Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында әлемге әйгілі қытай жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Мо Яньмен кездесу өтті. Әдеби кешке қазақстандық қаламгерлер, әдебиеттанушылар, студенттер мен кітапсүйер қауым қатысты.
Мо Янь кім еді?
Мо Янь – шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылған әйгілі қытай жазушысы. Жазушының атағын шығарған туындысы – 1985 жылы жарық көрген «Қызыл гаоляң» шығармасы. Мо Яньның шығармалары алғашында цензураға ұшырап, кейбірін жариялауға тыйым салынған. Соған қарамастан ол оннан астам роман жазып, қазіргі қытай қоғамының тыныс-тіршілігін, әлеуметтік қайшылықтарын, ауыл өмірін және адам тағдырын терең бейнеледі.
Қаламгер 2012 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын иеленіп, бұл марапатқа қол жеткізген алғашқы қытай жазушысы атанды. Нобель комитеті қаламгерді «галлюцинациялық реализмді халық ертегілерімен, тарихпен және қазіргі заман шындығымен шебер ұштастырғаны» үшін марапаттаған.
Кездесу барысында жазушы өзінің шығармашылық жолы, әдебиеттегі ізденістері және қазіргі қоғамдағы әдебиеттің рөлі туралы әңгімеледі. Сондай-ақ қатысушыларды қызықтырған сұрақтарға жауап берді.
– Мен алдымен, қазақ әдебиетін жеткілікті деңгейде оқымағаным үшін кешірім сұраймын. Оның өзіндік себептері де бар. Себебі қытай тіліне аударылған қазақ тіліндегі шығармалар өте аз. Бұйырса, осы сапардан қайтып барғаннан кейін, қазақ жазушыларының қытай тіліне аударылған шығармаларын іздеп тауып, танысамын. Бірақ мен шығармаларын оқымағанымен, қазақ жазушыларының небір керемет шығармалар жазғанын сезініп, түйсініп отырмын. Өйткені Қазақстан – көптеген бірегей ерекшеліктерге ие ел. Қазақ халқының бай эпостық мұрасы, көшпелі өркениет тарихы және кеңестік кезеңде жинақтаған тәжірибесі ұлы әдеби шығармалардың тууына негіз болатын ерекше құндылықтар деп есептеймін. Бүгін қазақ жазушылары мен әдебиеттанушыларының пікірлерін тыңдап, кәсіби деңгейіне тәнті болдым. Әсіресе менің шығармаларыма, соның ішінде «Салпы омырау, сал бөксе» романыма берген бағаларымен толық келісемін, – деп сөз бастаған ол «Салпы омырау, сал бөксе» шығармасын анасына арнап жазғанын атап өтті.
Анаға арнаған шығармам еді
– Мен бұл шығарманы 1994 жылы бастап жаздым. Ол анамның өмірден жаңа ғана озған шағы еді. Сондықтан мен іштей анама арнап бір кітап жазуым керек деп шештім. Алайда ол кезде Қытай әдебиетінде ғана емес, жалпы әлем әдебиетінде ананы бейнелеудің қалыптасқан бір ғана үлгісі бар болатын. Онда ананың ұлылығы, аналық махаббаты, жер-ананың кеңдігіндей шексіз мейірімі мен төзімділігі суреттеледі. Мен дәл сондай ананы тағы бір мәрте жазудың әдеби тұрғыдан жаңалығы аз болады деп ойладым. Өйткені мұндай бейне ананың ең асыл қасиеттерін жинақтап көрсеткенімен, ол толыққанды, жан-жақты ашылған тірі тұлға болмай шығады. Яғни ол әдеби кейіпкер ретінде көпқырлы болмысты түгел қамти алмайды. Сондықтан мен шығармамда өте даулы ана бейнесін сомдадым.
