Көрінбейтін толқын, сезілетін әсер

«Радиотолқындардың адам ағзасына әсері» тақырыбымен елордада ашық форматта дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, ғылыми қауымдастық, халықаралық ұйымдар, байланыс операторлары, өңірлік құрылымдардың өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – азаматтарға радиотолқындар мен заманауи телекоммуникация технологияларының адам денсаулығына ықпалы туралы ашық әрі түсінікті ақпарат беру, сондай-ақ бұл мәселені ғылыми деректерге, сараптама бағасына және қолданыстағы санитарлық нормаларға сүйене отырып талқылау.
Бүгінгі таңда байланыс пен цифрлық технологиялар қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Ұялы байланыс, интернет, 4G және 5G желілерінің дамуы өнеркәсіп, білім беру, қашықтан медицина қызметін көрсету, «ақылды қала» жобалары сияқты көптеген салаға жаңа мүмкіндік ашып отыр. Сонымен қатар жаңа технологиялардың адам денсаулығына әсері жөніндегі сұрақтардың жиі көтерілуіне себеп болуда.
ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің өкілдері цифрлық трансформация, азаматтар мен бизнес үшін қашықтан көрсетілетін қызметтердің артуы телекоммуникация инфрақұрылымына қосымша жүктеме түсіретінін атап өтті.
«Базалық станция мен абонент құрылғысы арасындағы қашықтық сәулелену деңгейіне тікелей әсер ететін фактор: смартфон базалық станциядан алыстаған сайын өз қуатын арттыруға мәжбүр. Ал базалық станциялардың жиі орналасуы, керісінше, абонент құрылғыларының сәулелену деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді» деді ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков.
Дөңгелек үстелде радиофобия мәселесі де көтерілді. Сарапшылар бұл құбылыс мобильді байланысты дамытуға кедергі келтіріп отырғанын атап өтті. GSM стандартындағы базалық станциялар тұрғын аймақтармен ұзақ жылдар бойы қатар орналасып келгеніне және денсаулыққа байланысты жаппай теріс әсерлер тіркелмегеніне қарамастан, кей өңірлерде радиофобия салдарынан базалық станцияларды алып тастау жағдайлары әлі де кездеседі. Мұндай шешімдер байланыс сапасының төмендеуіне алып келетіні айтылды.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары Қазақстанда электромагниттік сәулеленуге қатысты қатаң санитарлық нормалар қолданылатынын еске салды. Атап айтқанда, радиосигналдың рұқсат етілген шекті деңгейі 10 мкВт/см² болып белгіленген. Сонымен қатар Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі және Денсаулық сақтау министрлігі бірлесіп, ғылыми және медициналық зерттеулерге кешенді метаанализ жүргізуді көздейтін жол картасын іске асыруда.
Халықаралық тәжірибе аясында электромагнит өрістерінің әсерін реттеу мәселелері Халықаралық электр байланысы одағының өкілдері тарапынан таныстырылды. Спикерлер Қазақстанда қолданылатын нормалардың халықаралық стандарттарға сай келетінін айтты.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар қоғаммен ашық диалогты жалғастырудың, түсіндіру жұмысын күшейтудің және бұқаралық ақпарат құралдарының объективті әрі теңгерімді қоғамдық пікір қалыптастырудағы рөлінің маңызын атап өтті.



