Кеше Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында елорданың сайлау комиссияларының құрамына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері қаралды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жиында мәслихаттың осы мәселе бойынша уақытша комиссиясының төрағасы Алтыншаш Табулдина баяндама жасады. Оның айтуынша, жаңа учаскелік сайлау комиссияларын құруға, сондай-ақ аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының жекелеген мүшелерінің құрамнан шығуына байланысты мәселе туындады.
Есіл ауданы бойынша 3 комиссия, Сарайшық ауданында 4 комиссия, Нұра ауданында 1 комиссия жаңадан құрылды. Учаскелік және аумақтық сайлау комиссияларының бірқатар мүшелері өз өтініштерімен құрамнан шықты. Нәтижесінде бос орындардың жалпы саны 1115-ті құрады. Соның ішінде аумақтық сайлау комиссияла рында 10 орын, учаскелік сайлау комиссияларында 1037 орын, жаңадан құрылған учаскелік сайлау комиссияларда 68 орын босады. Осы бос орындарды толтыру бойынша жұмыс жүргізілді. Қандидаттардан құжаттарды қабылдау мәслихаттың ресми интернет ресурсы арқылы жүрді. Биылғы 25 мамыр-8 маусым аралығында жүзеге асырылды. Саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден 1047 ұсыныс түсті. Осындай мәліметтерді жеткізген баяндамашы кандидаттарды бекітуді ұсынды. Депутаттар тізім бойынша ашық дауыс беріп, ұсыныстарды қолдады.