Қытайдың Гуйян қаласында өткен бокстан Әлем кубогінде ел намысын абыроймен қорғап, алтын медаль жеңіп алған елордалық спортшылар – Қазақстан құрамасының капитаны, аса ауыр салмақтағы боксшы Айбек Оралбай мен 50 келі салмақ дәрежесіндегі Санжар Тәшкенбай Астанаға оралды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жеңімпаз спортшыларды елорда әуежайында ата-аналары, туыстары, спорт саласының өкілдері мен жанкүйерлері салтанатты түрде қарсы алды. Әлем кубогында топ жарып, ел мерейін асырған боксшыларға құрмет көрсетіліп, жылы лебіздер айтылды.

«Баршаңызға қайырлы кеш! Бүгін елге оралып, ерекше қуаныш сезіміндеміз. Әлем кубогы өте жоғары деңгейде өтті. Жарысқа 40-тан астам мемлекеттің спортшылары қатысып, бәсекелестік өте жоғары болды. Сондықтан бұл турнирді әлем чемпионатымен деңгейлес деуге болады.
Өзім төрт жекпе-жек өткіздім. Әр кездесу оңайға соққан жоқ, бар күш-жігерімді салдым. Қазақ еліне алтын медаль сыйлағаныма өте қуаныштымын. Біз бұнымен тоқтап қалмаймыз. Алдымызда Азия ойындары, әлем чемпионаты және Олимпиада ойындары тұр. Сол жарыстарға тыңғылықты дайындалып, еліміздің абыройын асқақтату үшін еңбек ете береміз.
Қолдау білдіріп, жанкүйер болған барша қазақ еліне алғысымды білдіремін», – деді Әлем кубогының жеңімпазы Айбек Оралбай.
Айта кетейік, дүбірлі додаға әлемнің 44 елінен 300-ге жуық спортшы қатысты. Аталған жарыста астаналық былғары қолғап шеберлері екі алтын медаль жеңіп алды.
Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 5 алтын және 3 қола медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады.