Астана қаласы Мемлекеттік архивінде белгілі қаламгер, ғалым, ҚР ҰҒА академигі, «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлының 60 жас мерейтойына орай «Алаштың Диханы: Ғылымдағы із бен ізгілік» атты дөңгелек үстел отырысы өтті.
Елорда архивінде Дихан Қамзабекұлының жеке тектік қоры сақтаулы. Іс-шараға қатысқан зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен мерейтой иесінің шәкірттері алдымен сол құжаттармен танысты. Жиынды жүргізген аталмыш архив директоры Жангелді Бимолдин атап өткендей, бұл іс-шара ұлттық ғылым мен руханиятқа өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның ғылыми мұрасын таразылап, өнегелі жолынан тағылым алу мақсатында ұйымдастырылды. Өз сөзінде мекеме басшысы мерейтой иесі алаштануға айрықша еңбек сіңіріп, қазақ әдебиеті тарихын терең зерделеп, ұлт жадын жаңғырту жолында аянбай еңбектенгенін айтып өтті.
Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп Дихан Қамзабекұлы бас қала руханиятының қалыптасуына айрықша үлес қосып, әдеби-мәдени тыныс-тіршілігіне үнемі араласатынын, аталмыш басқарма мен оған қарасты мекемелерге қала тарихына қатысты мәліметтер керек болғанда соның еңбектеріне жүгінетінін атап өтті.
Филология ғылымдарының докторы Амантай Шәріп ғалым қазақ руханиятының көрнекті өкілі екенін айта келе, «Руханият» терминін қолданысқа енгізгенін айтты. Тектілік оның қанына аталарынан дарығанын, әкесі Қамзабек қазақтың тұңғыш математигі Әлімхан Ермековтің дәрісін тыңдағанын, сондықтан Дихан Қамзабекұлы алаштануға тектен-тек келмегенін тілге тиек етті. Астанаға рухани көшті бастап келгенін атап өтіп, осында Сәдуақас Ғылмани секілді үлкен дін қайраткерінің есімін жаңғыртудан бастап, тек Смағұл Сәдуақасұлы ғана емес, Қошке Кемеңгерұлы, Хайретдин Болғанбай сынды Алаш ардақтыларын елге танытуға зор еңбек сіңіргенін жеткізді.
Жиын барысында Дихан Қамзабекұлының өмір жолы мен ғылыми қызметіне арналған, астаналық архив қорында сақталған құжаттар негізінде әзірленген бейнеролик көрсетілді. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Асқар Байарыстан өзі физика-математика саласының маманы екенін айта келе, Алаш қайраткерлерін оған Дихан Қамзабекұлы танытқанын айтып өтті.
Астана қаласы Мемлекеттік архиві директорының орынбасары Тілеуғали Қышқашбай мерейтой иесінің елорданың қалыптасу кезеңіндегі қызметіне тоқталды. Соның ішінде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің іргетасы қалануына, ғылыми ортаның орнығуына елеулі үлес қосқанын, ғалым «Астана қаласының Құрметті азаматы» атағына лайық екенін атап өтті.
Филология ғылымдарының докторы Бекжан Әбдуәлиұлы, белгілі ақын, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазы, филология ғылымдарының кандидаты Қайырбек Кемеңгер, тарихшы ғалымдар Күлпаш Ілиясова мен Қалбан Ынтыханұлы Дихан Қамзабекұлының өздеріне әсері туралы әңгімеледі. Тарих ғылымдарының кандидаты Құралай Сейітқазина Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Қазақстан тарихы» кафедрасы ұжымының сәлемін жеткізіп, сый-сыяпат жасады. Ғалымға Астана қаласы Мемлекеттік архиві және Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы атынан құрмет көрсетілді. Жиынды түйіндеген Дихан Қамзабекұлы жиналғандарға алғыс айтып, архив мәселесіне, қалалық архивке құжаттарды тапсыру тарихына тоқталды. Жақында жарық көрген «Елшіл жол» және «Байып» кітаптарын қалалық архивке тарту етті.