Ыстық ұя. Курстастар. Аңсау

Ыстық ұя. Курстастар. Аңсау

...Сонау 1969 жылдың жадыраған жаз айы. Ару қала Алматыдағы біз әңгіме етіп отырған жоғары оқу орнының журналистика факультетіне құжатын тапсырған абитуриенттерге алғашқы емтихан шығарма жазудан басталды. Әлі есімде, «Еңбек ер атандырады» деген еркін тақырыпқа қалам тартқандардың қарасы мол болды. Олардың мықтылығын осыдан-ақ біле беріңіз.

Қоңыр күзде 50 ұл-қыз студент атанып, сол кездегі Талдықорған облысы Панфилов ауданы Пиджим селосына ауыл шаруашылығы жұмысына бардық. Күні бойы қырмандағы жүгері собығын қабығынан аршимыз. Байқаймын, курстас­тарымның бәрі де өздерінше «мықты». Шеттерінен классик, талант. Әлгі көпшілік айта беретін «сен тұр, мен атайынның» нақ өздері. Бәрі де бәйге атындай тыпыршыған жүйріктер. Бір-бірімен жарысып өлең оқиды. Несіпбек, Дәуітәлі, Мұхамедия, Аманжол, Асқар, Айтуған, Төлеген, Файзолла, Тұрсын, қайсыбірін айтарсың. Солардың көбі кейін елге белгілі азамат болып қалыптасты.

Қазіргі Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы орналасқан жайдағы аудиторияда алғаш рет дәріс тыңдадық. Әрі қарай ақынша айтсақ: «Жастық шақ бейне теңіз де, Алматы әсем қаламыз, Виноградов 88-де, болатын жатақханамыз». Тұрағымыз Никольск базарының дәл жанында орналасқан. Таң атпай соның жанындағы дүңгіршекке барып, «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», тағы басқа мерзім­ді басылымдарды сатып алып, сабақ үстінде бір-бірімізбен кезектесіп, жігіттердің шыққан дүниелерін тап бір өзіміз жазғандай болып, мақтаныш сезімімен оқып отырушы едік. Атақты «Қыз Жібек» кинофильмін алғаш біздің жатақханаға жақын «Целинный» кинотеатрынан (сол кездегі атауы) курстас жігіттер болып тамашалағанбыз.

Хош, сонымен бізге екі айдан кейін өндірістік тәжірибеден өтуге тура келді. Белгіленген талап бойынша шағын газет не болмаса брошюра шығаруымыз керек екен. Тобымыздың жетекшісі – Әбілфайыз Ыдырысов ағайымыз. Объект ретінде республикалық А.Жұбанов атындағы музыка мектебі таңдап алынды. Мақсат – ұжымның күнделікті тыныс-тіршілігін көрсету. Нәтижесінде «Өнер ұясы» атты тәп-тәуір ұжымдық кітапша дүниеге келіп, бір марқайып қалдық.

Ол кездері қазақтың көрнекті классик ақын-жазушыларының көпшілігінің көзі тірі. Болса да ақын-жазушылармен оқыр­мандардың кездесуі жиі өтіп тұратын. Сондай жүздесулерде С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Нұршайықов, Ә.Әлімжанов, Ш.Мұртаза, О.Сүлейменов, О.Бөкеев, Қ.Мырза Әли, Т.Молдағалиев сынды қаламгерлерді көргенімізді өзімізге әжептәуір мәртебе санайтын едік.

Мәдени-көпшілік орындарға бару да дағдыға айналған-тын. Әкем театр және балалар мен жасөспірімдер драма театрының репертуарындағы көптеген спектакльді тамашалаудың өзі мерекеге бергісіз сәт сияқты сезілетін. Әсіресе, Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-ана» атты қойылымынан алған әсерімізден көпке дейін айыға алмай жүретініміз әлі есте. Бірер мәрте ұстаз апайымыздың «Балет – өнер атаулының жауһары» деген сөзіне құлақ асып, Абай атындағы опера және балет театрына барып, қойылымды Тұрымтай апаймен бірге тамашаладық.

Заманымыздың заңғар жа­зушысы М.Әуезовтің музей-­үйінде ғалым Рахманқұл Бердібаев ағамыздың басшылығымен әрі ұйымдастыруымен «Халық университеті» жұмыс істейтін. Кезекті басқосуларға түрлі өнер иелерін шақырып, олармен жүздесіп, әңгіме-дүкен құратын. Академик, ғұлама ғалым Әлкей Марғұланмен өткен сондай бір мазмұнды кездесу әлі күнге дейін ұмытылмастай болып жадымда қалыпты. Эстет ұстаз Бақтажар Мекішев ағаның басқаруындағы «Жеті муза» қоғамы студент-жастарды әсемдікті, әдемілікті сүйе білуге баулитын. Бұлбұл көмей әнші Бибігүл Төлегенова мен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтының (сол кездегі аты, қазір ұлттық университет) «Айгүл» вокалды-аспапты ансамблін қонаққа шақырып, құлақ құрышын қандырғанын қалай ұмытайық?

Өткен күндерден аудиториядағы қызықты дәрістер мен оларды өткізген аяулы ұстаздарды әлі күнге дейін ынтызарлықпен еске аламыз. Бес жыл бойы бізге Мәлік Ғабдуллин, Қайыржан Бекқожин, Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев, Мырзатай Жолдасбеков, Белгібай Шалабаев, Абдул-Хамит Мархабаев, Зейнолла Серікқалиев, Рамазан Сағынбеков, Қапан Қамбаров, Роза Қайырбаева, Морозова, Бағызбаева, Саголович, Мадзигон, Железнов сынды оқытушылар сабақ берді. Айту керек, осы жылдар ішінде сабақтар өте жүйелі әрі сапалы жүргізілді. Соған сәйкес, оқытушылар тарапынан қойылған талап та жоғары еді. Шалғай ауылдан келген біздің алғашында қатаң тәртіптен қиналған да жайымыз болды. Алайда көндік, шыдадық. Себебі ол кісілер біздің алдымыздан мүлдем бөлек, бейтаныс әлемнің есігін ашты. Сондықтан оларға мың алғыс!

Енді аяңдап курстастарға келейік. Біразын жоғарыда атап өттім. Бірге оқыған қыздар мен жігіттердің ішінен небір шашасына шаң жұқтырмас жүйріктер шыққанын мақтан тұтамыз. Бұл күндері атағы алысқа тараған төл өнеріміз – айтыстың бағын ашқан айтулы ақын, марқасқа азамат Жүрсін Ерманды алты Алашта кім білмейді?! Тұрсын Жұртбайдың орны ерекше. Жанболат Аупбаев сынды журналистика жұлдызы, Намазалы Омашев секілді БАҚ сарапшысы, Сәулебек Жәмкенұлыдай талантты журналист, Халықаралық ақпарат академиясының академигі, әділет полковнигі, құқық қорғау органының ардагері Есенқұл Сафуанидей заң тілінің заңғары, ресми аударма саласының білгірі әлі де саптан қалған жоқ, өмір ағынының үнемі алдында келеді. Арамыздан шыққан үш ғылым докторының екеуі бұл күнде академик, әртүрлі құқық қорғау органдарында қызмет істеген шенділеріміздің өзі төртеу. Әрқайсысы белгілі тұлғаға айналған олардың жүріп өткен өмір жолы өнегеге толы.

Кейінгі кездері сол бір аяулы, қызықты күндерді, ыстық ұяны, курстастарды жиі есіме аламын, аңсайсың, әрине. Сағыныш болар, бәлкім...

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

КазГУ-дің 1974 жылғы түлегі