Жаз мезгілі – балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын мазмұнды өткізіп, рухани дүниесін байытуға таптырмас мүмкіндік. Осы мақсатта Астана қаласы “Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі” №10 көпшілік кітапханасы жанындағы ашық алаңда «Оқы, ойлан, бөліс!» атты кітап алмасу акциясы ұйымдастырылып, оқырмандарды кітап әлеміне жақындатар тағылымды іс-шараға айналды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жазғы демалыс уақытында оқырмандардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, кітап алмасу мәдениетін қалыптастыру және қоғамда кітаптың құндылығын насихаттау. Жиын өтетін алаң ерекше талғаммен безендіріліп, келушілерге жайлы әрі шығармашылыққа шабыт беретін орта жасалды. Ашық аспан астында автокөлік дөңгелектерін қайта өңдеу арқылы жасалған түрлі түсті орындықтар қойылып, табиғатты аялау мен экологиялық мәдениетті насихаттайтын ерекше кеңістік қалыптастырылды. Балалар мен жас оқырмандар сол жерде еркін отырып кітап оқып, өзара пікір алмасып, әдеби шығармалар төңірегінде ой бөлісті.

Алаңдағы сәнді кітап сөрелеріне қазақ және әлем әдебиетінің таңдаулы көркем туындылары, балаларға арналған ертегілер мен хикаяттар, танымдық және ғылыми-көпшілік басылымдар қойылды. Әрбір келуші өз талғамына сай кітап таңдап, бұрын оқып шыққан шығармасын өзге оқырманға ұсынып, орнына жаңа кітап алып, әдеби қазынамен танысуға мүмкіндік алды. Кітап алмасу барысында қатысушылар сүйікті шығармалары туралы әсерлерімен бөлісіп, бір-біріне қызықты кітаптар ұсынып, оқуға кеңес берді. Мұндай еркін форматтағы кездесулер оқырмандар арасындағы мәдени байланысты нығайтып қана қоймай, кітапқа деген құрмет пен оқуға деген ынтаны арттыра түсті.
Акцияның тағы бір ерекшелігі – экологиялық мәдениетті дәріптеуі. Қайта өңделген материалдардан жасалған жиһаздар мен безендіру элементтері табиғатқа жанашырлықтың жарқын үлгісіне айналып, жас ұрпаққа қоршаған ортаны қорғаудың маңызын ұғындырды. Осылайша кітап пен экологиялық тәрбиені ұштастырған бастама көпшілік тарапынан жоғары бағаланды. «Оқы, ойлан, бөліс!» кітап алмасу акциясы қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, кітап арқылы достықтың, ізгілік пен рухани байланыстың нығаюына ықпал етті. Мұндай игі шаралар жас буынның кітапқа деген сүйіспеншілігін арттырып, оқу мәдениетін қалыптастыруға, ой-өрісін кеңейтуге және ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеуге қызмет етеді.
Кітап – ұлттың рухани қазынасы. Ал осындай тағылымды бастамалар сол қазынаны келер ұрпаққа жеткізудің және кітап оқитын қоғам қалыптастырудың маңызды қадамы екені сөзсіз.