Келешегі мол колледж

Астана қалалық мәслихатының депутаттары Астана әкімдігіне қарасты Технологиялық колледжге барды. Бұл туралы Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Бұл – оқу орны елорданың қолданбалы білім беру саласындағы жетекші оқу орындарының бірі. Мұнда еліміздің барлық өңірлерінен келген студенттер білім алады, әрқайсысы кәсіби тұрғыда дамуға мүмкіндік табады.
«Әсіресе, өткен жылдан бастап колледжде жаңа әрі аса сұранысқа ие мамандық – техник-гидрогеолог даярлау басталғанын ерекше атап өткен жөн. Кездесуге «Қазгидрогеология» ҰАҚ өкілдері шақырылды. Олар студенттерге өндірістік тәжірибеден өтуге орын беруге, ал болашақта жұмысқа орналастыруға дайын екенін білдірді. Бұл Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында маңызды қадам болып табылады» деді ол.
Колледж қоғамдық және кәсіби бағытта белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Оның базасында кондитерлер мен ұлттық киім дайындаушы шеберлер арасында ұлттық жарыстар өткізіледі. Колледж студенттері бірнеше рет халықаралық байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды, бұл педагогикалық ұжым жұмысының және білім беру бағдарламаларының сапасының жоғары екендігін көрсетеді.



