Абайдан қалған жәдігерлер

Ұлттық музейде ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына
орай «Абай мұрасы – халық даналығы» атты көрмесі ашылды.
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы ұйымдастырған көрмеге Абайдың туысқаны Ләйлә Баймағамбетова қатысты. Мұнда Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды жәдігерлер қойылды. Атап айтқанда, ақынның өзі қолданған «Тұмар» домбырасы, асатаяқ, сыбызғы, торсық, ағаш құты, тоғызқұмалақ сияқты заттар мен хакімнің қолжазбалары, оған арнап жазылған туындылар. Көрмеге ақынның 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген алғашқы шығармалар жинағы, 1922 жылы Қазан қаласында және 1933 жылы Қызылордада шыққан шығармалар жинақтары да ұсынылды.
Абайға қатысты музей қорында сақталған құнды мұралармен қатар, еліміздің белгілі суретшілері мен жазушыларының туындылары да көрермен назарына ұсынылды. Соның ішінде А.Ғалымбаеваның «Абай өлең жазу үстінде», Қ.Шүкірбектің «А.Құнанбайұлы», «Ш.Құдайбердіұлы», М.Әуезовтің «Абай жолы» шығармаларына арналған суреттер, сондай-ақ Б.Смақованың «Зере әже» мен «Абайдың балалық шағы» бейнелеу өнері туындылары да көрмені айшықтады. Көрмеден Абайдың кісе белбеуі мен шапанының көшірмесі, ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы фотосуреттер мен естеліктерін де көруге болады. Бұл көрме бір айға жалғасады.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



