Елордалық оқушылар теміржол қауіпсіздігіне бағытталған жоба ұсынды

Астаналық оқушылардың өнертабысы теміржол қауіпсіздігін күшейтіп, төтенше жағдайдың алдын алуға сеп болуы мүмкін. Жас өнертапқыштардың жобасын сала мамандарының өзі оң бағалап отыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Пойызбен жүрген әр жолаушы рельс түйіскен сәттегі соққы дыбысын жақсы біледі. Бірақ оның салдары жайлы екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Мәселен, сол қатты соғылған соққының әсері темір жолдың тез тозуына тіпті, пойыз қозғалысы кезінде апаттық жағдайлардың туындауына да соқтыруы мүмкін. Осы мәселені шешіп, қауіпті сейілту мақсатында астаналық 11 сынып оқушылары жаңа жоба ойлап тапты. Ол соққыны азайтып, рельстердің беріктігін бұрыңғыдан да жақсартуға мүмкіндік береді. Жоба авторы — Дінмұхамед Матай мен Әмір Жәнібек. Олар ұсынған жоба шойын жолдың тозуын төмендетіп, пойыздың жүрісін қауіпсіз етеді.
— Біз Алматыға робототехника бойынша олимпиадаға бара жатқан едік. Жолда пойыз дөңгелектерінің рельс түйіскен жерлерінен шыққан дыбыстан ұйықтай алмадық. Сол кезде бұл өте қызық көрініп, дыбыстың неден шығатынын зерттей бастадық. Зерттеу барысында барлық рельстерді ауыстыру тиімсіз екенін түсіндік, сондықтан олардың арасына арнайы байланыстырғыш бөлшек орнатуды дұрыс деп шештік, — дейді жоба авторы Әмір Жәнібек.
Екінші автор Дінмұхамед Матайдың айтуынша, олар аймақтық және халықаралық деңгейдегі өнертабыстар олимпиадаларына қатысуды жоспарлап отыр. Бұл жобаның бірінші артықшылығы – жолаушылар қауіпсіздігін арттыру, екіншісі – шу деңгейін төмендету, ал үшіншісі – деформацияның азаюы.
Жасөспірімдердің «Теміржол рельстерін қосудың инновациялық технологиялары» атты жобасы қазақстандық патентке ие болды. Енді ол Женевадағы халықаралық тіркеуге жолданды.
-Пойыздан дыбыс не үшін шығады? Екі рельстің арасына температуралық саңылау қалдыру керек. Оны қалдырмасақ рельстер істен шығып, көтеріліп кетуі мүмкін. Біздің идеямыз сол температура саңылауын қалдырып және де рельстің үзіндісін үздіксіз жасап отырмыз. Яғни рельстің дөңгелектері саңылауға кіріп осындай дыбыс шығармайды, — дейді Физика пәнінің мұғалімі Арнұр Қазыбеков.
Инженерлік тұрғыдан өзекті жоба келешекте кәдеге жарауы мүмкін. Қазірдің өзінде бастамаға ҚТЖ компаниясы қызығушылық танытқан. Оқушылардың өнертабысымен сарапшылар танысып, ұлттық компания қолдау білдіруге әзір. Магистральдық желі дирекциясының басшылығы инженерлік тәсілді жоғары бағалап, жобаны дамытуға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Қол жеткізілген келісімдер аясында «ҚТЖ» жобаны жетілдіру үшін қажетті материалдарды ұсынатын болады. Жол және құрылыстар департаменті тарапынан жобаларды іске асыру кезінде оларды үйлестіретін тәлімгер бекітілді. Оқушылардың жобасы жолаушылар үшін де пайдалы. Өйткені ол пойыздағы шуды болдырмай, оның жайлы жүруіне көмектеспек.
				


