есірткі бергенмен тең деген тұжырым жасайды.
Ғалымдардың бақылауынша, анасы балаға кітап оқып берген сәтте екеуінің миындағы нейрондық белсенділік ұқсас жұмыс істейді. Басқаша айтқанда, сіз балаға кітап оқып берген кезде «бала да сізбен бірге оқып отырады». Сондықтан кітап оқу ақпарат алу ғана емес. Ол – баланың қиялын, сөздік қорын, танымын, эмпатиясын және дүниені түсіну қабілетін қалыптастыратын күрделі мәдени әрі когнитивтік үдеріс.
Кітап оқу баланың санасындағы бейнелік, яғни визуалды әлемді дамытады. Мысалы, «қызыл» деген бір ғана сөзді алайық. Қазақ тілінде бұл сөздің қолданылу аясы өте кең: қызыл түс, қызыл көз, қызыл іңір, қызыл арай, қызыл кітап, қызыл шақа, қызыл кеңірдек, қызыл езу, қызыл шеке сияқты ондаған тіркес бар. Бір ғана сөздің осыншама мағынада қолданылуы баланың сөздік қорын ғана емес, оның дүниені бейнелі қабылдау қабілетін де жетілдіреді.
Белгілі ғалым Кит Становичтің зерттеулері 1-сыныптағы баланың сөздік қоры оның 10-сыныптағы жетістігіне дейін әсер ететінін көрсетеді. Ғалым мұны «Matthew Effect in Reading» деп атайды. Яғни кішкентай кездегі сөздік қордың байлығы немесе жұтаңдығы адамның бүкіл оқу жолында алдынан шығып отырады. Ол тек шығарма жазуға ғана емес, сөйлеу мәдениетіне, ойлау қабілетіне, тіпті өмірдегі жетістіктеріне де ықпал етеді. Сондықтан баланың тілін дамыту неғұрлым ерте басталуы керек. Зерттеуші Патрисия Кульдің еңбектерінде тіл үйренудің ең маңызды кезеңі өмірдің алғашқы үш жылы екені айтылады. Үш жастан кейін тіл қабылдау қабілетінің қарқыны біртіндеп төмендей бастайды. Демек, балаға ана тілін үйрету де, кітап оқып беру де мүмкіндігінше ерте басталғаны жөн.
Ал «Балаға кітапты қашан оқып беру керек?». Жауап: баланы алдыңа алып отырғыза алатын кезден бастап кітап оқып беру керек. Тіпті сегіз айлық балаға Достоевскийді немесе өзіңіз оқып отырған кез келген мәтінді оқып бере беруге болады. Мұнда мәтіннің мазмұнынан бұрын баланың тілдік ортаға енуі маңызды. Сондықтан кітап оқуға баулудың алғашқы сатысы – кітап тыңдату. Патрисия Кульдің зерттеуі бойынша бала кітапты алдымен тыңдап барып оқиды. Ал экран арқылы үйрету мұндай нәтиже бермейді. Ғалымдар экраннан қабылданған ақпараттың тірі қарым-қатынастағыдай нейрондық белсенділік туғызбайтынын дәлелдеген. Сол себепті мен әрдайым бір ойды айтамын: жақсы ойлау жанды сөзден басталады. Баламен сөйлесу, оған кітап оқу, ертегі айту – оның санасын қалыптастыратын ең маңызды құралдар. Қарымды қаламгерді де, зерделі оқырманды да ең алдымен отбасы тәрбиелейді. Оқырман ұлт қалыптастырудың бастауы – кітап оқитын отбасы.
Жасанды интеллект – қауіп те, мүмкіндік те
«Жаңа технологияны кітап оқуда қалай тиімді пайдалануға болады?» тақырыбында сөз сөйлеген белгілі IT сарапшысы, жасанды интеллект зерттеушісі Тимур Бектұр бүгінгі технология дәуірінде кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың жаңа тәсілдеріне тоқталды.

