Зейнеткерлер арасында тоғызқұмалақ турнирі өтті
Астанада Нұра ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында зейнеткерлер арасында тоғызқұмалақтан турнир өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Ұлттық зияткерлік ойынды насихаттауға бағытталған шараға Есіл, Нұра және Байқоңыр аудандарының Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының қызмет алушылары қатысып, өзара бақ сынады.

Турнирдің басты мақсаты – ардагерлер арасында салауатты өмір салтын дәріптеу, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау және зейнеткерлердің белсенді қоғамдық өмірге араласуына мүмкіндік жасау.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстар ардагерлердің бос уақытын тиімді өткізуіне, ой-сананы сергек ұстауға және ұрпақтар сабақтастығын дәріптеуге ықпал етеді.

«Бүгін біз «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында 9 мамыр мерекесіне орай зейнеткерлеріміз арасында тоғызқұмалақтан турнир ұйымдастырып жатырмыз. Бұл жарыстың негізгі мақсаты – ардагерлерімізді қолдау, олардың белсенді өмір салтын насихаттау және ұлттық спортымызды дамыту», – деді Нұра аудандық Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жетекші маманы Бақыт Қайырбекқызы.
Турнир соңында жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар арнайы дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Шапағат ӘБДІР



