Қоғам

Таным. Тәрбие. Тағылым

Бас қалада алғаш рет мектеп басшыларынан құралған республикалық педагогикалық хакатон өтті. «Таным. Тәрбие. Тағылым» атты ауқымды іс-шараны Астана қаласының Білім басқармасы, Әдістемелік орталық, Астана қаласы әкімдігінің І.Жансүгіров атындағы №58 мектеп-гимназиясы және «Unit LLC» ЖШС бірлесіп ұйымдастырды. «Unit LLC» ЖШС директоры Айдос Жұманазар демеушілік жасады. 

Педагогикалық хакатонның басты мақсаты – білім беру жүйесін жаңғыртудың өзекті мәселелерін шешу, білім беру ұйымдарының өзара іс-қимылын нығайту және тиімді тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау. Биылғы шараның ерекшелігі – «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасына негізделуінде және қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналуында.

Педагогикалық хакатон бірнеше бөлімнен тұрды. Бірінші бөлім – «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы «Шабыт» жобасы аясында І.Жансүгіров атындағы №58 мектеп-гимназиясының жас талантты оқушыларынан құралған «Құлагер» театрының «Абай-Тоғжан» драмалық қойылымымен басталды. Келер ұрпақтың дүниетанымына, адамгершілігіне және руханилығына әсер еткен, Абайдың жастық шағына негізделген, ұлы ақынның жастық оты жанған талантты оқушылардың талантына жиналған қауым ерекше ықылас білдірді.

Биылғы додаға еліміздің 23 өңірінен команда қатысып, олардың арасынан Астана, Алматы, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Ақтөбе және Абай облыстарынан келген 10 команда екінші кезеңге жолдама алған еді. Соңғы нәтижеде үздік деп «Jana толқын» командасы (Астана қаласы), І дәрежелі дипломмен «Qazaq Mind» командасы (Маңғыстау облысы), ІІ дәрежелі дипломмен «Savebala командасы (Aқтөбе қаласы), ІІІ дәрежелі дипломмен «L-Art» командасы (Қарағанды қаласы) марапатталды.
Іс-шара барысында қатысушылар білім жүйесінің түйткілді тұстарын анықтап, мұғалімдер, ата-аналар және оқушылар арасындағы ынтымақтастықты арттыру тетіктерін талқылады. Сондай-ақ адамгершілік, рухани және отбасылық құндылықтарды дәріптеу мәселесіне назар аударылды. Педагогикалық хакатонның екінші бөлімі І.Жансүгіров атындағы №58 мектеп-гимназияда жалғасады.

Алтынгүл ОНОР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button