Негізінде ол – мейірімді, нәзік мінезді, дәстүрлі әдеп пен мораль қағидаларын берік ұстанатын әйел болатын. Алайда кейін оның бірнеше ер адаммен төсектес болып, тоғыз баласының сегізінің әкесінің болуы – оның азғындығынан емес, феодалдық тәртіптің қысымы мен зорлығына наразы көңіл күйден туындаған амалсыз қарсылығының көрінісі еді. Шын мәнінде, оның күйеуі ұрпақ сүйе алмайтын, бала көтерту қабілеті жоқ белсіз адам болатын. Бірақ сол кездегі Қытай қоғамында баланың болмауына ер адам кінәлі болуы мүмкін деген ой ешкімнің санасына кіріп шықпайтын. Бар кінәні әйелден іздейтін. Сондықтан Шангуань Луши өз отбасында да, қоғамда да талай қорлық пен қысымға ұшырады.
Қытайдың дәстүрлі феодалдық қоғамында әйел бала көтермесе, оны ешқандай түсініктемесіз төркініне қайтарып жіберуі мүмкін еді. Тіпті қыз ғана туып, ұл таппаған әйелдің де отбасында да, қоғамда да беделі болмайтын. Көптеген отбасыларда ұл балаға басымдық беріліп, ұлды зор, қызды қор санайтын көзқарас қалыптасты. Сондықтан Шангуань Луши ұрпақ сүю үшін басқа ер адамдардан бала көтеруге мәжбүр болды. Ол әлгі адамдарды сүйген жоқ. Бар мақсаты – бала сүю еді. Сөйтіп ол іркес-тіркес жеті қыз табады. Ақыры жеті қыздан кейін егіз бала бір ұл, бір қыз дүниеге келеді, – деді ол.
Кітап атын неге «Салпы омырау, сал бөксе» қойдым?
Жазушы роман атауының не себепті «Салпы омырау, сал бөксе» деп қойылғанын түсіндірді. Оның пікірінше, бұл атау аналық пен өмірдің жалғасуын бейнелейтін символдық мәнге ие.
– Кітапқа атау таңдағанда да бірнеше нұсқаны ойластырдық. Оның бірі – «Ана әлемі», екіншісі – «Алтын ұл мен жаһұт қыз». Өйткені романда дүниеге келген егіздердің ұлы – Шангуань Цзиньтун, ал қызы Шангуань Юйнюй деп аталады. Бірақ мен соңында кітап атын «Салпы омырау, сал бөксе» деп қойдым.
Себебі әр халықтың мәдениетінде ұрпақ жалғастыруға, өсіп-өнуге қатысты түсінік пен таным бар. Барлық халық көбейіп, көпбалалы болып ұрпағын жалғастыруды қалайды. Ал «салпы омырау» мен «сал бөксе» – ана болудың, бала туу мен емізудің негізі символы.
Әрине, мұндай атаудың үлкен дау туғызатынын жақсы білдім. Тіпті кітаптың тағдырына әсер етіп, оған тыйым салынуы да мүмкін еді. Соған қарамастан өз ұстанымымнан бас тартпадым. Ақырында баспа редакторлары да келісті. Кейін кітап бірнеше рет қайта басылғанда, атауын өзгертсек қайтеді деген ұсыныстар айтылды. Бірақ мен оған келіспедім. Өйткені ондаған жыл бойы оқырманға осы атаумен танылған шығарманың атын өзгерту дұрыс емес деп санадым.
Романда әйелдің омырауы туралы да көптеген суреттеулер бар. Кейбір оқырмандар мұны әйел затына құрметсіздік деп қабылдайды. Алайда мен омырауды барынша көркем әрі әсем тілмен бейнелеуге тырыстым. Онда ешқандай нәпсілік астар жоқ. Өйткені әрбір адамның өмірі ана сүтінен басталады. Сонымен қатар шығармада ұрпақтардың жалғасуы, адамзаттың өсіп-өрбуі де кеңінен суреттеледі. Бірақ ең бастысы, мен Шангуань Лу-ши ананың шексіз мейірімі мен аналық махаббатын көрсетуге ұмтылдым.