Спикер ең алдымен жасанды интеллектіні шектен тыс пайдаланудың салдары туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, ЖИ мүмкіндігі зор болғанымен, оны дұрыс қолданбаса, адамның ойлау қабілетіне кері әсер етуі мүмкін.
– Жасанды интеллект – өте қуатты да, өте қауіпті де құрал. MIT бір зерттеу өткізген екен. Адамдар клубқа кірген, оларға кітап оқытып, эссе жаздырған. Сөйтсе, ChatGPT қолданған адамдардың логикалық ойлау қабілеті 55 пайыз өшіп қалады екен. Осыны біле тұра, балаларымыздың қолына ЖИ-ді ұстатып қоямыз. Бірақ оны ұстатпаса тағы болмайды. Енді қайтпек керек? Біз бір күнде 34 ГБ ақпарат тұтынады екенбіз. Ал енді айтыңызшы, кешегі 34 ГБ ақпараттан не қалды? Түк қалмады. Қазір ChatGPT, Gemini қолданба деп айта алмаймыз. Бірақ кез келген ата-ананың қолынан келетін нәрсе – ЖИ-ді құралға айналдырып беру.
Осы ретте ол жасанды интеллектінің кітап оқуға деген қызығушылықты арттырудағы мүмкіндігіне тоқталды. Мысалы, көлемді әдеби шығармаларды инфографика, анимация, бейнематериал немесе подкаст форматында ұсыну жастардың назарын аударуға көмектеседі.
– Қазіргі балалар мен жастар ақпаратты көбіне визуалды түрде қабылдайды. Сондықтан кітапты жаңа форматта ұсыну маңызды. Мәселен, «Абай жолы» романын инфографикаға, анимациялық бейнеге немесе подкастқа айналдыруға болады. Бұл – кітаптың мазмұнын жеңілдету емес, оған деген қызығушылықты оятудың бір жолы, – деді ол.
Сөз соңында Тимур Бектұр технология мен кітапты бір-біріне қарсы қоюдың қажеті жоқ екенін атап өтті. Оның айтуынша, басты мақсат – жаңа технологиялардың мүмкіндігін пайдалана отырып, кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру және ұлттық құндылықтарды жас ұрпаққа заманауи тәсілдер арқылы жеткізу.
күрделі шығарманы оқу керек
Педагог, тренер Ескендір Бестай кітап оқудағы кілтең түйіндер жайлы айтты.

– Біздің кітап оқуымызға кедергі түсініктер қалыптасып қалған. Кітап оқуды тамақ ішу сияқты сезінеміз. Мәселен, мейрамханаға бардым, палауды алдым, жедім, ұнады, қайта келемін деген сияқты. Бірақ кітаптың дәмін сезіну үшін әдеттегі сағаттардан көбірек уақыт керек. Бірақ біз шыдамсызбыз. Әлеуметтік желідегі сияқты жылдам дүниелерді көргіміз келеді. Сондықтан жастар мына кітап қызық, мынауы оңай, мына кітап қысқа екен деп қарайды. Олар бір-біріне ұсынған кезде осылай таңдау жасайды.
Жақында бір автордың кітабының бетін ашқан кезде «Бұл кітап қызық болады деп ойлай бермеймін, бірақ пайдалы болады деп уәде беремін» деген жазуды көзім шалды. Біз пайдалы деген дүниелерді алға шығаруымыз керек. Қызығын қараңыз, пайдалы болған кітап сізге ешқашан нәтиже бермейді. Сіз мектепте оқып жатқан кітаптың жемісін үйлі болған кезде немесе бүгінгі оқыған кітаптың жемісін ертең ата-әже болған кезіңізде көруіңіз мүмкін. Сондықтан кітап оқудың нәтижесін бірден көре қоямын деу – қате түсінік. Қателесудің тағы бірі «Бос уақытыңда қандай кітап оқисың?» деп жатамыз. Енді осыдан түсінетініміз кітап сонда бос уақытта ғана оқылатын болып тұр. Шындығында, кітап мектеп қабырғасында оқылатын дүние сияқты болып кетті. Оның бір шегі мен шектеуі бар секілді. Жоқ!
