Ұлт саулығы – бәрінен қымбат құндылық

Ұлт саулығы – бәрінен қымбат құндылық
фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы медицина саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөз сөйледі 

Құрметті жиналған қауым!

Ең алдымен баршаңызға медицина қызметкері күні құтты болсын деймін. Өткен жылы біз ардақты кәсіп иелері – медицина мамандарын алғаш рет Ақордаға шақырып, құрмет көрсеттік. Биыл да игі дәстүрге сай өздеріңізді осы жерде көргеніме өте ризамын. Халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деген тағылымды сөзге ерекше мән берген. Ұлт саулығы – еліміз үшін бәрінен қымбат құндылық. Сондықтан медицина саласын дамыту мемлекеттің стратегиялық міндеті саналады. Осы орайда, дәрігердің ел өміріндегі орны айрықша екені сөзсіз.

Шын мәнінде, денсаулық сақтау саласында қоғам игілігі үшін адал қызмет етіп жүрген әр қызметкердің еңбегі ерен. Халқымыз сіздерді ең қадірлі мамандық иесі ретінде сыйлайды және құрметтейді. Түптеп келгенде, медицина мамандары еліміздің басты байлығы – азаматтарымыздың денсаулығын нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келеді. Мен Мемлекет басшысы ретінде осы салада табанды еңбек етіп жүрген барша қызметкерге шынайы ризашылығымды білдіремін.

Қазір біз бәріміз Әділетті, Күшті, Озық әрі Таза Қазақстанды құрып жатырмыз. Қоғамның барлық саласында ауқымды және түбегейлі өзгерістер жасалуда. Біздің алға қойған мақсатымыз айқын. Бұл – жас ұрпақтың игілігі үшін тұғыры берік, қуатты мемлекетті құру. Наурыз айында өткен жалпы­ұлттық референдум кезінде азаматтарымыз отаншылдық пен жауапкершіліктің тамаша үлгісін көрсетті. Медицина саласының мамандары да осы ортақ іске белсене атсалысты. Саяси науқан барысында халқымыз біртұтас ұлт болып ұйысып, тарихи таңдауын жасады. Жұртымыз ел тағдырына бей-жай қарамай, жаңа Конституцияны қолдап дауыс берді. Бұл жарқын болашаққа жол ашатын аса маңызды шешім болғаны анық. Мемлекетіміздің мызғымас тірегі – жаңа Ата заңымызда денсаулық сақтау мәселесіне айрықша мән берілді. Біз ұлт саулығы ұғымына алғаш рет кең ауқымда назар аудардық. Соған сәйкес Конституцияда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау және табиғи байлыққа ұқыпты қарау қағидаттары айқындалды. Бұл адам өмірін сақтау медицина мамандарының міндеті ғана емес, тұтас қоғамның жауапкершілігі екенін көрсететін маңызды қадам болды.

Баршаңызға белгілі, мемле­кет медицина саласын дамытуға әрдайым баса назар аударады. Қазір де осы бағытта ауқымды жұмыс істеліп жатыр. Нақты нәтижелер бар. Былтыр еліміз бойынша азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жақындады. Соңғы үш жылда ана өлімі 35 пайызға, ал сәби өлімі 24 пайызға қысқарды. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы ең төменгі көрсеткіш. Кейінгі жеті жылда еліміз бойынша 1300-ге жуық денсаулық сақтау нысаны салынды. Медициналық сақтандыру саласы да заман талабына сай жаңғыртылды. Қазіргі таңда денсаулық сақтау жүйесінде 280 мыңнан астам маман қызмет етеді. Олардың мәртебесін көтеру және беделін күшейту еліміз үшін басымдыққа ие міндет болып қала береді. Дәрігерлердің қауіпсіздігін қатаң қадағалау жұмысы айрықша назарда болуға тиіс. Осы мәселеге былтыр кәсіби мереке қарсаңында өткен жиында арнайы тоқталдым. Сол себепті мен осы жылдың басында медицина қызметкерлеріне күш көрсеткен адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы Заңға қол қойдым. Бұл шешім қоғамымызда берік орнығып жатқан Заң мен тәртіп қағидатына толық сай келеді.

