Астана қаласының спортшысы Асылым Жақия Германияның Зуль қаласында өтіп жатқан оқ атудан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
16-26 маусым аралығында өтіп жатқан ISSF Junior World Championship әлем біріншілігіне 63 елден 778 спортшы қатысуда. Жарыста қатысушылар оқ ату және стенд атудан медальдарды сарапқа салды.
Қыздар арасында 25 метр қашықтықтан тапаншамен ату сайысында елордалық Асылым Жақия 554 ұпай жинап, алтын медаль иеленді. Осылайша ол жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы сапында елордалық спортшылар да өнер көрсетіп жатыр. Оқ атудан Кирилл Цуканов, Темірлан Ердембек және Асылым Жақия қатысса, стенд атудан Ангелина Сорокина ел намысын қорғап жүр.
Зуль қаласындағы әлем чемпионаты 26 маусымға дейін жалғасады.