Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында аса көрнекті композитор, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған «Ән аға – жан аға» жобасының аясында концерт өтті.
Кешті Ш.Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясы ұсынды. Бұған дейін Шымкент, Түркістан, Алматы, Қызылорда және Тараз қалаларында ұйымдастырылған «Ән аға – жан аға» жобасының басты мақсаты – қазақ музыка өнерінің көрнекті өкілі Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау, ұлттық мәдени құндылықтарды дәріптеу және композитордың әндерін жаңа көркемдік форматта ұсыну. Сондай-ақ сирек орындалатын әндерді қайта жаңғырту, композитордың өмір жолын таныстыру және жас ұрпақтың ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыру көзделген.
Көрермендер кештің алдында астаналық филармонияның фойесінен Шәмші тұтынған бұйымдарынан,
фотосуреттер мен кітаптардан құралған көрмені тамашалады. Концертте «Қазақ вальсі королінің» әндері жанды дауыста шырқалды. Композитордың бұрын жарияланбаған, мұрағаттан табылған өмірдерегі мен шығармашылығы туралы айтылып, әндерінің шығу тарихы баяндалды.
«Сүгір» атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен өткен кешке «Алаш» вокалды аспаптар ансамблі, «Фараб», «Ғасыр» би ұжымдары мен филармония әншілері қатысты. Сондай-ақ танымал әншілер Наркенже Серікбаева мен Хадиша Сейітова, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары «Сарын» тобы және Данияр Барыс, басқа да өнерпаздар өнер көрсетті.