Тағы бір өзекті мәселе. Өзде­ріңізге мәлім, ауқымды реформалардың арқасында Қазақстан жаңа тұрпатты елге айнала бастады. Азаматтарымыздың болмыс-бітімі, мінез-құлқы, дүниетанымы өзгеріп жатыр. Қазақстан – құқықтық мемлекет. Еліміздің Бас құжаты – Конституциясында дәл осылай жазылды. Бірақ құқықтық ел болу Ата заңда ғана бекітіліп қойған қағидат емес. Осыны дұрыс түсінуіміз керек. Құқық күнделікті күйбең тірліктен басталуы қажет. Бұл – әр адамның жүріс-тұрысы, әдебі, тәртібі, тіпті, мінез-құлқы заңға қайшы болмауы керек деген сөз. Ата заңға сәйкес, біз зайырлы мемлекетпіз. Алайда зайырлы болу ұлт болмысынан аттау немесе халқымыздың бойында бар құндылықтарды ұмыту деген ұғым емес. Озық, заманауи елдің азаматтары ең алдымен қоғамда, яғни, көпшілік ортада, әсіресе, жұмыс орнында өздерін орынды ұстай білуі қажет. Мысалы, соңғы уақытта көп адамдардың, тіпті, амандасу кезінде өрескел, орынсыз әрекеттерге жол беріп жатқанын көріп жүрміз. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты күшейте түсу қажет. Бұл жай ғана шағын мәселе емес. Әр халықтың тұрмыстық салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына қарап шетел адамдары сол елдің қаншалықты мәдениетті, дамыған жұрт екендігі жөнінде пайым жасайды.

Өркениетті мемлекет құру үшін бірінші кезекте халықтың мәдениеті жоғары болуға тиіс. Мұның бәрі, тағы да атап өткім келеді, қоғамдық орындарда әдеп сақтау, өзін дұрыс ұстау, өзара құрмет көрсету сынды негізгі қағидалардан басталатыны анық. Біз осы құндылықтарды кеңінен дәріптеу арқылы қоғамда жаңа этикалық нормаларды орнықтыруымыз қажет. Бұл – баршамызға ортақ міндет. Медицина қызметкерлері осы өте маңызды мәселе бойынша бүкіл қоғамымызға үлгі көрсетуі керек. Жалпы, мемлекет дәрігерлерді құқықтық тұрғыдан қорғаумен қатар, олардың әлеу­меттік жағдайын жақсартуға баса мән береді. Соңғы үш жылда сала мамандарына көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың көлемі жеті есе ұлғайды. Медицина қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңімен көтеріліп келеді. Тек биылдың өзінде бұл мақсатқа қазынадан 33 миллиард теңге бөлінді. Осындай шаралардың арқасында медицина саласындағы кадрлық ахуал да тұрақтала түсті.

Сондай-ақ шалғай ауылдарда еңбек ететін дәрігерлерге ерекше қолдау көрсетілуде. Оларға бір реттік көтерме төлемдер берілуде. Атап айтқанда, былтыр 530 маманға жалпы сомасы 4,5 миллиард теңге қаржы бөлінді. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының бірінші кезеңі сәтті іске асырылды. 2023 жылдан бастап жаңадан 655 бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысаны салынды. Биыл 32 аудандық аурухананы жаң­ғырту жұмыстары аяқталады. Бұл азаматтарды тұрғылықты жерде сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етеді. Елордада және өңірлерде мамандандырылған ғылыми институттар мен көпбейінді ауруханалар, заманауи емханалар және перинаталды орталықтар бой көтеруде. Дегенмен алдағы жұмыс ауқымды. Елімізде пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен 14 мыңнан аса нысан әлі де қыз­мет көрсетіп тұр. Сондықтан Үкімет бүкіл денсаулық сақтау инфрақұрылымына ауқымды реновация жүргізіп, олардың материалдық-техникалық базасын жаңғыртуы қажет. Әйтсе де ең заманауи ауруханалар мен озық құрал-жабдық жұмыстың басы ғана екенін түсінгеніміз абзал.

Негізгі мәселе – білікті маман тапшылығын жою, мұның зардабын әсіресе ауылдық жерлер тартып отыр. Бұл үшін бастап­қы медициналық-санитарлық көмек жұмысшыларын қолдау бағдарламасын әзірлеу қажет. Адамдарға көмектесуге бірінші болып келетін жандар мемлекет қамқорлығын сезінуі керек. Олар үшін лайықты жалақы, толық әлеуметтік пакет және жергілікті жерде жұмыс істеуге ынталандыратын тетіктер болуға тиіс. Медициналық білім беру жүйесін дәйекті түрде жаңғыр­тудың ел болашағы мен ұлт саулығын сақтаудағы стратегия­лық мәні зор. Салалық жоғары оқу орындары бұрынғыдай дәстүрлі білім беру мекемесі емес, іргелі ғылым мен жоғары технологиялар орталығы ретінде жаңғыра бастағаны қуантады. Білім беру үдерісі жетілдіріліп, клиникалық оқыту тәсілдері кеңеюде. Интернатура кәсіби даярлықтың толық кезеңіне айналады. Енді оны тәмамдаған түлектер базалық білімді меңгерген дәрігер ретінде жұмысқа кіріседі. Жаңа буын мамандарын әзірлейтін ұстаханаға айналған еліміздің жетекші медициналық оқу орындарын одан әрі нығайтуға қолдау көрсету маңызды деп санаймын.