NEET санатындағы жастар арасында спорт жарысы өтті

Астанада NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіру және жан-жақты қолдау мақсатында «Astana Жас Жігер» жобасы жалғасып жатыр. Жобаның кезекті шарасы ADD Sport Astana үстел теннисі орталығында 30 адамның қатысуымен өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
NEET санатына 15-34 жас аралығындағы уақытша жұмысы және білімі жоқ жастарды жатқызады. 2025 жылғы Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, елордада 6,2% немесе 28 мыңдай жас азамат осы санатқа кіріп тұр.
«Astana Жас Жігер» жобасы елордада 2022 жылдан бастап тұрақты негізде жүзеге асырылуда. Бұл жобаның мақсаты – елордалық базарларда жұмыс істейтін жастар, фрилансерлер арасында мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру. Олардың көпшілігі бізге маусымдық жұмысқа келеді. Қазіргі сәтте Астана қаласы республикамыздағы ең көп жастардың келетін қаласы қатарына кіреді. Біздің міндетіміз – жастарды назардан тыс қалдырмау, олардың бос уақытын пайдалы өткізуіне атсалысу.
Қараша айының соңында басталған жобада NEET жастар шағын футбол, волейбол, үстел теннисін ойнаса, уақытша түзету мекемесіндегі жастар армрестлинг, гір тасын көтеру, арқан тартыста сынға түсіп жатыр», — деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының жастар бастамаларын қолдау бөлімінің маманы Дәуіржан Жұмахан.
Бүгінде үстел теннисімен елімізде 260 мыңнан астам адам жүйелі түрде шұғылданады. Ал дәл осы жоба арқылы NEET жастар заманауи спорт кешенінlt үстел теннисімен айналысуға мүмкіндік алды.
Жарыс қорытындысы бойынша жүлдегерлер диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Енді алдағы уақытта шағын футболдан базар жастары арасындағы жеңімпаздар белгілі болады.



