Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры 2026 жылғы 27-28 маусым күндері Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясының желісі бойынша сахналанған жаңа қойылымның премьерасын ұсынады. Ұлттық әдебиет пен театр өнерінің алтын қорынан орын алған бұл шығарма жаңа көркемдік шешіммен сахналанып, көрермен назарына ұсынылады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Премьера қарсаңында 27 маусым күні сағат 17.00-де театр ғимаратында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз брифинг өтеді. Брифинг барысында «Қан мен тер» драмасының қойылымдық ерекшеліктері, шығармашылық тұжырымдамасы, спектакльді сахналау барысы мен қатысқан шығармашылық топ туралы ақпарат беріледі. Сонымен қатар театрдың шығармашылық қызметі, 35-маусымның қорытындылары, жаңа жобалары мен алдағы жоспарлары таныстырылады. БАҚ өкілдері спектакль авторлары мен қоюшы топ мүшелеріне өз сауалдарын қою мүмкіндігіне ие болады.
Брифинг барысында Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының 35 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар жоспары таныстырылып, театрдың қалыптасу және даму тарихы, шығармашылық жетістіктері, 35-маусымның қорытындылары мен алдағы жоспарлары туралы есеп беріледі. Сондай-ақ театр репертуарына қосылатын жаңа қойылымдар мен мерейтойлық жобалар жөнінде ақпарат ұсынылады.
Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы – қазақ әдебиетіндегі ең көрнекті туындылардың бірі. Көрнекті қаламгер адам тағдырын дәуірдің күрделі қоғамдық-саяси өзгерістерімен астастыра отырып, тұтас халықтың өмір шындығын көркем бейнеледі. Кезінде әдеби қауым тарапынан жоғары бағаланған шығарма 1974 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
«Ымырт», «Сергелдең», «Күйреу» атты үш кітаптан тұратын роман-трилогияда қазақ халқының тарихындағы ең күрделі кезеңдердің бірі суреттеледі. Автор жекелеген кейіпкерлердің тағдыры арқылы ел өміріндегі өзгерістерді, әлеуметтік қайшылықтарды, адамгершілік пен ар мәселелерін терең ашады. Шығармадағы Еламан, Ақбала, Тәңірберген секілді кейіпкерлердің өмір жолы уақыт сынындағы адамның рухани болмысын көрсетеді.
«Қан мен тер» – өткен дәуірдің ғана емес, бүгінгі қоғамның да өзекті мәселелерімен үндесетін шығарма. Әділдік іздеу, адамдық ұстаным, билік пен жауапкершілік, махаббат пен сатқындық секілді мәңгілік тақырыптар қойылымның негізгі өзегіне айналған. Бұл туынды театр тарихында ерекше орын алады. «Қан мен тер» спектаклі театр сахнасында 2007 жылы қазақ режиссурасының көрнекті өкілі, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі Әзербайжан Мәмбетовтің сахналануымен көрерменнің ыстық ықыласына бөленген болатын. Бүгінде шығарма жаңа шығармашылық көзқараспен қайта жаңғырып, жаңа буын көрерменімен қауышқалы отыр.
Қойылымның қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов. Инсценировка авторы әрі режиссері – Қазақстанның Халық артисі Тілектес Мейрамов. Қойылымның сценографы және костюмдер бойынша суретшісі – Қанат Мақсұтов. Композитор – Қайрат Амангелдіұлы. Хореографы – Асан Борончинов. Жарық қою бойынша суретші – Азамат Бекбембетов.
«Қан мен тер» – өткенді еске түсіру үшін емес, бүгінгі күнді тереңірек түсіну үшін қажет шығарма. Ұлт тарихындағы күрделі кезеңдерді, адам тағдырының қатпарлы болмысын және мәңгілік құндылықтарды арқау еткен бұл қойылым көрерменді ойлануға, өткен мен бүгіннің арасындағы байланысты жаңаша пайымдауға шақырады.
Ұлттық театрдың 35-маусымын қорытындылайтын бұл премьера көрерменді халқымыздың тарихи жадына үңілуге, адам тағдыры мен заман шындығы туралы терең ойлануға шақырады. Қазақ әдебиетінің үздік үлгілерінің бірі саналатын шығарманың жаңа сахналық шешімі театрсүйер қауым үшін маусымның маңызды мәдени оқиғаларының біріне айналмақ.