«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында елордада «Тәуелділікті спортқа айырбаста» атты әлеуметтік акция өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Белгілі спортшылардың, аудан әкімдігі өкілдерінің, құқық қорғау органдары мен прокуратура қызметкерлерінің, сондай-ақ қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының қатысуымен өткен акция Триатлон паркінде және Есіл өзенінің жағалауында ұйымдастырылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, зиянды әдеттердің алдын алу және жастарды дене шынықтыру мен спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту.
«Біз тұрғындармен, әсіресе жастармен кездесіп, пікір алмасамыз. Олардың арасында зиянды әдеттерге әуес жандар да бар. Біздің акциямыздың басты мақсаты – адамдарды зиянды тәуелділіктерден бас тартып, спортты таңдауға шақыру. Өйткені спорт – денсаулықтың кепілі, табысты әрі жарқын болашаққа бастайтын жол. Спортпен айналысқан адам физикалық тұрғыдан шынығып қана қоймай, мінезін де қалыптастырады, сенімді достар табады. Зиянды әдеттерден бас тартқан азаматтарға бокс қолғаптары, спорттық сөмкелер, гимнастикалық тіректер, йога төсеніштері секілді арнайы сыйлықтар табыстаймыз», – деді халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Гимнастикадан спорт түрлері федерациясының вице-президенті Ербол Жантықов.
Алматы ауданы әкімі аппаратының Ішкі саясат бөлімінің басшысы Айбын Айдынұлының айтуынша, мұндай іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді.
«Біз бұл акцияларды «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы және «Астана – есірткісіз қала» жобасы аясында Дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірлесіп ай сайын ұйымдастырамыз. Іс-шараларға полиция мен прокуратура қызметкерлері, сондай-ақ танымал тұлғалар қатысады. Сонымен қатар бүгінгі акция барысында қала тұрғындарына судағы қауіпсіздік ережелері туралы ақпараттық жадынамалар таратылды», – деді Айбын Айдынұлы.
Айта кетейік, Астанада есірткі қылмысына қарсы күрес бағытында кешенді жұмыс тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
#законипорядок #заңментәртіп