Мәдениет

Астанада «Сұржекей» шығармашылық кеші өтті

Бүгін Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Роза Бағланова атындағы Қазақконцерт сахнасында Мәдениет Ешекеевтің 90 жылдығына арналған Айдос Саниязбекұлының «Сұржекей» атты алғашқы шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Бұл концертті күміс көмей Біржан Салдың «Айтбай» әнімен шымылдығын түріп, халыққа терең тебіреніс әсер сыйлады.

Одан әрі сахнада шырқалған «Майда қоңыр», «Көгаршын», «Қанатталды» мен «Гауһартас» шығармасының сырлы әуені көрермен жүрегін тербеп, кештің рухани әсерін одан әрі асқақтата түсті.

Ардақ Елеусіз бен Тоғжан Үмбет дуэтінің орындауындағы «Жалғыз аққу» туындысы халықтың ыстық ықыласына ие болды.

Дегенмен, кештің ерекше көрінісі — «Сұржекей» туындысы болды. Бұл шығарма сахнада бейнежазба арқылы көрсетіліп, алдымен қазақ өнерінің көрнекті өкілі Мәдениет Ешекеевтің орындауында берілді. Кейін оның шәкірті Айдос Саниязбекұлының тарапынан жалғасын тауып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Ұлы ұстазға арналған бұл кеш залды өнер мен естелік тоғысқан ғажайып сәтке айналдырды.

Бұл кеште көрермен қауым Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ерлан Рысқали мен Еркін Шүкіманның жоғары деңгейдегі шеберлігіне тәнті болды.

Сонымен қатар, Айдос Саниязбекұлы мен Мәдениет саласының үздігі Перизат Тұрарова орындаған «Туған жер» әнінің ерекше нақыштағы шырқалуы, көрермен көңілінен ерекше орын тапты. Көне ұлттық аспаптарда ойнаған әртістердің сүйемелдеуімен орындалған бұл шығарма кештің биік сәттерінің біріне айналды.

Бағдарлама Айдос Саниязбекұлы мен «ASTANA SAZY» фольклорлық ансамблі бірлескен шебер орындауымен қорытындыланып, көрерменге ұмытылмас әсер мен ерекше рухани толғаныс сыйлап, тыңдарманның зор қошеметі мен шынайы құрметіне бөленді.

Бұл өнер кеші әртістің шығармашылық жолындағы алғашқы жеке концерті. Оның ерекше дауыс мәнері мен табиғи таланты көрермен қауымды сүйсіндірді. Кештің жарқын сәттері тыңдарман жүрегінде өшпес із қалдырып, ұмытылмас естелікке айналғаны анық.

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button