Оның қыздары әртүрлі әлеуметтік топтардың өкілдеріне тұрмысқа шығады. Бірі коммунистік партия қызметкеріне, бірі Гоминьдан офицеріне, енді бірі америкалық ұшқышқа, тағы бірі жапон басқыншыларына қызмет еткен әскер адамына күйеуге тиеді. Сондықтан олардың күйеулері бір-біріне қарсы соғысқан адамдар еді, кездессе қару кезенуге дайын болатын.
Алайда олардан туған балалардың бәрі бірдей әжесі – Шангуань Лу-шидің қолына келеді. Ана олардың ешқайсын бөлмей, түгел бауырына басады. Оның тәрбиесінде коммунистердің де, гоминьдандықтардың да, жапондарға қызмет еткендердің де, америкалықтардың да ұрпақтары өседі. Ана үшін балалардың ешқайсысы кінәлі емес еді. Ол «баланың жазығы жоқ» деп есептеді.
Роман жарық көргеннен кейін өте қатты сынға ұшырады және қызу пікірталас тудырды. Бұл талқылаулар бүгінге дейін интернет кеңістігінде жалғасып келеді. Менің шығармаларымның ішінде ең көп дау туғызған да, маған ең көп сын мен ең үлкен даңқ әкелген де – осы кітап.
Әрине, қазір қарап отырсам, романда түзетуге болатын тұстар аз емес. Бірақ оны өзгерту керек пе, жоқ па деген мәселеде әлі де ойланып жүрмін. Өйткені бүгінгі қалпындағы шығарма – 1995 жылғы менің дүниетанымым мен көзқарасымның көрінісі. Егер оны қазір түбегейлі қайта жазсам, онда бүгінгі мен кешегіні жоққа шығарған болар едім. Меніңше, бұл оқырманға да, шығарманың тарихи шынайылығына да адалдық болмайды. Сондықтан әзірге кітапты өзгерту немесе өзгертпеу туралы түпкілікті шешім қабылдаған жоқпын.
Үрей өлтірмейді, үміт жетелейді
Осыдан кейін сөз кезегі оқырмандарға беріліп, әдеби кеш еркін сұхбат алаңына ұласты. Қатысушылар Мо Яньның шығармашылығы, әдеби көзқарасы мен жазушылық тәжірибесі туралы сұрақтарын жолдады.
Жазушы Төлен Әбдік «шығарманы көбінде қай кезде жазасыз?, – деп сұрады.
– Жас кезімде күндіз ұйықтап, түнде жазатынмын. Қазір күн тәртібім қалпына келді. Кешке демалып, күндіз жұмыс істеймін, – деді ол.
Осыдан кейін «Астана ақшамы» газетінің тілшісі ретінде біз де сөз алып: «Сіздің шығармашылығыңызда үрей мен үміт ұғымдары жиі қатар өріледі. Адамзатқа көбірек күш беретін қайсысы – үрей ме, әлде үміт пе? Сондай-ақ Нобель сыйлығын алғаннан кейін қаламгер ретіндегі жауапкершілігіңіз артты ма?» деген сұрау қойдық.
– Меніңше, үрей мен үміт адамға бала кезінен серік болады. Үрей – әлсіздердің бойын билейтін, адамның еркінен тыс тылсым күш. Ал үміт адам бойындағы ішкі ұмтылыс пен қалауынан туады. Демек, ішкі қалау қанағаттанбай, адамның үміті де үзілмейді. Жазушының ең үлкен тірегі – ол өз кәсібіне деген адалдығы. Мен Нобель сыйлығын алғаннан кейін де осы қасиетімнен айныған емеспін, – деп жауап қайырды.
Шығармадағы шындық мәселесіне тоқталған ол «әдеби шығармадағы көркем шындық пен шынайы өмірдегі шындық бірдей емес. Ал жазушылар қауымы сол екеуінен де аттап өтіп, «үшінші өмірдегі» шындықты жазуы керек» деп түйді соңғы сөзін. Шығармашылық кеш соңында жазушы оқырмандарға қолтаңба беріп, естелік суретке түсті.