Астанада «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Қазақстан полициясы күнін мерекелеуге және ІІМ «ARLAN» спорт клубының құрылғанына орай ұйымдастырылатын «POLICE RUN-2026» бұқаралық жүгіру жарысы өтеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шара 28 маусым күні Триатлон саябағында өтеді. Қатысушылар 5 шақырымдық қашықтықты бағындырады. Астана қаласы әкімдігіне қарасты Спорттық-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру дирекциясының мәліметінше, жарысқа онлайн тіркелу reg.elordasport.kz сайтында 25 маусым күні сағат 09:00-де басталып, 28 маусым күні таңғы сағат 06:00-ге дейін жалғасады. Қатысушылар саны 1500 адаммен шектелген. Белгіленген лимитке жеткен жағдайда онлайн тіркелу автоматты түрде мерзімінен бұрын жабылады.
Тіркелген қатысушыларға білезіктерді тарату іс-шара өтетін күні сағат 06:00-ден 08:00-ге дейін жүргізіледі. Жүгіру жарысының басталуы сағат 08:00-ге жоспарланған. Жарыстың негізгі мақсаты – бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және тұрғындардың дене белсенділігін арттыру. Айта кетейік, «POLICE RUN-2026» бұқаралық жүгіру жарысы Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы және Астана қаласы әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру дирекциясының ұйымдастыруымен өтеді.