Кітап – ерікті түрде таңдау, талғаммен қарау. Мен таңдаған кітап қана мені шын оқырман етеді. Әдетте біз балалармен қарым-қатынас құрған кезде «Қанша бет оқыдың, бүгін қанша кітап оқыдың?» деген сынды сұрақтарды жиі қоямыз. Сол арқылы олардың оқу әдетін қалыптастыруға тырысамыз. Бірақ балалардың тұлғалығына, түсінігіне әсер ететінімізді ойламаймыз. Егер адам өзін оқырман санамаса, оған қандай әдет қалыптастыруға тырыссақ та, оның сыртқы факторлары ғана тәуелді болады.
Мен мектепте сабақ жүргізіп жатқанымда мынадай қызық жағдай орын алды. Барлық бала сабаққа қатысып отыр, ал шеттегі бір оқушы сабаққа қатысудың орнына өзімен-өзі көркем әдебиет оқып отыр. Соны байқаған әріптестерім «Сен мына баланы сабаққа қатыстырмадың» деп маған сын айтты. Мен былай ақталдым: мен несіне оны сабаққа араластырамын?! Біз барлығымыз жабылып «Б» нүктесіне жетуге тырысып жатырмыз. Ал бұл бала «Б» нүктесінде отыр. Мен не үшін оны артқа тартамын? Бұл жердегі оқу-тәрбиенің мақсаты бұлардың дербес оқушы-оқырман болуын қалыптастыру емес пе? Сондықтан бұл оқушы қалыптасып қойды. Мен осылайша қарсылық айтуға тырыстым. Сондықтан біз мектептен дербес оқушы болып шықпасақ, мектептің жұмысы зая болады деп есептеймін.
Тағы бір дүние айтқым келеді. Ата-аналар балаларына суретке толы кітапты емес, оқуға тұратын кітапты әперуі қажет. Оқуды оңайырақ емес, қиындату керек. Бала ешқашан оңай дүниені істемейді. Бала ойынның өзін қиын болғаны үшін ойнайды. Қиын кітапты оқыту баланы дамытады, болашағын қалыптастырады. Тағы бір мәселе: оқу деген тренд бар. Рас, жастар оқып жүр. Бірақ ойланбайды, ой елегінен өткізбейді. Оны жазбайды. Бұл өте маңызды. Кітап емес, мақала оқысаң да ол жайлы ойланып жүру, оны қағазға түсіру керек деп есептеймін. Сол кезде ойың да тереңдей түседі. Сол арқылы оқуға толық бейімделеміз, оқырман бола аламыз.
Адамның өзі – бір әлем
23 жасында БҰҰ-дағы ең жас қазақ дипломаты атанған халықаралық заңгер, тренер әрі сарапшы Алмат Игенбаевтың «Оқу мәдениеті бар қоғам ғана зерделі ұлт қалыптастыра алады» деген түйін төңірегінде өрбіді. Оның айтуынша, бүгінгі Қазақстанға қажет нәрсе – әлемнің дамыған елдеріндегі озық тәжірибені көшіріп алу емес, оны ұлттық ерекшелікке бейімдеп, қоғам игілігіне жарата білу.

– Балаларым үйге келгенде «Қанша сұраққа қате жауап бердің?» деп сұрамаймын. «Қанша сұраққа дұрыс жауап бердің?» деп сұраймын. Себебі бала өзін үнемі қателік арқылы бағаласа, қорқақ болып өседі. Ал жетістігі арқылы бағаласа, өзіне деген сенімі қалыптасады.
