Қоғам

Ашықтық пен адалдық – сенім негізі

Бүгінгі қоғамда мемлекеттік мекемелердің басты мақсаты – халықтың сенімін арттыру. Ал сенімнің негізі – ашықтық пен адалдық. Бұл екі ұғым – мемлекет пен азамат арасындағы байланыстың берік іргетасы. Биыл да Есіл ауданы әкімдігі тарапынан заңбұзушылықтың алдын алу, ашықтықты арттыру және халықпен тиімді кері байланыс орнату бағытында бірқатар нақты істер атқарылды.

Әрбір жергілікті атқарушы органның міндетіндей, біздің де басты міндетіміз – тұрғындардың сенімін арттыру және мемлекеттік бағдарламаларды барынша ашық түрде орындау. Осы мақсатта әкімдік сайтында да, әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларымызда да барлық жаңалықтар, жиындар мен жұмыстар туралы ақпарат тұрақты түрде жарияланып отырады. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қатысты ішкі талдау жыл сайын жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мәселен, биыл маусымның 2-сі мен шілденің 15-і аралығында «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» бағыты бойынша ішкі талдау жұмыстары өткізілді. Мұндай талдау барысында жеке және заңды тұлғалардан түскен өтініштердің орындалуы, кадрлық саясаттағы ашықтық, құрылымдық бөлімшелердің қызмет сапасы жіті бақылауда ұсталады. Бұл – тек құжат жүзіндегі шара емес, нақты нәтижеге бағытталған жұмыс. Биыл да әкімдік тарапынан құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша жаңа іс-шаралар жоспары бекітіліп, арнайы жұмыс тобы құрылды.

Әрбір шешім, әрбір бастама азаматтардың мүддесіне сай болуы үшін билік жұмысы барынша айқын әрі адал болуы тиіс. Халықпен ашық диалог орнату – тығыз байланыс қалыптастырудың ең тиімді жолы. Осы бағытта тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштерін жеке қабылдау, қоғамдық қабылдаулар және онлайн байланыс алаңдары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мәселен, Telegram желісінде ашылған «Есіл ауданы тұрғындары» чаты халық пен билік арасындағы сенімді байланыстың нақты көрінісі болып отыр. Онда тұрғындар өз сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жаза алады. Әрбір өтініш бақылауға алынып, орындалуы қадағаланады.

Әкімдік қызметкерлері әлеуметтік желілердегі азаматтық журналистер мен белсенді тұрғындардың пікірлерін де ескеріп, кері байланыс орнатуға тырысады: Instagram және Facebook парақшаларымызда жарияланатын материалдар – біздің жұмысымыздың ашықтығы мен есептілігінің дәлелі.

Ауданымыздың ішкі тіршілігін қамтамасыз ететін тағы бір тиімді тетік – «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы. Бұл бастама арқылы тұрғындар өз аулаларын абаттандыру жөніндегі жобаларды ұсынады, дауыс береді және олардың орындалуын бақылайды. Былтыр 4 жоба жүзеге асырылса, биыл тағы 6 жоба орындалды. Бұл – тұрғындардың өз ортасын жақсартуға деген белсенділігін арттыратын ерекше мүмкіндік.

Сонымен қатар, тұрғындардың өтініштерін жедел қабылдайтын «iKomek109» орталығы да өз тиімділігін дәлелдеп отыр. Биылғы 10 айда аудан бойынша барлығы 10079 өтініш келіп түсті. Оның 9856-cы толық орындалды, қалған 223 өтініш қаралу үстінде. Өтініштердің басым бөлігі абаттандыру, жолдардағы орташа жөндеу және тазалық жұмыстарына қатысты болды.

Есіл ауданында «Сергек» бейнебақылау жүйесі де заңбұзушылықтың алдын алуда маңызды рөл атқарып келеді. Оның көмегімен қоғамдық тәртіпті бұзу, жол ережесін сақтамау немесе рұқсатсыз қоқыс тастау фактілері анықталып, тиісті шаралар қолданылуда. Тазалық мәдениетін арттыру мақсатында биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Таза Қазақстан» экологиялық айлығы аясында кең көлемді жұмыстар атқарылды. Аудан аумағында заңсыз қоқыс орындары анықталып, 150 мың тоннадан астам қалдық шығарылды.

Бүгінгі таңда Есіл ауданы айтарлықтай қарқынмен дамып келеді. Бұл – тұрғындардың, мемлекеттік қызметкерлердің және белсенді қоғам өкілдерінің бірлескен еңбегінің нәтижесі. Белсенді қоғам өкілдері демекші, жақында блогер Болат Бащжановпен бірге «Әкімнің бір күні» жобасында өзімнің бір күндік жұмысымды көрсеттім. Мұны мемлекеттік мекемелердің және мемлекеттік қызметшілердің халық алдындағы ашықтығының бір көрінісі деп білемін және мұндай ашық диалогтардың маңызы зор екенін атап өткім келеді.

Адамзат тарихында Аристотель айтқандай: «Адалдық пен ізгілік – ұлы істердің бастауы». Біз де ашықтық пен адалдық қағидаттарын ұстана отырып, әділетті қоғам құруға тырысамыз. Халық сенімі – ең үлкен жетістік, ал сол сенімді сақтау – барлығымыздың ортақ міндетіміз.

Дәрменияр ҚЫДЫРБЕКҰЛЫ,

Астана қаласы Есіл ауданының әкімі

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button