Астанада Қазақстан полициясы күніне орай ұйымдастырылған іс-шаралар аясында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлерге арналған Мемориалға гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Дәстүрлі шараға Астана қаласы Полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамы, сондай-ақ ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты.
Қызметтік міндеттерін атқару барысында қаза тапқан әріптестеріміздің жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады. Олар бейбіт заманда азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірлерін құрбан етті.
Тәуелсіздік жылдары ішінде елордалық департаменттің 8 қызметкері ерлікпен қаза тапты. Жалпы алғанда, қызметтік міндетін атқару барысында 26 полиция қызметкері көз жұмды.
Қызметтік борышын орындау кезінде өмірін қиған полицейлердің есімін ұлықтау және жас ұрпақты Отанын, елін сүюге ерлік пен жанқиярлықтың үлгісінде тәрбиелеу мақсатында елордадағы 8 мектепте кадет сыныптары мен естелік бұрыштары ашылды», – деді елордалық департамент бастығы Марат Төлебаев.
Жиналғандар қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, мемориалға гүл шоқтарын қойды. Рәсімге қатысушылар антқа адал болып, соңына дейін өз міндетін абыроймен атқарған әріптестерінің ерлігі мен қайсарлығына және мен жанқиярлық әрекетіне құрмет білдірді.
Қаза тапқан қызметкерлердің ерлігі ішкі істер органдарының тарихында және кейінгі ұрпақтың жүрегінде мәңгі сақталады.