Алмат Игенбаев ойлау мәдениетін қалыптастыру мәселесіне де ерекше тоқталды. Оның айтуынша, дамыған елдерде балаларға дайын пікірді қабылдатпайды, керісінше, өз пікірін дәлелдеуге үйретеді. Мәселен, Канада мектептерінде оқушылардан «Автор не деді?» деп сұрамайды. Оның орнына «Автор неге бұлай айтты?» деген сұрақ қояды. Бір қарағанда айырмашылығы аз болғанымен, бұл екі сұрақтың мақсаты мүлде бөлек. Біріншісі ақпаратты есте сақтауды талап етсе, екіншісі ойлануды, талдауды және қорытынды жасауды қажет етеді. Сондай-ақ мұндай білім беру жүйесінде жеке нәтижеден бұрын командалық жұмысқа мән беріледі. Өйткені өмірде табысқа жету тек жеке білімге емес, адамдармен бірлесіп жұмыс істей білу қабілетіне де байланысты.
Спикердің келесі тақырыбы тағы да біліммен сабақтасты. Бұл жолы ол Оңтүстік Корея тәжірибесін мысалға келтірді. Оның айтуынша, бұл елде білімді жастардың мәртебесі жоғары. Қоғам білімді адамды құрметтейді, ал жастар сол деңгейге жетуге ұмтылады.
Спикер қоғамда кездесетін «оқымай-ақ байып кетуге болады», «білімсіз де жетістікке жетуге болады» деген пікірлерге тоқталды. «Мүмкін, кейбір адам қысқа мерзімде табысқа жетер. Бірақ түптің түбінде білімді адам білімсіз адамнан жоғары тұрады. Өйткені білім – уақытша мүмкіндік емес, өмір бойғы капитал» деді ол.
Сөз соңында Алмат Игенбаев зерделі ұлт қалыптастырудың негізгі шарттарын атады. Оның пікірінше, тәртіп қоғамның барлық саласында бірінші орында тұруы қажет. Мектеп, кітапхана, қоғам және экономика бір-бірінен бөлек жұмыс істемеуі керек. Осы төрт бағыт бір арнаға тоғысқанда ғана мемлекет күшейеді.
Оның пікірінше, бала ойын айтқанда бірден сөзін бөліп, үнін өшіре беру дұрыс емес. Керісінше, оның пікірін тыңдап, онымен ой бөлісіп, талқылауға үйрену керек. Себебі дәл осындай пікір алмасу арқылы еркін ойлайтын тұлға қалыптасады. «Бала – бір кітап, бір әлем. Ата-ана да – бір кітап, бір әлем. Адамның өзі кітап сияқты. Кітаптардың бәрі бірдей болмайтыны секілді адамдар да әртүрлі. Санасыз адам болғандай, сапасыз кітап та болады. Сондықтан қандай кітапты оқу керектігін таңдап, оны қоғаммен бірге оқып, бірге талқылай білу қажет, – деп қорытындылады сөзін Алмат Игенбаев.

оқуды тоқтатпау қажет
«Жайдарман» жобасының вице-президенті, сценарист, креативті продюсер Рамазан Фаилов кітап оқу дағдысының сценарий жазуда, ой құрауда, жалпы креативті индустрияда қалай жұмыс істейтіні жөнінде тәжірибелерімен бөлісті.
– Қазір көп адам жылына 60 кітап оқимын, күн сайын жүгіремін деп өзіне мақсат қояды. Бірақ кітапты ойланбай оқу дұрыс емес деп есептеймін. Менің кітапқа келу жолым ағартушылардың жолына ұқсайды. Ең алғашқы оқыған кітабым – Библия. Мен Ватиканда туып-өскен адам емеспін, бірақ оның Библия екенін білмей оқып қойдым. Себебі сыртқы безендірілуі әдемі, қарпі ыңғайлы, ішінде суреттері көп болатын. Содан бері кітаптың сыртына алданып қалатын әдетім әлі бар. Кейде қымбат кітап сатып алып оқып шыққан соң, оның маған ештеңе бермегенін түсінетін кездер болады. Сондықтан кітап таңдағанда мазмұнына көбірек мән берген жөн.
