Астана қаласы Алматы ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында зейнеткерлерге арналған киберқауіпсіздік тақырыбында танымдық кездесу өтті. Іс-шараның мақсаты – зейнеткерлердің құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттырып, интернет кеңістігіндегі алаяқтық әрекеттерден сақтандыру жолдарын түсіндіру, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Кездесуге Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Аман Мұратпекұлы қатысып, орталық қызмет алушыларымен ашық форматта әңгіме өрбітті.
Кездесу барысында спикер интернет арқылы жасалатын алаяқтықтың кең таралған түрлері туралы айтып, азаматтардың жеке деректерін қорғау, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сақтықпен қарау, банк карталарының мәліметтерін бөгде адамдарға бермеу сияқты маңызды қауіпсіздік қағидаларына тоқталды. Сондай-ақ, қазіргі таңда жиі кездесетін киберқылмыстардың алдын алу жолдары мен олардан қорғану тәсілдерін түсіндірді.

Қатысушылар көтерілген тақырыпқа ерекше қызығушылық танытып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Полиция полковнигі әрбір сауалға жан-жақты жауап беріп, нақты мысалдар арқылы интернеттегі қауіпсіздіктің маңызын түсіндірді.
Шара барысында киберқауіпсіздік мәселелері, ақпараттық сауаттылықты арттырудың қажеттілігі және цифрлық технологияларды қауіпсіз пайдаланудың маңызы кеңінен талқыланды. Мазмұнды өткен іс-шара егде жастағы адамдардың құқықтық білімін толықтырып, интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етті.