Манарбектің музыка мұрасы

Манарбектің  музыка мұрасы

Қазақ музыка және театр өнерінің тарихында Манарбек Ержановтың есімі алтын әріптермен жазылған. Ол актер, әнші, күйші, композитор ретінде отандық өнердің өрлеуіне өлшеусіз үлес қосып, халық әртісі атанды. Биыл – асқан өнерпаздың туғанына 125 жыл. Осыған орай жуырда Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерт ұйымы «Сайра, бұлбұл» концертін өткізді.

Манарбек 16-17 жасында-ақ Біржан сал, Ақан сері, Жарылғапберді, Естай, Шашубай әндерін шырқап, ауыл арасында айтыстарға қатысып, ел аузына ілікті. Өткен ғасырдың 20-жылдарының аяғында, қазақ театры енді ғана тәй-тәй қадам баса бастағанда өнер ошағына қабылданып, алғашқы актерлердің бірі болды. Манарбектің еншісіне сом бейнелерді сомдау бұйырды. Атап айтқанда, «Айман-Шолпанда» – Жарас, Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абайында» – Әзім, Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сарасында» Естай болып, сахнада жасын ойнатты. 1936 жылы Мәскеу­де өткен Қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігінде Евгений Брусиловскийдің опералары – «Қыз Жібектегі» Шегенің, «Ер Тарғындағы» Сақанның, «Жалбырдағы» Елеместің рөлін ойнап, көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. 1953 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақ филармониясында жеке дауыстағы әнші болып, халық ән өнерінде кең орын алатын терме, желдірмелерді, кең тынысты әндерді нақышына келтіре орындады. Сөйтіп, ұлттық өнердегі Арқа әні дәстүрінде өз мектебін қалыптастырды. Ал композитор ретінде «Жетісу», «Астанада», «Батыр жорығы», «Күсенбай», «Өрнек», «Шалқар көл», «Аққу көлі» күйлерін, хорға арналған «Партизан жорығы», «28 гвардияшы-панфиловшылар», «Жастар тойы», «Жастар әні», «Бейбітшілік маршы» атты шығармаларын, «Паровоз», «Амангелді», «Бақыт жыры», «Қуанамын», «Қойшының әні», «Әнші Біржанға», «Сайра, бұлбұл», «Шегенің термесі», т. б. төл әндерін соңына қалдырды.

Кеш барысында осындай туындыларды «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығының әртістері орындады. Соның ішінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ерлан Рыс­қали, Құмарбек Қалқатай, Медет Салықов, Нұрболат Арзамасұлы, Клара Төленбаева, күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Айтбаев, «Astana sazy» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі және өзге де танымал өнерпаздар қатысты. Кештің арнайы қонақтары Нұрболат Тапалов пен Берік Омаров қазақ халық музыкасы қорына енген шығармаларды ұсынып, концерт бағдарламасын толықтырды. Көрермендер баян, қылқобыз, сыбызғы және жетіген сияқты халық аспаптарының сүйемелдеуімен орындалған халық күйлері мен танымал шығармаларды тамашалады.