Студент кезімде бір-бірін танымайтын адамдардың ортақ тақырыптарда еркін сөйлесіп, пікір алмасатынын көретінмін. Кейін олардың ешқандай ұйым мүшелері емес, жай ғана кітап пен газет оқитын адамдар екенін түсіндім. Соларға еліктеп кітапханаға бардым. Әрине, бірден өзіме ұнайтын кітапты таптым деп айта алмаймын. Бірақ ақыры таптым.
Өз ақшама сатып алып оқыған алғашқы кітабым – Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы. Мен оны тарихты немесе сол заманның тұрмысын тану үшін оқыған жоқпын. Мені кітапта ұстап қалған нәрсе – Абай мен Тоғжанның махаббаты. Олардың келесі кездесуі қашан болады екен деп оқи отырып, бір томды бітіріп тастаппын. Кейін екінші томға өттім. Солайша менің ойыма Абай кірді, сөз кірді, түсінік кірді. Өкінішке қарай, Абай мен Тоғжан қосылған жоқ, бірақ өміріме кітапқа деген махаббат қосылды.
«Жайдарманда» жүрген кезде кітап оқу мәдениеті жақсы дамыды. Әдебиет маусымы кезінде әдеби шығармаларды оқуға мәжбүр болдық. Соның арқасында мектепте кітап оқымаған талай бұзық, тентек жастардың кітапқа қызығушылығы оянды. Қазіргі көптеген кітап жобаларының негізі сол кезде қаланды деп ойлаймын.
Көп адам қандай кітап оқу керек деп сұрайды. Бұған нақты жауап беру қиын. Әр адамның талғамы әртүрлі. Мен үшін кітаптың үш түрі бар: сатылатын кітап, оқылатын кітап және сатылмайтын да, оқылмайтын да кітап. Соңғысы көбіне жарыстарда сыйлыққа берілетін кітаптар сияқты көрінеді. Егер жасыңыз 15-16 шамасында болса, махаббат туралы кітаптардан бастауға болады. Ең бастысы – алғашқы жүз бетке шыдау. Одан кейін кітаптың өзі жетелейді.
Қазір өзім әке атандым. Балаларымды кітапқа баулуым керек. Егер оларға тек кітап сыйласам, мені ақшасы жоқ адам деп ойлап қалуы мүмкін. Сондықтан планшет те, кітап та сыйлаймын. Бірақ ең алдымен кітапқа деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға тырысамын. Алғашында өзім оқып беремін, кейін комикс болсын, басқа шығарма болсын, қызығушылығына қарай таңдауына мүмкіндік беремін.
Ең бастысы – оқуды тоқтатпау. Себебі бүгін оқыған кітабыңыз дәл қазір керек болмауы мүмкін, бірақ ол сізді ертең қажет болатын кітапқа алып барады. Менің Библиядан кітапханаға дейінгі жолым осындай.
Кездесу барысында айтылған ойлар оқырман қауымды бейжай қалдырмады. Бастапқыда 1,5 сағатқа жоспарланған жоба қатысушылардың қызығушылығының арқасында 2 сағат 30 минутқа созылды. Соған қарамастан, залда отырғандар орнынан қозғалмай, спикерлердің әрбір сөзін ықыласпен тыңдады. Кітап оқу мәдениеті, жасанды интеллект дәуіріндегі білімнің рөлі, әдебиет пен тұлғалық даму туралы пікірлер көпшілікке үлкен ой салып, жаңа ізденістерге жетеледі. Кездесу соңында қатысушылар спикерлерге алғысын білдіріп, мұндай мазмұнды басқосулардың жиі өтуіне тілектестік танытты.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ,
Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ,
Гүлмира АЙМАҒАМБЕТ,
Аружан ЕСЕНГЕЛДІ,
Асыл МЫРЗАҒАЛИЕВ,
Таңсұлу АМАНГЕЛДІ