Қоғамдық келісім жолындағы ақпараттық миссия

Қоғамдық келісім жолындағы ақпараттық миссия

28 маусымда Қазақстанда Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні атап өтіледі. Бұл – елдің ақпараттық кеңістігін қалыптастырып, мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалогты қамтамасыз етіп, қоғамдық сенімді нығайтуға үлес қосып жүрген мамандардың кәсіби мерекесі. Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қоғамдық келісім» РММ Ақпараттық жұмыс және жұртшылықпен байланыс басқармасы үшін бұл күннің маңызы ерекше. Басқарма ұжымы ұзақ жылдар бойы тек баспасөз қызметінің міндеттерін атқарып қана қоймай, Қазақстан халқы Ассамблеясын, мемлекеттік органдарды, бұқаралық ақпарат құралдарын және азаматтық қоғам институттарын байланыстыратын маңызды коммуникациялық орталық ретінде қызмет етті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Қазақстан халқы Ассамблеясының әрбір ірі жобасы, қоғамдық бастамасы, форумы мен диалог алаңының артында жүйелі ақпараттық жұмыс тұрды. Басқарма мамандары БАҚ-пен өзара іс-қимыл жасаудан және ақпараттық күн тәртібін қалыптастырудан бастап, мультимедиялық контент дайындау мен оны түрлі коммуникациялық алаңдарда ілгерілетуге дейінгі ақпараттық сүйемелдеудің толық циклін қамтамасыз етті.

Жылдар бойы республикалық және өңірлік деңгейдегі мыңдаған іс-шара кеңінен жарияланып, ауқымды ақпараттық науқандар жүзеге асырылды. Көптеген жарияланымдар, бейнематериалдар, сұхбаттар, талдамалық шолулар мен арнайы жобалар дайындалды. Осы жұмыстың нәтижесінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі қоғам үшін барынша түсінікті әрі қолжетімді бола түсті.

Этносаралық қатынастар саласында оң ақпараттық ортаны қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар, талдамалық материалдар, арнайы жобалар, подкасттар және этностық БАҚ-пен ынтымақтастық арқылы қоғамдық келісім, азаматтық жауапкершілік, өзара құрмет пен Қазақстан халқының бірлігі идеялары жүйелі түрде насихатталды.

Бұл бағыттағы маңызды бастамалардың бірі – ҚХА Журналистер клубы болды. Республикалық және өңірлік БАҚ өкілдерін, сарапшыларды, қоғам қайраткерлерін және қоғамдық пікір көшбасшыларын біріктірген бұл бірегей алаң кәсіби диалогтың, тәжірибе алмасудың және қоғамдық дамудың өзекті мәселелерін талқылаудың орталығына айналды. Сонымен қатар этносаралық өзара іс-қимыл тақырыптарының объективті әрі жан-жақты жариялануына ықпал етті.

Заманауи цифрлық коммуникацияларды дамыту да маңызды бағыттардың бірі болды. Ресми интернет-ресурстар, әлеуметтік желілер, бейнежобалар, подкасттар, деректі фильмдер мен арнайы медиажобалар бейбітшілік, келісім және бірлік құндылықтарын ілгерілетуге бағытталған тұрақты ақпараттық экожүйені қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Өңірлермен өзара іс-қимыл да ерекше маңызға ие болды. Облыстық және қалалық құрылымдардың баспасөз қызметтерімен тұрақты байланыс орнату, жедел ақпарат алмасу және бірлескен медиажобаларды жүзеге асыру арқылы этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты ақпараттық сүйемелдеудің бірыңғай жүйесі қалыптастырылды.

Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы тарихындағы маңызды кезеңнің қорытындылары шығарылуда. Өз қызметі барысында ҚХА түрлі этнос өкілдерін бейбітшілік, тұрақтылық және азаматтық бірлік құндылықтарының төңірегіне топтастырған бірегей қоғамдық институт ретінде қалыптасты. Жинақталған тәжірибе, жүзеге асырылған бастамалар мен қоғамдық диалогтың қалыптасқан тетіктері қоғамдық келісімді одан әрі нығайтуға берік негіз болып қала береді.

Бұл үдерісте «Қоғамдық келісім» РММ-ге ерекше жауапкершілік жүктеледі. Мекеме қоғамдық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды, мәдениетаралық диалогты дамытуды және қоғамдық бастамаларды қолдауды жалғастырады. Өз кезегінде ақпараттық блок сапалы медиакеңістікті қалыптастыру, заманауи коммуникациялық құралдарды дамыту және бірлік құндылықтарын жаңа жағдайларда ілгерілету бағытындағы қызметін жалғастырмақ.

Бүгінде мамандар алдында жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Заманауи цифрлық платформалар, мультимедиялық форматтар мен талдамалық құралдар қоғаммен тиімді диалог орнатуға, уақыт талабына жедел жауап беруге және әртүрлі аудиторияға арналған өзекті контент жасауға мүмкіндік береді.

Кәсіби мереке қарсаңында журналистерге, редакторларға, операторларға, фотографтарға, сарапшыларға, баспасөз хатшыларына, этностық БАҚ өкілдеріне, ҚХА Журналистер клубының мүшелеріне және ұзақ жылдар бойы ортақ миссияны жүзеге асыруға атсалысқан барлық серіктестерге ерекше алғыс білдіреміз.

Сіздердің кәсібиліктеріңіз, жауапкершіліктеріңіз және іске деген адалдықтарыңыздың арқасында қоғамдық келісім идеялары мыңдаған жарияланымдарда, сюжеттерде, сұхбаттар мен медиажобаларда көрініс тауып, бейбітшілік пен бірлік құндылықтары қоғамдық күн тәртібінің маңызды бөлігіне айналды.

Ақпараттық жұмыс қашанда жаңалық тарату ғана емес, адамдар арасындағы сенім кеңістігін қалыптастырудың маңызды құралы болды. Институттар өзгеріп, технологиялар жетіліп, коммуникацияның жаңа форматтары пайда болғанымен, өзара құрмет, ашық диалог және қоғамдық келісімге ұмтылу қағидаттары өзгеріссіз қала береді.

Сондықтан бұл жұмыстың тарихы жалғасын таба береді. Алда Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға, диалог мәдениетін дамытуға және сенімге, жауапкершілік пен өзара түсіністікке негізделген қоғам қалыптастыруға бағытталған жаңа жобалар мен жаңа мүмкіндіктер күтіп тұр.