Қазақстан үшін ең өзекті мәселелердің бірі – су тапшылығы. Мамандардың айтуынша, елдегі су қорының 45 пайызы сырттан келетін су көздеріне тәуелді. Климаттың өзгеруі, жасыл шардың жылынуы, халық санының артуы және су ресурстарына түсетін жүктеменің көбеюі жағдайды одан әрі күрделендіріп отыр.
Ел экономикасын тұрақты дамытуға да су тапшылығы қатты кедергі келтіруде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтырып отыр. Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес» деп кесіп айтқаны – соның дәлелі.
«Судың да сұрауы бар» деген нақыл сөздің өзі қазақ халқының табиғатқа аса жауапкершілікпен қарағанын аңғартып тұр. Көшпелі өмір салтын ұстанған халқымыз өзен-көлдерді ластамауға, бұлақтың көзін ашып, суды ысырап етпеуге бұрыннан айрықша мән берген. Десе де шаруашылық тәсіліміздің өзгеруі мен қалалану үдерісінің жеделдеуі су ресурстарына түсетін жүктемені арттырды. Бүгінде халық санының өсуі, өндіріс пен ауыл шаруашылығының кеңеюі сияқты факторлар тұщы су қорын сақтауды маңызды мәселеге айналдырып отыр. Сондықтан ата-бабадан қалған табиғатқа жанашырлық қағидаларын заман талабымен ұштастырып, суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру – әрбір азаматтың ортақ міндеті.
Қазір еліміздегі республикалық маңызы бар қалаларда бір адамға шаққандағы су тұтыну көлемінің төмендей бастағаны байқалады. Бұл тұрғындардың су ресурстарын ұқыпты пайдалануға бейімделіп келе жатқанын білдіреді. Әсіресе елордада бұл бағыттағы оң өзгерістер анық көрінеді. Мәселен, Астанада 2024 жылы бір тұрғынның жылдық орташа су тұтыну көлемі 70,9 текше метрді құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 67,8 текше метрге дейін азайған. Яғни бір жыл ішінде су пайдалану көлемі бірнеше текше метрге қысқарған. Осындай үрдіс еліміздің өзге ірі қалаларында да байқалады. Алматыда бір адамға шаққандағы жылдық су тұтыну көлемі 73,3 текше метрден 69,1 текше метрге дейін төмендесе, Шымкент қаласында бұл көрсеткіш 63,7 текше метрден 62,5 текше метрге дейін азайған. Мамандар мұндай өзгерісті қоғамдағы су мәдениетінің біртіндеп қалыптасуымен байланыстырады. Бұрын су үнемдеу мәселесі көбіне экология тақырыбы ретінде қарастырылса, бүгінде ол әр отбасының күнделікті тұрмысына қатысты маңызды мәселеге айналып келеді. Тұрғындар су ресурстарының шексіз емес екенін түсініп, оларды үнемді пайдаланудың маңызын сезіне бастаған.
Ерекше атап өтетін бір түйін, суды ұқыпты пайдалану мәдениетін қалыптастыру мақсатында елімізде кең көлемді ақпарат-түсіндіру жұмысы жүргізілуде. Нақтылап айтқанда, су ресурстары саласына жауапты мекемелер халық арасында тұрмыс жағдайында суды үнемдеудің қарапайым әрі тиімді жолдарын насихаттап келеді. Осы мақсатта арнайы әдістемелік ұсынымдар әзірленіп, тұрғындарға әртүрлі ақпарат материалдары дайындалған. Аталған материалдар республика бойынша көптеген қоғамдық орындарда орналасқан. Олардың қатарында әуежай, теміржол вокзалы, автовокзал, сауда, ойын-сауық орталығы, сондай-ақ білім беру мекемесі бар. Жұмыстар Астана, Алматы және Шымкент қалаларымен қатар барлық облыс орталығын қамтып отыр.
Су мәдениетін қалыптастыру тек ересектерге ғана емес, жас ұрпақтарға да бағытталған. Осы мақсатта елімізде «Суды үнемде – болашақ үшін сақта!» атты жоба жүзеге асып жатыр. Негізгі мақсат – балалар мен жастардың табиғи ресурстарға жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру және су қорын сақтаудың маңызын түсіндіру. Жоба аясында мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында ашық сабақтар, экологиялық сағаттар мен танымдық кездесулер ұйымдастырылып келеді. Мұндай іс-шараларға министрлік өкілдерімен қатар, халықаралық ұйымдардың мамандары, шетелдік дипломаттар және қоғам қайраткерлері қатысып, жастармен пікір алмасады. Нәтижесінде миллиондаған оқушы мен студент су ресурстарын қорғаудың маңызы туралы қосымша ақпарат алуға мүмкіндік алды.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, бастама іске қосылғалы бері еліміз бойынша 3,3 миллионнан астам білім алушы қамтылған. Бұл көрсеткіш жастар арасында экология мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жұмыстардың ауқымын көрсетеді. Мамандардың пікірінше, су тапшылығының алдын алуда әр азаматтың жауапкершілігі ерекше маңызды. Сондықтан су мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді. Жыл соңына дейін Астана сияқты ірі қалалардар педагогтарға арналған арнайы әдістемелік ресурстар әзірлеу, сондай-ақ су үнемдеу мәселелеріне арналған республикалық деңгейдегі ата-аналар форумын өткізу жоспарланып отыр.
Суды үнемдеу – тек бүгіннің емес, болашақтың да мәселесі. Сондықтан әрбір үнемделген тамшы су – еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосылған үлес. Ал Астанада байқалып отырған оң үрдіс қоғамда суға деген жауапкершіліктің артып келе жатқанын көрсетеді. Бүгінде су мәдениеті экология бастамасы ғана емес, тұрақты дамудың маңызды бөлігіне айналған.
Таңсұлу АМАНГЕЛДІ,
SDU университетінің 2-курс студенті