Қоғам

Астанада Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған әскери-патриоттық ән байқауы аяқталды

«Жас сарбаз – Жеңіс рухының жалғасы» жобасы аясында өткен қалалық біріншіліктің финалына жеті өнерлі жас жолдама алды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына арналған бұл іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің Білім және жастар саясаты мәселелері басқармаларының қолдауымен «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының қалалық филиалы ұйымдастырып отыр.

Әскери-патриоттық ән байқауының қорытынды кезеңі Мұқағали Мақатаев атындағы № 74 мектеп-гимназиясында өтті. Іс-шараға Астана қаласы әкімдігіне қарасты «Өркен» балалар мен жасөспірімдердің дене тәрбиесі орталығының басшысы Ғинаят Хамитұлы, республикалық «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы майор Мейірбек Меңдіғалиев, әскери қызметшілер және № 71 мектеп-лицейінің тәрбиеленушілері қатысты.

– Бұл байқау арқылы біз ата-бабаларымыздың ерлік дәстүрлеріне тағзым етеміз. Жас сарбаздар – сол мұраның жалғастырушылары. Ал Отан – әннен, арманнан, істерден басталады. Осы іс-шара арқылы жас ұрпақтың жүрегінде патриотизм отын жағуға тырыстық, – деді республикалық «Жас сарбаз» қозғалысының жетекшісі.

Финалға шыққан қатысушылар өз өнерлерін паш етіп, қазылар алқасы мен көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Олардың қатарында № 30 мектеп-гимназиясынан Саян Үшкемпір, № 87 мектеп-гимназиясынан Шұғыла Ермекова, № 85 мектеп-лицейінен Камила Ислам, № 69 мектеп-гимназиясынан Әбілмансұр Манас, Еуразия гуманитарлық институтының жоғары колледжінен Камила Рүстембек пен Әдия Әлімбаева, № 70 мектеп-лицейінен Тұңғышбай Ыдырыс пен Нұрайша Жүкен, сондай-ақ № 28 мектеп-лицейінің көркем орындауымен көрермендерді тәнті еткен ансамблі болды.

Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлде мен республикалық кезеңге жолдаманы № 69 мектеп-гимназиясының жас сарбазы Әбілмансұр Манас иеленді. Бірінші орын № 87 мектеп-гимназиясының оқушысы Шұғыла Ермековаға бұйырды. Екінші орынды № 70 мектеп-лицейінің дуэті – Тұңғышбай Ыдырыс пен Нұрайша Жүкен алды, ал үшінші орын № 28 мектеп-лицейінің ансамбліне берілді.

Іс-шара аясында SMART SARBAZ робототехника жобаларының көрмесі де өтті. Онда қонақтар мен қатысушылар жас бағдарламашылар мен инженерлердің инновациялық әзірлемелерімен танысуға мүмкіндік алды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button