Тұрғындарға арналған заманауи кеңістік

Тұрғындарға арналған заманауи кеңістік

Соңғы жылдары Астана қаласында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған қоғамдық кеңістіктер көбейіп келеді. Солардың бірі – Нұра ауданында бой көтерген Greenline бульвары.

Greenline бүгінде заманауи урбанистика талаптарына сай жасақталған қоғамдық кеңістік ретінде ерекшеленеді. Бульвардың алғашқы кезеңі шамамен 3,8 гектар аумақты қамтиды. Мұнда жаяу жүргіншілер жолдары, велосипедке арналған арнайы бағыттар, жасанды су айдындары, демалыс орындары, серуендеу аймақтары мен түрлі сәулет элементтері бар. Ерекше атап өтетін нәрсе, балаларға арналған ойын аландары табиғи ағаштан жасалған. Ағаш материал пластикке қарағанда қауіпсіз, күннің ыстығында қатты қызбайды және балалар үшін қолайлы орта қалып­тастырады. Қарқынды дамып келе жатқан мегаполис үшін осындай жасыл аймақтардың маңызы зор.

Саябақта демалып жүрген елорда тұрғыны Әлихан Нұрбеков бұл жерге жиі келетінін айтады.

– Бұл жердің кеңдігі мен тазалығы ұнайды. Кешкі уақытта отбасымызбен серуендеп, таза ауа жұтуға жақсы мүмкіндік бар. Балаларға арналған алаңдар да ыңғайлы жасалған. Жақын арада құрылыс жұмыстары аяқталса, одан әрі көркейе түседі деп ойлаймын.

Жалпы алғанда, Greenline жобасы Астанадағы қоғамдық кеңістіктердің жаңа деңгейін көрсетеді. Бұл аллея тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасап қана қоймай, қаланың экологиялық дамуына да үлес қосып отыр.

Ақмаржан АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2-курс студенті